Шыңжаң мәселесі қазіргі АҚШ- Қытай қатынасында аса маңызды түйіннің бірі саналады. Шыңжаңдағы этникалық азшылыққа жасалған қысымдар, қудалау, саяси лагер, мәжбүрлі еңбек секілді әрекеттер АҚШ-тың ҚКП билігін айыптаудағы басты құралына айналды. Оның үстіне Құрама Штаттар Шыңжаңдағы мәселеге қатысты бірқатар жаңа заңдар мен шектеу шараларын да қабылдады. Айталық, АҚШ Сенаты Шыңжаңдағы мәжбүрлі еңбекке жол бермеу жөнінде заң қабылдаған болатын. Қазір бұл Байден әкімшілігінің жіті қарауында.
Бір күн бұрын Ақ үй баспасөз өкілі «Шыңжаң мәселесі президент Байденді алаңдататын ең басты мәселелердің бірі» деген мәлімдеме жасады. Оның айтуынша Байден әкімшілігі Сенат қабылдаған заңның жалпы бағытын қолдайды, әрі әлі де заң-жобасын егжей-тегжейлі қарастыру үстінде.
АҚШ Сенаты аталмыш заң жобасын осы жылдың 14 шілдесінде қабылдаған болатын, бұл заң бойынша импорттаушылар Шыңжаң өнімдерін кіргізуден бұрын оның мәжбүрлі еңбекпен өндірілмегенін растауға міндетті. Дәлелдей алмаса «Тарифтік заңға» (1930 жылы қабылданған) сәйкес импорттауға шектеу қойылады.
Сейсенбі күнгі баспасөз мәжілісінде Ақ үй өкілі Шаки: «Әрине, президент мырза өзінің ұйғырларға қатысты алаңдаушылығын бұған дейін де Қытай билігіне ашық айтқан. Аталған заң жобасы туралы біздің алабөтен пікіріміз жоқ, тек мынаны айтқым келеді: біз Шыңжаңдағы адам құқығын бұзған және қатікездік жасаған тұлғаларға жауапкершілікті күшейту үшін белгілі бір қадамдарды жасадық», – деген.
Ақ үй өкілінің айтуынша Шыңжаңдағы Қытай саясатына қатысты шараларда Магнитский заңына сәйкес шектеулер де бар, айталық қаржылық санкциялар, импорт пен экспортты бақылау, коммерциялық ескертулер және G7 барлық жаһандық жеткізілім тізбегі мәжбүрлі еңбек өнімдерін пайдаланбауы үшін шаралар қабылдауға міндеттеме және тағы басқаларды қамтиды.