Коронавирустың «Дельта» деп аталатын үнді штамы әлемнің 90 елінде тіркелді. Мәліметтер бойынша, індеттің бұл түрі адамға өте тез жұғады, әрі тез тарайды.
Қазір вирустың бұл штамы АҚШ, Ұлыбритания, Португалия, Швейцария, Жапония, Польша, Непал, Ресей, Қытайда және Қазақстанда да анықталған. Ұлыбританияда вирус жұқтыру деректерінің 98%-ы дәл осы дертпен байланысты. Он шақты күн бұрын ғана бұл көрсеткіш 91% шамасында болған. Франция бойынша «Дельта» штамын жұқтыру көрсеткіші 10%-ға жеткен. Салыстырмалы түрде бұл АҚШ пен Германиядағы жағдаймен бірдей.
Жақында ғана коменданттық сағатты алып тастаған Италияда әр бесінші науқас «Дельта» дертіне шалдыққан. Ал инфекцияға шалдыққан тұрғындардың 60%-інен үнді штамы табылған Португалия пандемияның төртінші толқынын жанияламақ.
Еуропадағы санитарлық ведомстволар тамыздың соңына қарай Еуроодақ аумағындағы науқастардың 90%-ынан «Дельта» штамы анықталуы мүмкін деген болжам жасады.
Коронавирустың үнді штамы басқа түрлеріне қарағанда 60%-ға жұқпалы. Орташа алғанда, бір адамнан 5-6 адамға жұғуы мүмкін. Үндістанның бас вирусологы Шахид Джамиль: «B.1.617 штамы екі мутацияға ұшыраған. Яғни адамның жасушасына жабысатын вирустың тікен пішінді ақуызы өзгерген» дейді. Ал дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, B.1.617 штамы Үндістанда алғаш рет былтыр қазанда шыққан. ДДСҰ Үндістан штамын «қызық мутация» деп сипаттап, «бұл штамм екпені айналып өтуі де мүмкін», – дейді.