Әлемде материалдық құндылықтардың ішінде ақша мен алтыннан басқа бағалы тастардың да ерекше сұранысқа ие екендігі белгілі. Тіпті кей бағалы тастар белгілі бір мемлекеттің, патшалықтың ұлттық құндылығына да айналған. Кейбіреулерінің бағасы бірнеше миллион, миллиардтармен есептелсе, енді біреулерінің құнын есептеу мүмкін емес, баға жетпейді.
Назарларыңызға қазіргі таңда жер бетіндегі ең бағалы тастардың бесітігін ұсынамыз.
5. De Beers Centenary: De Beers компаниясына тиесілі
Тастың атауы «Жүзжылдық» деген мағына береді. Түссіз келген, салмағы - 273,85 карат. Арнайы өңдеу жұмыстарының нәтижесінде тастың 273 бұрышы бар. Бүгінде мамандар бұл тасты 90 миллион долларға бағалап отыр.
4. Hope Diamond: жақсы өмірдің үміті
«Көгілдір француз» немесе «Үміт» аталмыш тас өзінің ерекше түсімен танымал. Осы секілді тас бұрын соңды кездеспеген және тағы табылуы да екіталай. Бұл тас өзінің терең тарихымен де бағалы. Бүгінгі нарықтағы бағасы 45,52 карат салмақпен 200 миллион долларға бағаланады.
3. Куллинан: әлемдегі ең үлкен бағалы тас
Куллинан аталған әлемдегі ең үлкен бағалы тас ең қымбат тастардың рейтингісінде үшінші орынға ие. Бұл тас 1905 жылы табылған. Көлемі 530,2 карат. Осыған шамалас тек «Алтын мерейтой» атты тас бар. Бір жарым ғасырлық тарихы мен ең үлкен салмағының арқасында бағасы - 2 миллиард долларға жеткен.
2. Санси: ортағасырлық аңызға айналған бағалы тас
Еуропалық халықтардың тарихындағы ең бағалы тас. Ашық сары түсті тастың салмағы 55,23 карат болғанына қарамастан, әлемдік нарықта өзінің құнын жоғалтқан емес. Тарихқа көз жүгіртсек, тас Үндістанда табылған, бірақ бірнеше ғасыр бойы француз халықтарының ұлттық құндылығы ретінде есептеліп келген. Бүгінде бұл бағалы тас Луврда сақтаулы. Ал Сансидің бағасын анықтау мүмкін емес болып отыр. Яғни еш ақша мен бағалы зат оның құнына сай келмейді.
1. Кохинур: Британия мен Елизавета патшайымның мақтанышы
Бұл ақ тастың салмағы 105,6 карат және Ұлыбританияның патшайымы Елизаветаның тәжінің көркін ашып тұр. Тарихына үңілсек, тас сонау 1300 жылдардан бері келе жатыр. Ал кей аңыздарда оның одан да ұзақ тарихы бар екендігін айтылған. Санси секілді бұл тастың да бағасын есептеу мүмкін емес.
The Qazaq Times