Халықаралық қауымдастық Қытайдағы Олимпиада ойындарына дипломатиялық бойкот жариялауы керек. Бұл пікірді АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси (Калифорния штатының демократы) заң шығарушылар жиынында айтты.
АҚШ Мемлекеттік иерархиясында үшінші маңызды лауазымға ие Пелоси: «Бойкот аясында әлемнің жетекші елдерінің басшылары ҚХР-дағы Олимпиада ойындарына қатысудан бас тартуы керек. Олимпиадаға бару арқылы Қытай үкіметіне құрмет көрсетудің қажеті жоқ», – деді.
АҚШ-тағы Қытай елшілігінің өкілі Лю Пэнъю Пелосидің үндеуіне жауап ретінде Twitter-де: «Кейбір америкалық саясаткерлердің Олимпиаданы желеу етіп Қытайдың ішкі ісіне араласуы әдеттегідей сәтсіздікке ұшырайды және халықаралық қоғамдастық мұны құптамайды. Бір қызығы, Америкадағы кей саясаткерлердің моральдық билікке ие болуына не себеп болады? Адам құқықтары мәселелеріне келетін болсақ, олардың Қытайға негізсіз сын айтуы дұрыс емес. Қысқы Олимпиада ойындарына келетін болсақ, біз олимпиадалық Хартия рухына қайшы келетін және сайып келгенде барлық спортшылардың адал күреске деген құқығына нұқсан келтіретін спортты саясаттандыруына қарсымыз», – деді.
8 наурызда Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Чжао Лицзян «адам құқықтарын қорғау ұранымен ірі жарыстарды өткізбеу және басқа мемлекеттердің ішкі істеріне араласуға тырысатын жекелеген елдер мен ұйымдардың әрекетіне қарсымыз» деген. XXIV қысқы Олимпиада 2022 жылы 4-20 ақпан аралығында Бейжіңде өтуі тиіс. 2015 жылдың 31 шілдесінде Куала-Лумпурдағы Халықаралық Олимпиада комитетінің сессиясында дода өтетін орын ретінде ҚХР астанасы таңдалды.
Қысқы ойындарға бойкот жариялауды Канада, Норвегия, АҚШ саясаткерлері, сондай-ақ әр түрлі елдерден келген 200-ге жуық адам құқықтары жөніндегі ұйымдардың өкілдері ұсынған. Оған Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы адам құқықтарына қарсы саясаты себеп болып отыр.
Кейінгі жылдары БҰҰ мен халықаралық зерттеушілер Қытай Шыңжаң өлкесінде миллионнан аса ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да мұсылмандарды лагерьге қамады деп мәлімдеген. Құқық қорғаушылар жүздеген мың адамның діни рәсім жасағаны немесе шетелдегі таныстарымен байланыс орнатқаны үшін негізсіз түрмеге қамалғанын айтқан.
АҚШ үкіметі мен Бельгия, Нидерланды және Канада парламенттері Пекинді геноцид жасап отыр деп бірнеше рет айыптады. Қытай Шыңжаңдағы іс-әрекетін «терроризммен күрес», ал лагерьлерді «кәсіпке баулитын орын» деп атаған. Бейжің батысты Қытайдың «ішкі ісіне араласты» деп сынайды.