Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Қытай Халық Республикасының (ҚХР) Мемлекеттік кеңесі Премьерінің бірінші орынбасары Чжан Гаолимен кездесті. Бұл туралы Премьер-министрдің ресми сайтында хабарланды.

Кездесу барысында екі елдің сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, қаржы, энергетика, мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимыл мәселелері, бірлескен ірі жобаларды жоспарлау мен ұзақмерзімді бағдарламаларды әзірлеуді қоса алғанда, транзиттік-көлік және инфрақұрылымдық өзара іс-әрекет салаларындағы мәселелері талқыланды.

Қазіргі таңда Қазақстан мен Қытай арасында қазақстандық «Нұрлы жол» ұлттық экономикалық бағдарламасы мен қытайдың «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамасын түйіндестіру бойынша Ынтымақтастық жоспарын іске асыру жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Жоспарға ҚР Президенті Н. Назарбаевтың ҚХР Төрағасы Ши Жинпиңмен (Си Цзиньпин) келіссөз жүргізуінің қорытындысы бойынша 2016 жылғы 2 қыркүйекте Ханчжоуда қол қойылған болатын.

Кездесу барысында ауыл шаруашылығы саласындағы, қазақстандық шаруалардың өнімдерін қытай нарықтарына экспорттауды ілгерілетудегі ынтымақтастық келешегіне баса назар аударылды. Сонымен қатар су қатынастары, трансшекаралық өзендерді пайдалану мен қорғау мәселелері қаралды.

Анықтама:

ҚР мен ҚХР арасындағы 2016 жылдағы сауда айналымы 7,9 млрд долларды, Қазақстаннан Қытайға 2016 жылдағы экспорт 4,2 млрд долларды, импорт – 3,7 млрд долларды құрады.

Қазақстаннан Қытайға шығарылатын экспорттың заттай көрінісі мұнай мен уранды есепке алмағанда 20,4%-ға өсті.

Қытай Қазақстанның басты инвестициялық серіктестерінің бірі болып табылады. 2005 жылдан бастап 2017 жылғы 1 ақпанға дейінгі аралықта ҚХР-дан Қазақстан Республикасының экономикасына түскен тікелей инвестициялар ағыны 13,9 млрд АҚШ долларын құраған. Осы кезеңдегі Қазақстаннан Қытайға жіберілген инвестициялар көлемі 519,7 млн АҚШ долларын құраған.

2017 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша Қазақстанда қытай капиталы қолданылған 2783 кәсіпорын тіркелген.

ҚХР Астанада өтетін ЭКСПО-2017-ге қатысатынын растаған алғашқы елдердің бірі және қытай павильоны көрмедегі ең ірі павильондардың бірі болады. Бұдан өзге, 2017 жыл «Қазақстандағы Қытай туризмінің жылы» ретінде мәлімделген, соған орай еліміз Қытайдан туристердің үлкен ағынын күтеді.

The Qazaq Times