Қазақстанда коронавирус пен оған ұқсас пневмонияға шалдыққандар саны тағы 4,3 мыңға артып, жалпы есебі 863 мыңнан асты. Тек шілде айында 154 мың адам сырқаттанып, 1932 адам (КВИ+ 1644, КВИ- 288) қайтыс болған. Шілде айының ортасына қарай тәуліктік сырқаттар саны 5 мыңның, тамызға қарай 7 мыңның үстіне шыққан індеттің төртінші толқыны екі күннен бері 5 мыңнан төмендеді. Тамыз айының өзінде сырқаттанған 222 мыңдай адам анықталды және 4083 адам көз жұмды.
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, елде 31 тамызда коронавирус (КВИ+) жұққан 4320 адам, ал 30-ы күні коронавирус пневмониясына (КВИ-) шалдыққан 58 адам тіркелді және дүйсенбіде 134 қазақстандық аурудан қайтыс болды. Қазір елде 110 мың адам (КВИ+ бойынша 103 мың, КВИ- бойынша 7 мыңдай) ауырып жатыр.
#COVID Өткен күні ПТР тесті арқылы коронавирус жұққаны расталған науқастар қатары тағы артты. Олардың басым бөлігі әдеттегідей жоғары динамикада тұрған Алматы (1259) қаласы және Қарағанды (450) облысынан. Бұдан өзге Алматы (270), астана (268) және Ақтөбе (263), Павлодар (260), Ақмола (251), Маңғыстау (250), Қостанай (239) облыстарында эпидахуал әлі де нашар күйде. ШҚО (161), Атырау (149) Шымкент (140), Жамбыл (78), СҚО (77), Қызылорда (76), БҚО (68), Түркістан (61) өңірлерінде дерт қарқыны бәсеңдер емес. Кеше, сейсенбіде аурудан айыққан 7207 адам үйіне шығарылған. 30 тамызда жиыны 98 адам қайтыс болған.
#COVID_пневмониясы Тамыздың 30-ы ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін коронавирус пневмониясына шалдыққан 58 науқас есепке алынды. Ведомство дерегінше, дүйсенбі күні сырқаттар Шымкентте (12), астана (9), Қызылорда (7), Шығыс Қазақстан (6) облыстарында көптеп анықталған. Сонымен қоса, 19 адам айығып шыққан, тағы 36 адам көз жұмған.
#Жалпы ДенМин дерегіне қарағанда, емделіп жатқан 110,4 мың науқастың 23,5 мыңнан астамы ауруханада, 86,5 мыңы амбулаторлық бақылауда. 1704 науқастың жағдайы нашар, ондағы 493 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 241 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.
Эпидкартада «жасыл аймақтағы» Түркістан облысынан басқа ШҚО, Жамбыл өңірлері «сары аймаққа» өткен. Басқа 14 аймақ тұтастай «қызыл аймақта» тұр.
ДенМин хабарынша, 11 наурыз бен 12 шілде аралығында ПТР тесті оң көрсеткен 1311 сынама секвенирленген (штамм түрін анықтайтын талдау). Сәйкесінше, биыл көктем-жазда геномдық зерттеу нәтижесінде елдің басым бөлігінен вирустың бразилиялық, британдық, оңтүстікафрикалық және үндістандық штамдары анықталған.
Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 793 мыңнан, 1 тамыздан былайғы коронавирус пневмониясы 69 мыңнан асқан. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 863,5 мыңға жетті. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.
Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардан 16,5 мың адам (КВИ+ / U07.1 – 9402, КВИ- / U07.2 – 4464, ілеспе аурулардан – 2633) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.
Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 36-орынға орнықты.
Үкіметтің соңғы дерегіне қарағанда, Қазақстанда 5,4 млн адам коронавирусқа қарсы вакцинаны толық алған, ал кемінде бірінші дозасы егілген жұрттың саны 6,6 млн-нан асады.