Өткен аптадан бері көптеген елдің ақпарат құралдарында «болады –болмайды», «келіседі – келіспейді» дегендей түрлі жорамалдар жасап, қызу талқыланған АҚШ пен Қытай лидерлері арасындағы бейне жүздесу ақыры болды. Уашингтон уақытымен дүйсенбінің кеші (бізше бүгін, 16 қараша таң сәріде) Жоу Байден мен Ши Жинпиң (Си Цзиньпин) онлайн саммит өткізді. Екі ел басшысы бұдан 8 сағат бұрын үш жарым сағаттық онлайн сөйлесуді аяқтады.
Расын айтқанда, бұл Байден президент болып келгеннен бергі Уашингтон мен Бейжің арасындағы алғашқы ауқымды диалог. Қожырап тұрған екі екі қатынасының ең бір қайшылықты кезінде өтіп жатқан саммиттен екі елдің де пәлендей бір келісім нәтижесін күтпегенін осыған дейін де айтып едік. Кездесудегі тараптардың ауызекі мәлімдемелері, нәтижесі туралы ресми қорытындылар әлі де айтылған жоқ. Бірақ, талқыланған мәселелер белгілі болды. Сонымен, Байден мен Ши нелерді талқылады? Алдымен соларды атап өтейік те, артынша күй-шанағымыздың жеткенінше қаузайық.
Байден-Ши саммитінің негізгі талқы тақырыптары мыналар:
Тайуан (Тайвань) мәселесі, сауда, технология, олимпиада тақырыптары; Қытайдың ядролық арсеналын кеңейтуі, зымыран қуатын арттыруы; Пандемияға қарсы ынтымақтастық; Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жобасы мен Американың B3W жобасы қатарлы тақырыптарды негіз етті.
Тараптар арасындағы келіспеушіліктер қатарында Хоң-коңдағы (Гонконг) адам құқығы мәселесі де бар еді. Алайда, бұл диалог екі ел қатынасының әне-міне үзіліп кете жаздап тұрған кезіне тұс болғандықтан, Қытайдың шамына тиетін және АҚШ-тың ұстанымына саятын тым нәзік мәселелер негізгі тақырыптардан кейінге ысырылды.
Тайуан мәселесі:
Байден онлайн жүздесуде Қытайды Тайуан мәселесі бойынша айыптап, үркітіп-қорқыту үшін әскери операцияларды күшейтіп отыр деді. Әрі, Құрама Штаттар өз заңына сәйкес Тайуанды қорғау үшін қару-жарақпен қамтамасыз етуге міндетті екенін айтты. Ши болса Тайуан туралы Бейжіңнің түбірлі ұстанымын тағы да қайталап, «Атономиялы Тайуанның Қытайдың бір бөлігі екенін» және «Тайуанды күшпен біріктіруді жоққа шығармайтынын» да ескертті. АҚШ-тың Тайбеймен қарым-қатынасты дамытуы және оны «қорғаймыз» деген ұстанымы Бейжіңді алаңдатып отырғаны да жүздесуде айтылды.
Анығында, АҚШ-тың Тайуан туралы, оны Қытайдың шабуылынан қорғау туралы ашық-айқын саясаты да, қарулы басып алудан түбегейлі қорғау туралы уәдесі де жоқ. Тайуан – АҚШ-Қытай ортасындағы ең күрделі мәселе, онда Құрама Штаттардың белгілі деңгейде шарасыздығы да жоқ емес. Бейжіңмен жасасқан тарихи келісімдері бойынша Уашингтон Тайбеймен тең деңгейлі дипломатия құруына жол берілмейді. Тек, Қытай іргесіндегі осы бір шын мәнісіндегі демократия аралын қорғауға «Тайуан мәселесі туралы» заңы ғана белгілі мүмкіндіктер береді. Осыларға қарағанда, АҚШ-тың Тайуан саясаты әлі де «стратегиялық болжаусыз» күйде. Дегенмен, мемлекеттік хатшысы Блинкен: «Егер Қытай Тайуан бұғазындағы статус-квосын қарулы күшпен өзгертуге әрекет етсе, Уашингтон мен оның одақтастары «болжанбаған әрекеттерге» барады», – деген еді.
Қытайдың ядролық арсеналы мен зымыран қуатын арттыруы мәселесі
Соңғы уақытта АҚШ Қытайдың ядролық арсеналын жылдам кеңейтуіне және гипер дыбыстық қару жүйелері деп атайтын сынақтарына көбірек алаңдап отыр. АҚШ биыл Британ және Аустралиямен қауіпсіздік жөніндегі келісім жасасып, Қытайдың Тынық мұхиттағы ең жақын қарсыласы Аустралияға ядролық суасты кемелерінің технологиясымен бөлісті. Өз кезегінде бұл оқиға үлкен дүмпу тудырды, Бейжіңді де алаңдатқан.
Тек бұл ғана емес АҚШ Үнді-Тынық мұхит стратегиялық аймағындағы қауіпсіздікке байланысты стратегиясын қайта пысықтап, Жапония, Аустралия, Үндістанды қамтыған «Төрттік диалог» ынтымақтастығын дамытып жатыр. Тап осы ынтымақтастық болашақта аймақтағы жаңа «НАТО»-ға айналуы мүмкін деген болжамдар да бар. Бейжің өз ретінде осының бәріне алаңдаушылығын білдіріп, кейбір әрекеттерін айыптаған да. Ал, АҚШ пен Қытайдың әскери күштері арасындағы диалог тым төмен деңгейде және оның өзі тек қарулы-қақтығыстың мүмкіндігін азайтуға тырысып келеді.
Сауда және технология тақырыбы
АҚШ-Қытай ортасындағы басты қайшылық қатарында бұл екеуі де бар және маңызды орында. Әу баста тараптардың терең теке-тіреске кетуіне осы технология мен сауда мәселесі жол ашқан. Трамп тұсында, естеріңізде болса, сауда соғысы бұрық етіп, тараптар бір-бірінің тауарларына тарифтер қойып, соңы саяси қайшылыққа дейін ұласып кетіп еді. Қытай қазір екі ел ортасындағы сауда келісіміндегі көптеген міндеттемелерін орындауға ниетті емес, тіпті кейбір сатып алуға, өз нарығына шығаруға міндетті америкалық тауар мен қызмет өтеу кәсіптерінен бас тартып та отыр.
Соған қарамастан, Бейжің билігі Трамп тұсындағы Қытай тауарларына қойылған кедендік тарифтерді алып тастауды талап етіп отыр, әрі ол үшін бұл екі елдегі инфляция деңгейін азайтып, жұмыспен қамтуға көмек береді деген уәж айтады.
Ал, екі ел ортасындағы технология бәсекесінен келіп шыққан қайшылық тіпті күрделі, сала-салаға бөлініп, тармақтарға таралып кеткен. Қазірдің өзінде технология соғысы жалғасып жатыр. Айталық, қытайлық Huawei Technologies, DJI Innovations ұшқышсыз аппараты, SMIC және бақылау жабдықтары алыбы Hikvision әлі де АҚШ ұлттық қауіпсіздігінің қара тізімінде.
Олимпиада ойындары
АҚШ пен Қытай ортасында Олимпиаданың спорттық ойындары да саяси мәнге ие болып тұр. Байден мен Ши ортасында бұның талқылануына Гонконг пен Шыңжаңдағы адам құқығы мәселесінің қатысы бар. Келесі жылдың ақпан айында Бейжіңде қысқы Олимпиада ойындары өтеді. Бұл спорттық жарысқа АҚШ Конгресі Шыңжаңдағы ұйғырлар мен басқа этникалық мұсылмандардың «геноцидіне» байланысты дипломатиялық бойкот жариялауға шақырған-ды. Өткен аптада Блинкен Уашингтон кейбір елдермен осы мәселені талқылап жатқанын айтты, бірақ нақты қандай шешімді, қай кезде қабылдайтыны әлі анық емес.
Жаңа тәж тәрізді вирус пандемиясы кезіндегі ынтымақтастық
Бұрынғы президент Трамп Covid-19 вирусын «Қытай вирусы» деп те атап, пандемияның әлемге кең тарап кетуіне Қытайды айыптап бірнеше рет мәлімдеме жасаған. Ал, вирустың қайдан пайда болғаны туралы толық та нақты дерек әлі де белгісіз болса да, Байден кейбір барлау нәтижелерін алға тарта отырып, вирустың Қытайдағы зертханалардан шыққаны туралы айтқаны бар. Құрама Штаттар қазірге дейін Қытайдан вирустың қайнары туралы нақты мәлімет табуға халықаралық зерттеу тобымен тығыз селбесуді талап етіп келеді және бұл пандемияға қарсы күрес пен болашақтағы билогиялық қауіпсіздікке қатысты мәселе ретінде атайды. Бірақ, Қытай билігі мұнымен келіспейді және ашық зерттеу жұмысына, халықаралық зерттеу тобының тергеу-тексеру қызметін қабылдауға шектеу қойып келеді.
Сонымен
Сонымен, Байден мен Ши ортасындағы талқыда осы мәселелер қаралды. Бұл туралы тараптар ең әуелі өз ұстанымдарын, айыптауларын, пікірлерін ашық айтысты. Кездесудің қандай деңгейде және қандай «атмосферада» болғаны туралы нақты ресми мәліметтер жоқ. Бірақ, қалай дегенмен ашық диалог қатаң бәсекелестік қарым-қатынастағы державалар арасындағы шиеленісті қақтығысқа бұрмауға өзіндік септігі болғаны анық.