Бүгін Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қала тұрғындарымен есептік кездесуі өтті.
Сағынтаев сөзінде: «Біз «Алматы жастары 3.0» жаңа бағдарламасын әзірледік. Жаңа тұрғын үй бағдарламасының артықшылығы - оның көмегімен жастар 3 жылдан 25 жылға дейінгі мерзімге төмен пайыздық мөлшерлемемен қарыз ала алады. Жылдық 5 пайыздық жеңілдікпен. Алғашқы жарна 10%. Бұл бағдарламаға 10 млрд теңге бөлінді. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 3 млрд теңге бөлді», – деді.
Қала әкімінің айтуынша, қоғамдық көліктер мәселесі оңтайлы шешім тапқан. Мәселен, 2019 жылы субсидия 23,1 млрд теңгеге жетсе, оның 24,2 млрд-ы 2020-шы жылға бөлінген. Осы арқылы жолақы тарифының өспеуін қамтамасыз ету көзделмек.
Жиында әуежай маңындағы жерлерді қала меншігіне қайтару мәселесі сөз болды. Мегаполис әкімі: «Бұған дейін «Казкоммерцбанк» кепілге берген 383 гектар жер күрделі несиелер қорына берілген еді. Енді бұл жер қала әкімдігіне қайтарылады. Біз бұл туралы елбасына өтініш жазған болатынбыз. Үкімет бізді қолдады. Ал жаңа жылға дейін 383 гектар жер қайтарылды. Ендігі 185 гектар жер қалды. Бұл әуежай аумағына тиесілі. Осы мәселе бойынша қазір үкіметпен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Талғар аудандық әкімдігінің лауазымды тұлғалары 2015-2019 жылы қызметтік өкілеттілігін асыра пайдаланып, әуежайдың санитарлық қорғау аймағындағы жеке қосалқы учаскелері, соның ішінде тұрғын-үй салуға жер бергені үшін заңсыз шешімдер қабылдағаны анықталды», – деді. Сонымен қатар қала әкімі Алматы әуежайы маңындағы жер учаскелерін заңсыз беру бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтты.
Айта кетейік, Бақытжан Сағынтаев 2016 жылы қыркүйектен 2019 жылдың ақпанына дейін Қазақстан үкіметін басқарған. 20 ақпанда бұрынғы президент Назарбаев Сағынтаев басқарған үкіметті «экономиканы дамыта алмады» деп сынға алып, отставкаға жіберген болатын. былтыр маусымда ол Алматы қаласының әкімі болып тағайындалды.