Жұма күнгі Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Асқар Мамин үкімет басшысы, Нұрлан Нығматуллин төменгі палата төрағасы лауазымында қала беретіні белгілі болды.
Назарбаев отставкасынан бір ай алдын Сағынтаевтың орнына тағайындалған Асқар Маминді Тоқаев премьер-министр қызметіне қайта ұсынды. Маминнің кандидатурасын мәжілістің басым бөлігі, 76 депутаты бар Nur Otan-ның түгел дерлігі мақұлдады.
Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің мәліметінше, мәжіліс отырысына қатысқан 99 депутаттың 78-і жақтап дауыс берген, басқа 21-і қалыс қалған. Қалыс қалғандар – өздерін парламенттегі «оппозиция» деп атайтын «Ақ жол» мен «Қазақстанның халық партиясы» мүшелері.
Бүгін Тоқаев түстен кейінгі жиында былтыр індетпен күреске 500 млрд теңге, кәсіпкерлікті қолдауға 1 трлн теңге жұмсалғанын айтты. «Медициналық қызметкерлердің жалақысы, дәрі-дәрмек, инфекциялық ауруханалар салуға 225 млрд теңге жұмсалды» деді ол. Үкіметтің «тиімді стратегиясының» арқасында Қазақстан ЖІӨ-нің кемуін (2,8% болды) тоқтата алды, инфляция деңгейі 7,3% деңгейінде қалды деді. Дәрі-дәрмек, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс тағы басқа салаларда ілгерілеушілік байқалды деді президент. Осыны іске асырып отырған үкімет құрамын меңзеді. Алайда Қазақстан Орта Азияда коронавирустан зардап шеккен елдердің қатарында, әлемде ауырғандар саны бойынша 51-ші орында тұр.
Күні кеше, 14 қаңтар билікте ықпалы зор экс-президент Назарбаев Nur Otan фракциясының жиынында «сабақтастықты сақтай отырып, Тоқаев Маминді ұсынған жағдайда оның кандидатурасын қолдауды сұраймын» деп пікір білдірген.
Партия-ассамблея көсемі былтыр «маусым-шілде қырғынына» жол беріп алған Үкіметтің басшысының еңбегін оң бағалайды:
«Барлық қиындыққа қарамастан, Үкімет өз жұмысын жақсы атқарды. Басқа елдерге қарағанда біз жаман нәтиже көрсеткеніміз жоқ».
Қоғамда резонанс тудырған астанадағы бес баланың өлімінен кейін наразылық көңіл-күй өршіген 2019 жылғы 25 ақпаннан бері премьер-министр лауазымында. Ұзақ жылдар бойы астанадан ұзап көрмеген, әртүрлі мемлекеттік қызмет (астана әкімі-орынбасары, вице-министр), «Қазақстан темір жолы» АҚ президенті орында болған.
Сонымен қоса, Парламент мәжілісінің VII шақырылымдағы депутаттары жаңа спикерді сайларда экс-президенттің ұсынысын ескерген сияқты.
Назарбаев әулетіне құда ретінде туыстық байланысы бар Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев мәжіліс жетекшісін сайлау жиынында модератор болды. Бар болғаны бір ғана кандидат ұсынылды. Он жылдан астам уақыт Назарбаевқа жақын басшылық қызметтерінде болған Нығматуллинді Nur Otan фракциясының мүшесі Дархан Мыңбай бастаған бірнеше депутат асып та, төгіп те мақтай сөйледі. Жаңа қызметіне сенер-сенбесін білмей аптығып жүрген депутаттар жасырын дауыс беру арқылы бірауыздан Нұрлан Нығматулинді спикер етіп сайлады.
Бұл да Назарбаевтың бейсенбідегі тілегі болатын. Ол мәжіліс төрағасына Нұрлан Нығматулинді, ал вице-спикерлікке Балайым Кесебаева мен Павел Казанцевті ұсынған еді. Айтқаны айдай келіп, ұсыныс та, шешім де еш шашаусыз іске асты.
Пандемия алғаш жарияланған кезде Үкіметтің көктемгі бағдар-болжамы қате, қамданысы жеткіліксіз болғандықтан, ел ауыр жағдайға ұшырады. Індет өршіп, қаза әдеттен көбейіп, мыңдаған қазақстандық өмірден өткен «маусым-шілде қырғыны» есімізде. Былтыр шілдеде (10-ы және 18-і күндері) Тоқаев барлық сала бойынша жағдайға дайын болмай шыққан «үкімет мүшелері де, әкімдер де «тоқмейілсудің, масайраудың қақпанына түскенін» айтып, олардың жұмысын қатаң сынға алған. Ол орны толмас шығын-қайғыға жеткізген «үкіметтің кәсіби шеберлігінің кемдігінен» көріп еді. Тіпті жағдайды уыстан шығарып алған үкіметке отставка туралы ескерту жасап, мәселені шешуге екі апта уақыт берген. Дегенмен күзден бері Тоқаев Мамин мен оның министрлер кабинетінің жұмысын жиі мақтап, жағымды пікір білдіріп келеді.