Лондондағы ICE биржасында желтоқсан айына арналған Brent маркалы мұнайдың фьючерс құны үш жылдан бері алғаш мәрте барреліне 84,06 долларға белгіленді.
Соңғы рет Brent маркалы мұнайдың бағасы 2018 жылғы қазан айында барреліне 84 доллардан асқан еді. Осылайша, 6 қазанда 83 долларға ұлғайған Brent марка бәсі артып, қазан айының екінші декадасында 84 долларға жетті.
Brent маркасынан бөлек қараша айына арналған WTI маркалы мұнайдың фьючерс құны да өсіп, барреліне 81,22 долларды көрсетті.
Сарапшылар газ бағасының өсуі мұнайға сұранысты арттырғанына сенімді. Еуропада табиғи газдың фьючер құны тамыз және қыркүйек айларында екі есеге артып, ал қазанның 6-сы тарихи рекорд көрсеткішінде 1 мың куб метрі 1925 долларға дейін жеткен. Қазір Еуропада газ бағасы төмендеп келеді, бірақ тұтынушылардың көбі одан анағұрлым арзан мұнай өнімдерін қолдана бастаған.
ОПЕК+ мониторинг комитетіне кіретін министрлердің мұнай өндіруді тәулігіне 400 мың баррельге арттыру жөніндегі жоспарын ары қарай жалғастыру жөніндегі шешімінен кейін мұнай бағасы өсе бастады.
Осы айдың басындағы Энергетика министрлігінің ресми мәліметінше, ОПЕК+ аясында Қазақстан белгіленген квота негізінде қазан айында тәулігіне 1,524 млн, қарашада күніне 1,540 млн баррель өндіре алады.