Ресей мен Батыс арақатынасы шиеленісті күйде тұр. Украина ресмилерінің мәліметінше, шығыс шекарасына жақын Ресейдің 100 мыңға жуық әскері топталып тұр. Көптеген Батыс елдері, соның ішінде НАТО мүшелері Ресей ұйымға үміткер Украинаға ауқымды басып алу шабуылын жасайды деп алаңдайды. Бірақ, қазіргі шиеленістің ауқымдылығынан мәселе бір ғана Украинаға ғана тіреліп тұрмағанын көрсек болады.
Бұдан бұрын мәселені алдын-ала талқылау үшін Байден мен Путин онлайн жүздескен еді. Алайда, бұл жеткілікті болмағандай, кеше Ресей мен АҚШ президентті бір сағаттан астам уақыт телефон арқылы сөйлесіп, тағыда қайшылықты қақтығыссыз шешуге болатын, болмайтынын талқылады. Кейбір ақпарат құралдары, соның ішінде BBC де бұны жанжалды басу үшін жасалған соңғы әрекет деп те бағалап отыр. Айтпақшы, кезекті телефон диалогы Мәскеудің ұсынысымен болғанын да айта кетелік.
Сөйлесу кезінде Путин америкалық әріптесіне Украина мәселесі бойынша жаңа санкцияларды кіргізу мәмілелердің толығымен бұзылуына алып келетінін ескерткен. Тіпті, Кремль басшысы санкция кіргізуді «үлкен қателік» деп бағалаған.
Байден де өз кезегінде Құрама Штаттар мен оның серіктері Украинаға ауқымды басып алу әрекеті болған жағдайда қатаң түрде жауап қайтаратынын айтты.
Былайша айтқанда, сөйлесу кезінде екі лидер де бір-біріне ескертулер жасаған. Бірақ, Путиннің сыртқы саясат бойынша кеңесшісі Юрий Ушаков Ресей президентінің кезекті сөйлесудің нәтижесіне «разышылық» білдіргенін айтыпты. Оның айтуынша бұл сөйлесу алдағы келіссөздерге қолайлы шарт дайындап берген екен.
Диалогтың толық нұсқасы ақпарат құралдарына бірдей қолжетімді болмасы анық, дегенмен Ақ үй тарабы Кремльден көрі бұндай мәліметтерде «жомарттық» танытады. Ақ үй баспасөз өкілі Жен Псаки сөзінде: «Президент Байден бұндай диалогтардағы маңызды ілгерілеушілік тек қайшылық бәсеңдегенде ғана болатынын айтты... Ал, Ресей Украинаға одан ары кіріп бара жатқан болса, АҚШ серіктерімен бірге қатаң жауап қайтарғалы отырғанын ашық айтты», – деді.
Ресей өзінің топталып тұрған армиясы туралы берген түсініктерінде Украинаны басып алу жоспарының жоқ екенін қайталап келеді. Мәскеудің мәлімдеуінше олар қалыпты әскери жаттығу әрекеттерімен айналысуда, әрі өз әскері өз шекарасында қандай әрекет жасауға ерікті екенін қосымшалайды.
Тараптар 10 қаңтардан бастап Женевада бетпе-бет келіссөзге отырады. Бұл келіссөз Ресей-АҚШ, НАТО-Ресей, Ресей-ЕЫҚҰ арасында бөлек-бөлек өтеді. Қазір, көптеген елдің ақпарат құралдары «Ресей-Украина арасында соғыс бола ма?» деген сұрақ төңірегінде талқы болып жатыр. Бұның жауабы да аталған келіссөздер белгілегелі тұр. Ресей мен Батыс қандай да бір келісімге келе алған болса қақтығыстың ауылы алыстамақ. Дегенмен, біз соңғы кезде Кремль саясатының барынша агрессивті түс алғанын көріп отырмыз.