Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы №28349 әскери бөлімінде болған жойқын жарылыстан жарақаттанған жүз шақты адамның ішінде қазір жағдайы ең ауыры – бөлім бастығы капитан Ерлан Қырғызәлиевтің туыстары астана дәрігерлерінің келіп көмектесуін сұрайды.
Денесін 85%-ын күйік шалған әрі апат салдарынан екіжақты пневмонияға шалдыққан әскери қызметкердің ахуалы ауыр. Қырғызәлиевтің хәліне алаңдаған жақындары төтенше жағдай туралы әлеуметтік желіде тұрақты түрде ақпарат таратып отырған журналист Ирина Советжанқызына хат жазып, жағдайды баяндаған.
«Қан қысымы тұрақсыз, жағдайын күннен-күнге нашарлап, өмір мен өлімнің арасында жанталасып жатқан бауырымызды қарауға астанадан, сырттан білікті дәрігерлер шақырылсын. Телеарнадан «мықты мамандарды тарттық» деп есеп беріп жатқанымен, шын мәнінде жергілікті дәрігерлер ғана қарап жатыр. Бізге онлайн көмек емес, елордадан арнайы аппараттарымен білікті дәрігерлерді Таразға алдыруын талап етеміз», – делінген хатта.
QT редакциясы жарылыс кезінде жапа шеккен капитанның жақындарына хабарласып көрді. Сырқаттың әпкесі Сандуғаш Рысқұлбекқызы тілшіге бауырының денсаулығы мен өміріне қатты алаңдап отырғанын айтады. Оқиға орнында жараланған капитан қазір Тараз қаласындағы №1 аурухананың жансақтау бөлімінде хәл үстінде жатыр.
– Қосымша дәрігерлерді шақыртыңыздар деген уәжімізге олар келгенде не істейді, онлайн бәрін біліп тұр дейді. Skype арқылы байланысып отыр екен. Санавициямен тасымалдауға жарамай тұр. Алғашында үш күнге тиіспейміз деді. Содан кейін ғана көзін ашып, су сұраған. Сол кезде беті бері қарады деп ойлап қуанған едік. Ішкі органдары қатты зақымдалған. Қазір кіші дәретінің өзі жүрмей жатыр. Сөйлей алмайды. Қасындағы бес жігіттің төртеуі қайтыс болды. Енді екіжақты пневмония қосылыпты. Қарап жатқан дәрігер Юн Владимирге артар еш өкпе, алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Бірақ дәрігерге көмек керек, жалғыз өзі жүгіріп жүр. Біз астанадан арнайы салалық кәсіби білігі жоғары мамандар келіп қараса екен дейміз, жағдайы ауыр жалғыз пациентке көмектеспесе, Үкіметтен не пайда? Онлайн емес, келіп қарасын. Қазір мемлекет, ең бастысы, бір үйдің арқасүйерін аяққа тұрғызып беруге барын салсын! – дейді ашынған әпкесі.
Сандуғаш Қырғызәлиеваның айтуынша, бауырының төрт баласы бар, алды 13, кенжесі 2,5 жаста. Байзақ ауданы Сарыкемер елді мекенінде тұрады. Осыған таяу Қайнар ауылының түбіндегі әскери бөлімге былтыр ғана қызметке орналасқан. Оған дейін Ақтау қаласында келісімшарт негізінде 5 жыл әскери қызметте болған. Жарылыстан кейін капитанның отбасына ешкім хабарласпаған. «Тек төртінші күні түнгі 00.00-де округ әкімдігінен қоңырау шалып, жеке куәлігінің фотосын сұратты» дейді. Ерланның анасы бұған қатты ызаланып, мазасы қашқан.
Редакция тілшісі Денсаулық сақтау министрлігі мен облыстық Денсаулық сақтау басқармасына жағдайдың мән-жайын сұрап хабарласып көрді. Ведомство сырқаттың хәлі бойынша берген ресми ақпаратында әзірге онлайн консилиуммен шектеліп отырғанын растады.
Аурухана әкімшілігі зардап шеккен науқас Ерлан Қырғызәлиевтің шұғыл түрде «аралас жарақат» диагнозымен жансақтау бөліміне жатқызылды. 3 дәрежелі шок, күйік ауруы, дененің түгелдей 1-2-3 дәрежелі термиялық күйік шалып, тері жабынының 85%-ы күйген, 1-2 дәрежелі тыныс жолдарының күйігі. Бас, мойын, магистральдың және екі аяқ бірнеше рет жарақаттанған. Жабық бас сүйек-ми жарақатын алып, бас миы шайқалған. Контузияға қоса конъюнктиваның термиялық күйігіне шалдыққан, тағы қабақтың эрозиясы бар. Медициналық көмектің мұндай төртінші деңгейіне тасымалдау мүмкін емес. Ауруханаға түскен кезден бастап медициналық көмек реаниматолог, травматолог, комбустиолог, нейрохирург, лор-дәрігері, терапевт, офтальмолог, нефролог-эфферентолог мамандарының мультидисциплинарлық тобымен жүзеге асырылады, – делінген ресми жауапта .
Нақтырақ айтқанда, облыстың жетекші мамандарының қатысуымен күніне екі рет консилиум өтеді және бекітілген хаттамаға сай емдеу жалғасып жатыр дейді. Пациентке ультрафильтрациямен гемофильтрация жүргізілген.
Басқарма пациентті емдеу нұсқауы «елдегі білікті мамандар – медицина ғылымдарының докторы Б. Жарқынбаевпен және медицина ғылымдарының докторы Г. Ағыбаевпен күнделікті телемедицина сеанстарында ҰШМҮО және ҰТО ҒЗИ орталығымен (Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы және Ұлттық Травматология және ортопедия ғылыми зерттеу институты) келісіледі» деп хабарлады.
Аурухананың бас дәрігері Нұрлан Әбілдаев QT редакциясына берген жауабында жағдай Денсаулық сақтау министрлігі мен облыстағы басқарманың бақылауында екенін айтты. Оның сөзінше, Республикалық санитариялық авиация орталығына реаниматолог, комбустиолог, эфферентологтың күндізгі консультациясы туралы өтінім берілген.
Билік 26 тамызда Жамбыл облысында әскери қоймадан шыққан алапат өрт пен жарылыстан қаза тапқандардың бір бөлігін марапаттап үлгерді. Ал өзге марқұмдар мен зардап шеккен қауіпсіздік-әскери қызметкерлерге нақты қандай сый-көмек берілері әзірге белгісіз.