Қазақстанда коронавирус пен оған ұқсас пневмонияға шалдыққандар саны тағы 6,3 мыңға артып, жалпы есебі 811 мыңнан асты. Тек шілде айында 154 мың адам сырқаттанып, 1932 адам (КВИ+ 1644, КВИ- 288) қайтыс болған. Шілде айының ортасына қарай тәуліктік сырқаттар саны 5 мыңның, тамызға қарай 7 мыңның үстіне шыққан індеттің төртінші толқыны қазір 6 мыңға түсіңкіреді. Тамыз айының өзінде сырқаттанған 169,5 мың адам анықталды және 2872 адам көз жұмды.

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, елде 22 тамызда коронавирус (КВИ+) жұққан 6314 адам, ал 21-і күні  коронавирус пневмониясына (КВИ-) шалдыққан 27 адам тіркелді және сенбіде 137 қазақстандық аурудан қайтыс болды. Қазір елде 125 мыңдай адам (КВИ+ бойынша 119 мың, КВИ- бойынша 5,8 мың) ауырып жатыр.

#COVID Өткен күні ПТР тесті арқылы коронавирус жұққаны расталған науқастар қатары тағы артты. Олардың басым бөлігі әдеттегідей мың шақты кейстік динамикада тұрған Алматы (1615) қаласы және Қарағанды (913) облысынан. Бұдан өзге астана (650), Алматы (408),  Ақтөбе (382), Павлодар (320), Атырау (310) өңірлерінде эпидахуал әлі де нашар күйде.  Қостанай (291), Ақмола (278), Маңғыстау (219), Жамбыл (191),  СҚО (159), ШҚО (158), Шымкент (147), Қызылорда (124), БҚО (93), Түркістан (56) облыстарында дерт қарқыны біршама бәсеңдеген. Кеше, жексенбіде аурудан айыққан 5097 адам үйіне шығарылған. 21 тамызда жиыны 113 адам қайтыс болған.

#COVID_пневмониясы Тамыздың 21-і ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін коронавирус пневмониясына шалдыққан 27 науқас есепке алынды. Ведомство дерегінше, сенбі күні сырқаттар Алматы (9) және Жамбыл (4), облыстары, астанада (4) көптеп анықталған. Сонымен қоса, 9 адам айығып шыққан, тағы 24 адам көз жұмған.

#Жалпы  ДенМин дерегіне қарағанда, емделіп жатқан 122 мыңнан аса науқастың 30 мыңы ауруханада, 94 мыңы амбулаторлық бақылауда. 1944 науқастың жағдайы нашар, ондағы 518 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 312 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.

Эпидкартада «жасыл аймақтағы» Түркістан облысынан басқа өңірдің бәрі тұтастай «қызыл аймақта» тұр.

ДенМин хабарынша, 11 наурыз бен 12 шілде аралығында ПТР тесті оң көрсеткен 1311 сынама секвенирленген (штамм түрін анықтайтын талдау). Сәйкесінше, биыл көктем-жазда геномдық зерттеу нәтижесінде елдің басым бөлігінен вирустың бразилиялық, британдық, оңтүстікафрикалық және үндістандық штамдары анықталған.

Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 743 мыңнан, 1 тамыздан былайғы коронавирус пневмониясы 67 мыңнан асқан. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 811 мыңға жетті. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.

Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардан 15,2 мың адам (КВИ+ / U07.1 – 8415, КВИ- / U07.2 – 4240, ілеспе аурулардан – 2633) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.

Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 41-орынға орнықты.

Үкіметтің соңғы дерегіне қарағанда, Қазақстанда 5 млн адам коронавирусқа қарсы вакцинаны толық алған, ал кемінде бірінші дозасы егілген жұрттың саны 6,3 млн-нан асады.

The Qazaq Times