Қазақстан оқушылары пандемияның екінші оқу жылында мектепке барып білім алады.

Бүгіннен бастап жаңа оқу жылының басталуына орай алғашқы қоңырау соғылып, республикадағы 7,4 мың мектепте 3,6 млн оқушы дәстүрлі форматта сабақ оқуға көшті. Оның арасында 394 мыңға жуық оқушы мектеп табалдырығын алғаш рет аттап тұр. Былтыр бұл көрсеткіш 380 мың бүлдіршін болған. Сонымен қоса, 2021-2022 оқу жылының аяғында 165 мыңнан аса түлек мектеп қабырғасынан «таудай» болып түлеп ұшпақ.

Сарапшылар аралас, негізінен онлайн форматта өткен 2020 және 2021 жылдары оқушылардың оқу үлгерімі елеулі деңгейде нашарлап, психологиялық тосын жағдайға душар болғанын жиі көтерді. Орта білім беру саласында – мектеп маңызын ата-ана, оқушы және мұғалім үштігі әбден сезінгендей болды. Дегенмен індеттің төртінші толқыны барысында, күніне 4-5 мың науқас тіркеліп жатқан тұста баласының денсаулығына алаңдайтын жұрт та аз емес. Үкімет барлық алгоритм жасақталғанын, білім саласында ауру таратпас үшін бар амал қарастырғанын алға тартып, кез келген жағдайға дайын екенін айтады.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов білім беру ұйымдарында оқу жылы «қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып» ұйымдастырылатынына сенімді.

«Балалар өз мектептерін, достары мен сыныптастарын, ал мұғалімдеріміз оқушыларын сағынды. Барлығы мектептердің ашылуын асыға күтті.

Әлемдік пандемия білім беру үрдісіндегі мұғалімнің баға жетпес рөлін айқындай түсті. Атап айтсақ, мұғалімнің кәсібилігі, тәжірибесі, балаға деген сүйіспеншілігі мен оқушының өміріндегі атқаратын рөлі айқындалды. Әлбетте, мұғалімдер гаджет экрандары арқылы емес, балалармен тікелей байланыста бола отырып беретін білімді заманауи технологиялармен салыстыру қиын.

...Жаңа оқу жылы әрбір оқушы, студент, мұғалім және оқытушы, жалпы білім беру саласына қатысы бар әрбір адам үшін қызықты әрі пайдалы болуын тілеймін», – дейді министр өз құттықтауында.

The Qazaq Times