Құдай қазаққа бәрін молынан берген. Талантты да аямаған. Тек олардың Құдайдың берген талантын іске асыра алмай, жоғалтып жүрген жайы бар. Егер осындай талантты еврейге берсе, оны 100 пайыз пайдаланар еді. Ал, неміс оның 80-90 пайызын жаратар. Орыстың да дарақылығы өз басына жетерлік, сондықтан ол 60 пайызын пайдаланар. Ал қазақ Құдай берген талантының 30 пайызын пайдаланса, соның өзі ғанибет. Соны пайдаланбай жүр. Ал жалпы қазақ жөнінде пікірім өте жоғары. Көп қасиеттерін жоғары бағалаймын. Әсіресе, шетелдеге, Германияға барғанда неміс жазушыларының, депутаттарының алдында сөйлегенде ылғи қазақтың ерекше халық екенін баса айтамын.

Енді не жептей тұр қазаққа? Өзінің байлығын өзі бағалай алмағандығы, ысырапшылдығы, сосын еліктегіштігі. Ауылдан келе сала француз я ағылшын не неміс боламын дейді. Қазақ қазақ болып қалуы керек. Қазақ болғаннан артық ештеңе жоқ. Сонда ғана ұтылмайсың. Бәрібір сенен француз, ағылшын не неміс шықпайды. Ал қазақтығыңды сақтап қалсаң, міне, азамат, бүкіл дүниежүзі алдында өзіңнің адамдық қасиеттеріңді сақтап қаласың дегенді мен осыған дейін тоқсан тоғыз рет айтқанмын, міне, бүгін сізге жүзінші рет қайталап отырмын.

Қазір менің ұйқымды қашырып, мазалайтын нәрсе көп. Оның бірі – жоғарыда аздап тоқталып өткен қазақтығыңды, қазақтың менталитетін сақтап қалу, тіл мәселесі. Өйткені қазақтар қазір қалай болса солай сөйлейтін болды. Өзге тілдерді араластырып, ботқа жасайды. Сол жағы қатты ойлантады. Бұл келешекте қалай болар екен? Екінші, мені мазалайтын қазақ тілінің ерекшелігі, көркемдігі көп айтылғанмен қазақша сөйлеу мәнері жоғалып келе жатыр. Менің түсінігімде қазақша еркін сөйлегендер Әбіш Кекілбаев, Асқар Сүлейменов, Қайрат Жұмағалиевтердің шешелері. Сол сияқты нағыз қазақы әуенмен мақалдатып, мәтелдетіп, ұйқастырып, қазақтың бұрынғы бишілерінше еркін көсіліп сөйлейтін адамдар жоқтың қасы. Қазір олар саусақпен санарлық. Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауиндер бар, марқұм Ақселеу Сейдімбек сөйлейтін. Қазір жапа-тармағай орысы, кәрісі, немісі бар қазақша сөйлейміз деп жатыр ғой. Бәрінің тілі жұпыны, өйткені қазақтардың өздерінің жұпыны. Мен де жалпы тәуірлеу жазғаныммен еркін көсіліп сөйлей алмаймын. Еркін, көремдеп сөйлейтін адамдар азайып келеді. 5000-100 000 сөз сақтап қалармыз-ау, бірақ ол тілдің байлығы емес, қазақтың сөздік қорында миллиондаған сөз бар. Оның бәрін қиыстыра, ойната білу үлкен өнер. Абайдың сөзін жұрттың көбі түсінбейді, оқи алмайды. Немістер де Гете деп қақсап жүреді, бірақ оны оқымайды, түсінбейді. Олар да тілін алашұбарлап әбден бүлдірген. Осы мені мазалайды.

Қазақ газеттерінің тұрақты оқырманымын. Қазақ журналистерінің көбі талантты. Әсіресе таңғалдыратыны – қазақтың журналист қыз-келіншектері. Олардың бәрі пікірін ашықтау, ащы айтады, қорықпайды. Бұл – мақтаныш. Қайта біздің жазушы, журналист жігіттер жағында өз көлеңкесінен өзі қорқып жүргендер көп. Тығырықтан түбінде қазақтың қыз-келіншектері алып шығады-ау деймін...

Гүлнар Жұмабайқызының "Өмір өткелдері" кітабынан

qazaqtimes.com