Тәжікстан Қытайға наразылық нотасын жолдады. Тәжік СІМ тарабы Қытайдағы кейбір ақпарат құралдары жариялаған мәліметтерді «арандатушылық» деп таныған. Бұған дейін бірқатар қытайлық интернет басылымдарда қазіргі Тәжікстан территориясы біркездері Қытай жері болған деген мазмұндағы ақпарат таратқан болатын.
Қытайға наразылық нотасы жолданғанын Тәжік СІМ басшысы Сирожиддин Мухриддин баспасөз жиынында мәлімдеген. «Бұл арандатушылыққа қарсы біз барлық шараларды жасадық. Қытайға наразылық нотасын жолдалық және біздің Қытайдағы дипломаттарымыз ҚХР СІМ өкілдерімен және БАҚ өкілдерімен кездесті. Нәтижесінде арандату сипатындағы материалдар өшірілді», – деген Тәжікстан СІМ жетекшісі.
Қытай интернет басылымдарында жарияланған мақаланың толық мазмұнын таба алмадық. Дегенмен, онда «Памир тауларындағы бұрынғы жоғалтып алған территориямыз өзінің заңды иесіне, Қытайға қайтарылып берілді» деген мазмұнда жазылғанын өзбек пен тәжік БАҚ-ы жазды. Бұл жазбалар Қытайдың ақпараттық ортасында бірден кең тарап кеткені де айтылады. Ол да болса Қытайдағы ішкі әлеуметтік көңіл-күйді сипаттаса керек.
Тәжіктердің наразылығынан кейін Қытай СІМ тарабы: «Бұндай жазбалар тәуелсіз ақпарат құралдарында жарияланған және ол ресми Бейжіңнің ұстанымын білдірмейді», – деген мазмұнда мәлімдеме жасаған. Бір қарағанда мұндай жауап қазақ қоғамына да таныс секілді. Бұған дейін Қытайдағы тәуелсіз ақпарат құралдарында жарияланған жазбаға қатысты Қазақстан СІМ тарабының наразылық нотасына да осындай жауап берілген болатын.
Орыстың «Взглад» басылымы қаңтардың бас шенінде «Как Китай забрал территорию у бывших советских республик» деген материал жариялап, Кеңес одағы ыдырағаннан кейін Қытаймен шекара анықтауда Тәжікстан ең көп шегініс жасағанын, Қытайға 1,1 шаршы шақырым жер бергенін жазған еді. Онда Кеңестен кейін қайта шекара айырысу кезінде Қытайдың Қазақстаннан 34 мың шаршы шақырым «даулы» аумақты талап еткенін, нәтижесінде Қазақстан тарабы 1994 жылы 946 шаршы шақырым аумақты бергенін, 1997 жылы қазақ-қытай ресми шекара бекіту келісімі кезіндегі ресми мәлімдемеде 407 шаршы шақырым аумақтың Қытайға өткені туралы айтылған. Әрине, бұндай жағдай қырғыздарда да болған.
Қытай ақпарат кеңістігінде бұған ұқсас жазбалардың жарияланып жататыны бізге белгілі. Кейде ел ішіндегі әлеуметтік наразы көңіл күйді басу мақсатында мұндай материалдар мақсатты түрде жарияланатыны да бар. Дегенмен, қоғам пікірі бір кезеңде биліктің ұстанымына айналып кету мүмкіндігін ескеріп, сақ қарап, дәп жауап беріп отырудың маңызы зор.