Қазақ әдебиеті қарымды қаламгер, дарынды аудармашыдан айырылды. Қытай қазақтары арасындағы танымал аудармашы, белгілі қаламгер, Қазақстандағы әдебиет сүйер қауымға еңбектерімен жақсы таныс Кәкеш Қайыржанұлы бүгін таңға жуық 76 жасында өмірден өтті.
Кәкеш Қайыржанұлы 1941 жылы Шыңжаң өлкесі, Іле қазақ автономиялы облысы, Тарбағатай аймағы, Толы ауданында дүниеге келген. Шыңжаң өлкелік партком кеңсе істер меңгермесінің аудармашылар басқармасы, Шыңжаң халық радиосының қазақ редакциясы, Шыңжаң телевизиясы қазақ бөлімі секілді орындарда қызмет істеді. Шыңжаң телевизиясы қазақ редакциясының алғашқы меңгерушісі болды. Аудармашы «Калила мен Демина», «Осызаманғы шетел жазушыларының әңгімелерінен», «Сакья Муни», «Құран хикаялары» (Қазақстан «Жалын» баспасы көшіріп басқан) және «Чиң әулеті сарай жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер» (Қаһарман Мұқанұлымен бірге аударған), «Қытай тарихындағы қазаққа қатысты деректер» (Әбділдабек Ақыштай, Шадыман Ақымет қатарлылармен бірлесіп аударған) сынды аудармалары жарық көрген. «Құран хикаялары» өлкелік қоғамдық ғылым саласы бойынша 3 реткі таңдаулы кітаптарды сараптауда 1 дәрежелі сыйлық алған. «Сөз сандық» атты қымбатты қазына 2010 жылы «Ұлттар» баспасынан қайталай басылумен қатар, 2014-жылы Қазақстанның өнер баспасынан мемлекеттік бағдарлама аясында басылған.
Кәкеш Қайыржанұлы терминология, аударма, әдеби тіл, әдеп жүйесі секілді тақырыптарда қыруар құнды мақалалар жазды. «Ақпараттық әдеби тіл – ұлттық тіл мәдениетіміздің айнасы», «Сөздік құрылысымызға үңілсек» қатарлы мақалалары мемлекеттік және өлкелік 1 дәрежелі сыйлықты еншіледі. Қаламгерге Мемлекеттік Кеңес үкіметтік ерекше стипендиат иегері атағын берген.
Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!
“The Qazaq Times”