Жамбыл облысы Байзақ ауданында болған жойқын жарылыс салдарынан қаза тапқандардың біразы – өрт сөндірушілер. Осыған байланысты қоғамда "Оқ-дәрі толып тұрған қоймадан өрт шыққан соң жойқын жарылыс болатыны белгілі бола тұра не себепті қауіпті аймаққа өрт сөндурушілер жіберілді?" деген сұрақ қызу талқыланып жатыр. Оқиға орнына барған The Qazaq Times тілшісі осы сұрақты Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Ералы Ақылбековке қойды.
– Өрт сөндірудің өзара іс-қимыл жоспары деген бар. Соған сай, өрт болған жағдайда олар (әскери бөлімдегілер – ред.) өздеренің күштерімен өртті сөндіре бастайды, бірақ бірден бізге де хабар береді. Біз ол жерге көмек ретінде барамыз, – дейді Ералы Ақылбеков.
Тілші сауалын нақтылап "Бірақ әскери қойманың соншалықты қауіпті екені белгілі болды ғой. Бұл тәуекел шешімді кім қабылдады, әлде бұл заңды алгоритм бе?" деп сұрады.
– Мен сізге айттым ғой, өрт сөндірудің өзара іс-қимыл жоспары деген бар. Соған сай, хабарлама түскен соң біздің қызметкерлер сол жақа баруға тиіс.
Тілші: Қауіпі қандай жоғары болғанына қарамастан ба?
– Иә, қандай қауіпті болса да барады. Сол жерге барған соң ары қарай шешім қабылданады, – дейді Жамбыл облыстық ТЖД басшысының орынбасары.
Оның айтуына қарағанда, жарылыс болған 26 тамыз күні облыстық ТЖД қарасты өрт сөндіру мекемелеренің 114 қызметкері мен 17 техникасы жұмылдырылған.
– Осы оқиға барысында 49 қызметкер жарқат алды. Қазір олардың 28-і үйіне жіберілді. Қалғандары әлі ауруханада жатыр. Бүгінде қайтыс болғандар саны – бес адам. Төрт қызметкеріміз әлі табылмағандар мен мәйті танылмағандар қатарында, –дейді ол.
26 тамыз кешке Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы №28349 әскери бөлімі аумағында орналасқан оқ-дәрі сақталатын қоймада жарылыс болды. Соңғы ресми дерекке сай, төтенше оқиға салдарынан 13 адам қаза тауып, 98 адам зардап шеккен. Оқиға болған кезде хабар-ошарсыз кеткен үш адамды әлі іздеп жатыр.
Ондаған адамның өмірін жалмаған жойқын жарылысқа не себеп болғаны әлі белгісіз. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың топшылауынша, жарылысқа қоймада қауіпсіздік талаптарының сақталмауы, я химиялық реакциямен өздігінен тууы немесе диверсия себеп болуы мүмкін.