Кеше, қаңтардың 21-і  түс ауа елордадағы «Астана Опера» театрының алдына 50-ге тарта мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналар жиналып, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шығуын талап етті.

Мүмкіндігі шектеулі, денсаулығында кінәраты бар балаларымен қыстың суығы, шілденің аптабында пәтерден-пәтерге көшіп жүрген аналардың басты талабы – баспана мәселесін ең болмағанда «заң аясында» шешіп беру. Наразылар «үкімет ары қарай жеке меншікке өткізіп, сатып алатындай баспанамен қамтамасыз етсін, тегінге сұрамаймыз, айма-ай жағдайымызға қарай төлейміз» дейді.

Оқиға орнынан хабар таратқан Азаттықтың хабарлауынша, жиынға қатысушылар қолына «Мүгедек балаларға баспана берілсін!», «Мүгедек балаға баспана керек» деген жазуы бар плакаттар ұстап шыққан. Жиналғандар «Тоқаев!» деп айқайлап ұрандасты.

Наразы аналар. 21 қаңтар 2019 жыл. Елорда. Фото: Азаттық / Әсемгүл Мұхитқызы

Бұл кезде президент Тоқаев алғашында өзін тағайындап, кейіннен сайлауда қолдаған экс-президент Назарбаевпен бірге опера театрында Абайдың 175 жылдығының ашылуына арналған концертте отырды. Ал «жағдайымыз мүшкіл, тұрмыс титықтатып жіберді» деп ашынған аналар президенттің ғимараттан шығып, сұрақтарына жауап бергенін қалады. Олар жергілікті билік өкілдерінің «залда кездесіп, дұрыстап сөйлесейік» деген ұсынысынан бас тартып, «бәрібір ештеңе шеше алмайтынын, орындалмайтын уәдеге тойғанын» жеткізді.

Абайдың 175 жылдық мерейтойының ашылу концертінде отырған Ақорда мен Кітапхана өкілдері. 21 қаңтар 2019 жыл. Фото: Ақорда

Кіл ығай-сыйғай мен интеллегенция, биік мінбердегі шенділер тамашалаған концерт өтіп жатқан театрдың сыртында арнайы жасақ  талапшыл аналар тобын бөгеп, әрі қарай өткізбеді. Ақпарат құралының дерегінше, онда 50 шақты омон жасағының өкілдері мен 6 автобус болған.

Арнайы жасақ өкілдері. 21 қаңтар 2019 жыл. Елорда. Фото: Азаттық / Әсемгүл Мұхитқызы

Ашынған ананың бірі Жақсыгүл Асанова «Қызым екінші топ мүгедегі. Баспана кезегіне 2014 жылы тұрғанмын. Міне, әлі жүрміз. Жұмыс істемейміз. Екеуіміз ғана тұрамыз. Жалғызбасты анамын. Күйеуім қайтыс болып кеткен. Баспана мәселесін айтып, бармаған жер, баспаған тауымыз қалмады. Балам 23-те. Жәрдемақы алмаймын. Бұған дейін барып едім, (мүгедектікке байланысты төленетін) үш айлық зейнетақыны есептеді де «47 мың теңге сізге жетеді» деп айтты. Пәтер жалдап тұрамыз. Ай сайын 30 мың теңге төлейміз. Бұған қоса, жарықты төлеу керек. Жұмыс істей алмаймын. Балаларымды қарау керек. Еркін қозғала алмайды, сөйлей алмайды. 47 мың теңге неге жетеді?», – дейді.

Театрдың биік-биік салтанатты есігіне қарай-қарай көз талды. Сол күйі ешкім шықпады. Кеш түсе ашынған аналардың бір бөлігі бала-шағасына, үйіне қайтса, ендігі бір тобы бойын жылыту үшін көрші ғимаратқа қарай кеткен.

Наразы аналар есік алдын тосып тұр. 21 қаңтар 2019 жыл. Елорда. Фото: Азаттық

"The Qazaq Times"