Қазақстанда коронавирус пен оған ұқсас пневмонияға шалдыққандар саны тағы 6,8 мыңға артып, жалпы есебі 836 мыңнан асты. Тек шілде айында 154 мың адам сырқаттанып, 1932 адам (КВИ+ 1644, КВИ- 288) қайтыс болған. Шілде айының ортасына қарай тәуліктік сырқаттар саны 5 мыңның, тамызға қарай 7 мыңның үстіне шыққан індеттің төртінші толқыны бірер күннен бері 6 мың кейсте жүріп жатыр. Тамыз айының өзінде сырқаттанған 195 мыңнан аса адам анықталды және 3433 адам көз жұмды.

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, елде 26 тамызда коронавирус (КВИ+) жұққан 6452 адам, ал 25-і күні  коронавирус пневмониясына (КВИ-) шалдыққан 360 адам тіркелді және сәрсенбіде 143 қазақстандық аурудан қайтыс болды. Қазір елде 117,5 мың адам (КВИ+ бойынша 111 мың, КВИ- бойынша 6 мың) ауырып жатыр.

#COVID Өткен күні ПТР тесті арқылы коронавирус жұққаны расталған науқастар қатары тағы артты. Олардың басым бөлігі әдеттегідей мың шақты кейстік динамикада тұрған Алматы (1561) қаласы және Қарағанды (832) облысынан. Бұдан өзге астана (617) және Ақтөбе (452), Алматы (390), Павлодар (342), Атырау (317), Қостанай (262), Ақмола (261) облыстарында эпидахуал әлі де нашар күйде.  Шымкент (275), ШҚО (172), Жамбыл (187), Маңғыстау (200), БҚО (130), Қызылорда (206), СҚО (169), Түркістан (79) өңірлерінде дерт қарқыны бәсеңдер емес. Кеше, бейсенбіде аурудан айыққан 8285 адам үйіне шығарылған. 25 тамызда жиыны 121 адам қайтыс болған.

#COVID_пневмониясы Тамыздың 25-і ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін коронавирус пневмониясына шалдыққан 360 науқас есепке алынды. Ведомство дерегінше, сәрсенбі күні сырқаттар Шымкентте (58), Жамбыл (46), Алматы (41), Атырау (33)  Маңғыстау (26) облыстарында көптеп анықталған. Сонымен қоса, 135 адам айығып шыққан, тағы 22 адам көз жұмған.

#Жалпы  ДенМин дерегіне қарағанда, емделіп жатқан 117,5 мың науқастың 27 мыңнан астамы ауруханада, 90 мыңы амбулаторлық бақылауда. 1857 науқастың жағдайы нашар, ондағы 516 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 208 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.

Эпидкартада «жасыл аймақтағы» Түркістан облысынан басқа өңірдің бәрі тұтастай «қызыл аймақта» тұр.

ДенМин хабарынша, 11 наурыз бен 12 шілде аралығында ПТР тесті оң көрсеткен 1311 сынама секвенирленген (штамм түрін анықтайтын талдау). Сәйкесінше, биыл көктем-жазда геномдық зерттеу нәтижесінде елдің басым бөлігінен вирустың бразилиялық, британдық, оңтүстікафрикалық және үндістандық штамдары анықталған.

Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 767 мыңнан, 1 тамыздан былайғы коронавирус пневмониясы 69 мыңнан асқан. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 836 мыңға жетті. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.

Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардан 15,8 мың адам (КВИ+ / U07.1 – 8879, КВИ- / U07.2 – 4337, ілеспе аурулардан – 2633) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.

Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 35-орынға орнықты.

Үкіметтің соңғы дерегіне қарағанда, Қазақстанда 5,1 млн адам коронавирусқа қарсы вакцинаны толық алған, ал кемінде бірінші дозасы егілген жұрттың саны 6,4 млн-нан асады.

The Qazaq Times