2022 жылғы шілдеде Нөкістегі жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды деп танылған қарақалпақ белсендісі Дәулетмұрат Тәжімұратовтың мүддесін қорғаушы ташкенттік адвокат Сергей Майоров Өзбекстан президентіне, бас прокурорға және ішкі істер министріне бейнеүндеу жолдады. Бұл туралы Орталық Азия жаңалықтар қызметі жазды.

Заңгер үндеуде оның қорғауындағы азаматты түрмеде ұрып-соғып, оны мазаққа айналдырғанын айтты.

"6 сәуірде Тәшкентке жеткізген күні оның шашын тықырлап алып тастады. Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ, сол себепті ол кінәсі дәлелденген қылмыскерге жатпайды. Бұлардың істеп отырған әрекеті - заңсыздық. Соған қарағанда, оған камерада күн бермеу жөнінде биліктен тапсырма түскен болуы керек. Оған мақтасыз, жыртылған, ескі матрас берген. Сасық жастық пен ағал-жағал тыс әкелген. Камераны тазалауды бұйырған, бірақ сыпыртқы, шелек және шүберек бермеген. Ештеңе бермеген.

Оның қасына халық арасында "жалбыр шаштылар" деп аталатындарды орналастырған. Олар физикалық және психикалық қысым көрсетіп жатыр. 6 сәуірде Жоғарғы сотқа іспен танысуға алып келген уақытта ол өз құқықтарын қорғағысы келген, бірақ айдауылдар оның қолын бұрап, ұрып-соққан. Камерада да ұрған, өйткені ол заңсыз әрекеттер жасауға келіспеген", – дейді адвокат Сергей Майоров бейнеүндеуде.

Тәжімұратовтың адвокаты апелляциялық сот әлі өтпегенін, үкім күшіне енбегенін ескертіп, президент Шавкат Мирзияевтан Дәулетмұрат Тәжімұратовты ұрып-соғуды, мазақ етуді доғаруды сұрады.

Еске салайық, биыл 31 қаңтарда Өзбекстандағы сот "Ел қызметінде" газеті бюросының адвокаты Дәулетмұрат Тәжімұратовты 16 жылға соттады. Сот оны "Өзбекстанның конституциялық құрылымын құрту немесе билікті басып алу мақсатында сөз байласты" және "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деп таныды. Бұған қоса сот Тәжімұратовты "ақша жымқыру", "ақша заңдастыру" баптары бойынша кінәлі деп тапты. Соттағы сөзжарыста прокурор Тәжімұратовты 18 жылға соттауды сұраған.

Сонымен бірге, сот үкімімен Дәулетмұрат Тәжімұратов 228,8 миллион сум (20 мың доллар) шығынды өтеуі тиіс.

Ресми Ташкент былтыр жазда Өзбекстан Конституцияның жаңа жобасын жариялағаннан кейін Қарақалпақстанда наразылық басталды. Себебі Қарақалпақстанның Өзбекстаннан шығу құқығы мен оның егемендік мәртебесі ата заңнан түсіп қалған.

Нөкістегі баскөтеру тәуелсіз Өзбекстан тарихында 2005 жылғы Әндіжан оқиғасынан кейінгі ең қанды оқиға болды. Өзбек билігінің ресми ақпаратынша, Нөкістегі наразылық кезінде 21 адам қаза болып, 243 адам жараланды. 500 адам ұсталды.

Қарақалпақстандағы жаппай баскөтеруден соң ресми Ташкент конституциялық заң жобасындағы даулы өзгертулерден бас тартты. Билік жағдайды ушықтырды деп "сыртқы күштерді" айыптады.

Халықаралық Human Rights Watch (HRW) ұйымы 2022 жылғы 1-2 шілдеде Қарақалпақстандағы оқиғалар барысында билік бейбіт халыққа қарсы күш қолданды, соның салдарынан көптеген адам қаза болды немесе жараланды деп хабарлаған. Жүздеген адам ұсталған, солардың арасында белсенді Дәулетмұрат Тәжімұратов та болды. Биліктің мәлімдеуінше, белсенді көпшілікті шеруге үндеген.