Қараша айының үшінші декадасынан бастап Қазақстанда мұнай өнімдерін көлікпен экспорттауға жарты жылға тыйым салынады. Бұл жөнінде Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Министрлік мұнай өнімдері тапшылығының туындауына жол бермес үшін «Қазақстан Республикасы аумағынан мұнай өнімдерін әкетудің кейбір мәселелері туралы» бұйрық әзірледі.  Оған сәйкес 21 қарашадан бастап бензин, дизель отыны және мұнай өнімдерінің жекелеген түрін автокөлікпен шетелге әкетуге алты ай мерзімге тыйым салынады», – делінген ведомство хабарламасында.

Құжатқа сәйкес, тыйым алты ай мерзімге, 21 қарашадан 21 мамырға дейін – Қазақстан аумағынан жанармай-жағармай тасымалдауға енгізілді. Сондай-ақ, бұл шектеу көліктің май құятын багына және 20 литрге дейінгі ыдыс-құтыға құюға қолданылмайды.

Биыл күзде елде жанар-жағармай мен дизель отыны тапшылығы байқалды. Көптеген шаруаның жұмысы тұралап, транспорт саласы қиындыққа ұшырады. Үкімет аспандған баға мен тапшылық құбылысын шетелдік жүргізушілердің жол-жөнекей көп көлемде мөдшерден тыс сатып алуымен байланысты түсіндірген.

The Qazaq Times