Қазақстанда жұмысшылар табының әлеуметтік саясаты әлсірегендігі байқалады. Биыл жиілеген Маңғыстаудағы еңбек дауына байланысты ереуілдер қатары Қаражанбасмұнай кенішінде істейтін жұмысшыларының наразылығы толықтырды.
Азаттық радиосының хабарлауынша, 28 шілдеде «Қаражанбасмұнай» компаниясына аутсорсинг келісім-шартпен қызмет көрсетіп жатқан Industrial service resources мекемесінің 170-тен астам жұмысшысы ереуілге шықты. Олар жұмыс берушіге бірнеше талап қойып отыр. Атап айтқанда:
- Аутсорсинг мекеме жұмысшыларын «Қаражанбасмұнай» компаниясына штатқа алу;
- Мамыр айында мекеменің 70-ке жуық жұмысшысының жалақысы тек 4 пайызға ғана көтерілген, оны қажетінше өсіру;
- әлеуметтік пакет енгізу;
Қазір наразылар жұмысты толық тоқтатқан. Интернетте тараған видеода жүзден астам адамның кеніш маңындағы жұмысшылар қалашығында тұрғаны көрінеді.
– «Қаражамбасмұнайда» жұмыстың 70%-ын осы аутсорсинг мекеме жігіттері атқарып жүр. Оны бастықтар да біледі. Індет жағдайды ушықтырып жіберді. Мұнда дәрі-дәрмекке ақша таба алмай отырған жұмысшылар бар. Жалақы мардымсыз болғандықтан әйелі, бала-шағасы ауырып, дәрі-дәрмек үшін қарызданып кеткен адамдар бар. Біріне жетсе, біріне жетпейді. Талаптарымыз орындалмайынша, ереуілді тоқтатпаймыз, – деген аты-жөнін айтпаған жұмысшылардың бірі Азаттық радиосына.
Жұмысшылардың сөзіне қарағанда, сәрсенбі күні оларға басшылықтан Оңғар Қабылов есімді адам келген. Наразылар оған талаптарын жеткізген. Қабылов ақпарат құралы хабарласқанда тілші екенін білген бойда тұтқаны өшіріп тастаған.
Ақпаратқа қарағанда, Industrial service resources компаниясы құрылыс-монтаж, ұңғыма жөндеу сияқты түрлі қызмет көрсетумен айналысады. «Қаражанбасмұнай» кеніші Маңғыстау облысы Түпқараған ауданында орналасқан.
Шілде айының ортасында «Қаражанбасмұнайға» күзет қызметін көрсететін мекеме жұмысшылары бас көтеріп, талаптары орындалғаннан кейін жұмысқа шыққан. Дәл осыған ұқсас сипатта жыл басынан бері Caspian Catering Service, NBKS, Өзенэнергосервис, KMG-Security, МұнайСпецСнабкомпани т.б. кемінде он шақты еңбек ұжымы еңбек жағдайын жақсартып, жалақыны өсіруді талап етіп, ереуілге шыққан, кейбірі аштық жариялауға да мәжбүр болған.
Қазақстанда еңбек мәселелері жиі көтеріледі. Сарапшылар мен желі қолданушылары пандемия кезіндегі қымбатшылық пен әлеуметтік ахуалдың нашарлауы себепті жұрттың тұрмысы тіпті қиындап, көбі күнкөріс хәлінде тіршілік етіп жүргенін айтады.