Қазақстанның Тәуелсіздік тарихындағы ең қанды оқиға – Жаңаөзен трагедиясында  ішкі істер министрі, кейінгі кезде Мемлекеттік күзет қызметінің жетекшісі болған Қалмұханбет Қасымов отставкаға кетуге шешім қабылдады.

30 шілдеде президент Тоқаев генерал Қасымовты мемлекеттік күзет қызметінің басшысы лауазымынан босату туралы жарлыққа қол қойды.
Бұл жөнінде Ақорданың баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің Instagram желісіндегі парағында хабарлады. Ондағы мәліметке қарағанда, Қасымов өз еркімен отставкаға және мемлекеттік қызметтен біржола кетуге арыз берген. Тоқаев бұл өтінішті мақұлдаған. Әзірге Қасымовтың міндетін оның орынбасары Ермек Сағымбаев уақытша атқарады.

Жуырда Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) бастаған бір топ медиа ұйымның ондаған маманы  «кибертыңшы бағдарламамен мобильді аңду» жөнінде ірі зерттеу жариялаған. Қасымовтың отставкаға кеткені осы зерттеу жарияланғаннан кейін хабарланып отыр. Зерттеуге сәйкес, 2 мың абонемент-нөмірдің арасында кибераңдуға қазақстандық жоғары лауазымды тұлғалар (оның ішінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бар, болжам бойынша оның телефоны сенат спикері болып тұрған кезде тыңдалған болуы мүмкін) мен отставкаға кетсе де, саяси ықпалын жоғалтпаған, билікті «сахна сыртынан басқарып» отыр деп сыналып жүрген экс- президент Назарбаев айналасындағы адамдар ұшыраған.

«Назарбаев режимін тұтас – басынан аяғына дейін аңдығанға ұқсайды, оны сол елдің өзінің арнайы қызметі аңдыған сияқты» деп тұжырымдайды зерттеу авторлары. Ал мұны президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Дәурен Абаев халықаралық зерттеуді «дәлелсіз, интрига тудыратын ақпарат» деп бағалаған.

Азаттықтың түсіндіруінше, Мемлекеттік күзет қызметі – президентке тікелей бағынатын және соған есеп беретін орган. Ол президент күзеті міндетін атқарады, заңнамада белгіленген өкілет аясында «елбасын», яғни отставкадан кейін ықпалды Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы болған Назарбаевты да қорғайды.

64 жастағы Қасымов мемлекеттік күзет қызметінің бастығы лауазымын 1,5 жыл атқарды. Оған дейін Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болды. Қауіпсіздік кеңесіне дейін 8 жыл (11.04.2011-12.02.2019)  ішкі істер министрін басқарды. Қазақстанның бас полицейі болып тұрған кезде Жаңаөзен қаласында күштік құрылым өкілдері еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен мұнайшыларға оқ атты. Тәуелсіздіктің отыз жылдығында ең көп сын айтылған министр ретінде Қасымовтың отставкасын талап кеткендер аз болмаған.

"The Qazaq Times"