Қорғаныс министрлігі 26 тамыз күні жарылыс болған Жамбыл облысындағы әскери бөлімнің қоймаларында 2019 жылы Арыс қаласында болған өрт пен жарылыстан кейін әкелінген оқ-дәрілердің сақталғанын растады. Сондай-ақ, баспасөз қызметі өңірге қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин және арнайы құрылған комиссия өкілдері келгенін хабарлады. Олардың оқиға орнына бара жатқаны айтылады.
Қорғаныс министрлігі өрт себебінің болжалды нұсқасын жариялады.
«Инженерлік оқ-дәрілердің жанып жатқанын өрттің динамикасынан байқауға болады. Инженерлік оқ-дәрілер қоймасында жалғасып жатқан өрт сол жерде сақталған тротилдың жануынан туындауы мүмкін. Аспандағы түтін іздері қоймада сақталған сигналдық патрондардың өртенуіне байланысты болуы да ықтимал» делінген алғашқы алдын ала болжам-мәлімдемеде.
Осыдан екі жарым жыл бұрын, 2019 жылғы 24 маусымда Арыс қаласындағы әскери қоймалардың бірінде осыған ұқсас жойқын жарылыс болған. Мыңдаған оқ-дәрі, зарядталмаған снарядтар қарша бораған. Нақтырақ айтқанда, 3 мың вагонға тең 117 мың тонна оқ-дәрі мен қару-жарақ жарылған.
Салдарынан бес адам қаза тауып, 165 адам медициналық көмекке жүгінді. Ондаған әлеуметтік маңызды нысан бүлініп, мыңдаған тұрғын үй зақымданған еді. Ол кезде де 45 мыңнан астам арыстық бас сауғалап қыр асқан. Қаланы қайта қалпына келтіру үшін 56 млрд теңге бөлінді.
Арада екі апта өткенде шілденің басында қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев бір қаланың халқын босытып, тұрқын тып-типыл еткен апатты «табиғи құбылыс» деп атап, халықтан «кешірім сұраудың ретін көріп тұрған жоқтығын» айтқаннан кейін көптің сынына қалған. Десе де қоғамдағы отставка туралы талап жиі айтылғанымен, ол жолы билік әрекетсіздік танытқан.
Қорғаныс министрлігі редакцияға берген жауап хатында жарылыстан бүтін қалған 32 мың тонна қарудың 20 мың тоннасы көшірілгенін, 12 мың тоннасы 2024 жылға дейін толық көшірілетінін хабарлаған.