Із-түссіз жоғалған әскери бөлімнің өртке қарсы күрес және құтқару қызметі басшысы, кіші сержант Бауыржан Дәуітбаев пен ТЖД өрт сөндірушісі, кіші сержант Әділет Әділбековтің туыстары хабар күтіп отырғанына төрт күннен асты.
Соңғы дерек бойынша, 14 марқұмның денесі табылған. Тағы екі қызметкер іздестіріліп жатыр.
Бейсенбіден бері Қайнар ауылының кіреберісінде күн астында туғанының хабарын тосумен жанары суалған Талғат Дәуітбайұлы жалғыз ұлы Бауыржанын қимайды. Ауыр мұң жұтынған әке ұлының келіншегі бесінші перзентіне жүкті екенін айтады. 33 жастағы Бауыржан Дәуітбаев жарылыс болар күні жұмыста болған.
Туыстарының бірі «Бәріне басшылары кінәлі, қоймада қауіпті қару барын біле тұра жігіттерді отқа айдап салды. Солдаттарды әскери бөлімнен шығарып жіберген дағы, ал келісімшарт негізінде жұмыс істейтін өрт сөндірушілерді алып қалған. Оларға шамасы келмейтінін біле тұра қоймадағы алапат қызыл жалынды өшіруге тапсырма берген. Басшылары бәрін білді емес пе? Онда өте қатерлі оқ-дәрінің сақталғанын анық білді ғой» деп ашынды.
Әлі табылмай жатқан екінші кіші сержант, 25 жастағы Әділет Әділбек Қанатұлының туыстары ресми органдардан көңілі қалғанын айтып, пікір білдіруден бас тартты. Екі жігіттің жақындары әкери прокуратураның түсінік беруін, алдына шығып оқиға барысы мен тапсырма негіздемесін түсіндіруді талап етіп отыр.
Оқиға орнында іздестіру жұмысын жүргізіп жатқан Қорғаныс министрлігінің Бас инспекция басқармасының басшысы, полковник Жұмабек Хасенов QT тілшісіне берген жауабында бүгін түске дейін 3 мәйіттің жеке басы дерегі нақтыланатынын хабарлады.
26 тамыз кешкісін Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы №28349 әскери бөлімі аумағында орналасқан оқ-дәрі сақталатын қоймада жарылыс болды. Соңғы ресми дерекке сай, төтенше оқиға салдарынан 14 адам қаза тауып, 100 шақты адам зардап шеккен.
Әскери бөлімнің түбіндегі Қайнар шағын ауылында 17 үйде 90-ға тарта тұрғын мекендейді. Аудан көлемінде 118 үй-нысан бүлінген. Аймақтағы атқарушы билік өкілдері екі ай мерзімде барлық материалдық және инфроқұрылым шығындарын қалыпқа келтіруге уәде берді.
Оқиға болған кезде хабар-ошарсыз кеткен екі адамды әлі іздеп жатыр. Оларды табу үшін кинолог, иісшіл иттер, саперлер, әскерилер, ТЖ мамандары, жалпы жиыны 40-тан аса техника, 180-дей адам жұмылдырылған.
Ондаған адамның өмірін жалмаған жойқын жарылысқа не себеп болғаны әлі белгісіз. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың топшылауынша, жарылысқа қоймада қауіпсіздік талаптарының сақталмауы, я химиялық реакциямен өздігінен тууы немесе диверсия себеп болуы мүмкін.