Қырғыз-тәжік шекарасында тұрғындар, әскери қызметкерлер арасында болған қақтығыстан жиырма шақты адам қаза болып, жүзден астам адам жарақаттанған. Қырғызстандағы Баткен облысындағы қақтығыс аумағынан 13,5 мың тұрғын қауіпсіз жерге көшірілген. Осыған байланысты екі ел басшылары бірлескен мәлімдеме жасады. Тараптар қарулы қақтығысты тоқтатып, жеке құрамдар мен әскери техниканы шекарадан алып кетуге келісті. Екі елдегі ахуалға алаңдаушылық білдірген Қазақстан президенті Тоқаев жағдайды реттеуде қол ұшын созуға дайын екенін айтты.

Құжатқа Тәжікстан Мемлекеттік Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы мен Қырғызстан үкіметінің Баткен облысы бойынша тұрақты уәкілі қол қойған. Енді екі елдің құқық қорғау органдары мен атқарушы билік өкілдерінен жұмыс тобын құрады. Олар жоспарды жүзеге асыру мен келіссөздердің жемісті жүруін қамтамасыз етеді.

Кеше Тәжікстанмен шекарадағы жергілікті тұрғындар арасындағы қақтығыс ушығып кетті. Бұл мәселеде ресми Бішкек Душанбені айыптай сөйледі. Қазір Қырғызстанның үш ауылдық округінің аумағында төтенше жағдай режимі енгізілді. Қырғыз елінің Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті шекара қызметінің мәліметінше, оқты тәжік сарбаздары бірінші болып атып, миномет орната бастаған. Ал Тәжікстан тарабы Қырғызстан әскерін айыптап отыр.

Кейіннен Қырғызстан премьер-министрі Улукбек Марипов пен Тәжікстан премьер-министрі Кохир Расулзода бейсенбі күні Қазан қаласындағы алдын-ала жоспарланбаған кездесу кезінде мәселені күшпен шешуге жол беруге болмайтынын айтқан. Қырғыз үкіметінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, тараптар мәселені келіссөз арқылы шешуге дайын екенін білдірді. Бұл жағдайға байланысты мәлімдеме жасаған Қырғызстан президенті Садыр Жапаров«барлық тұрғындарды, оның ішінде саяси күштер мен ақпарат құралдарын арандатуға берілмей, араздық отын жақпауға» шақырды. Сондай-ақ Жапаров «тәжік бауырларымызбен тіл табысамыз, барлық мәселелерді шешеміз» деді.

Қазақстан реакциясы

Көрші елдегі жағдайды назарға алған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел шекарасындағы жағдайды реттеуге қол ұшын беруге дайын екенін мәлімдеді. Ол мәлімдемесінде: «Өз тарапымнан мәселені шешудің тиімді жолдарын қарастыруға және өзара сенімді қайта қалпына келтіруге күш салуға дайынмын. Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кезекті консультативтік кездесуі аясында мұндай шекаралық қақтығыстарды реттеудің тетіктерін қарастыру қажет деп санаймын», – деді.

Шекарадағы қарулы қақтығысты «қатты алаңдаушылықпен» қабылдағанын жеткізген Тоқаев екі елдің атысты тоқтатып, келіссөз бастау ниетін құптады.

Кеңес Одағы 1991 жылы құлағалы бері Орталық Азиядағы кейбір мемлекеттер шекара мәселесін шеше алмай келеді. Әсіресе, Тәжікстан, Өзбекстан мен Қырғызстанға ортақ Ферғана аңғары бойындағы аумақтың даулы тұстары көп. Қырғыз-тәжік шекарасының ұзындығы шамамен 980 км. Қазірге дейін 580 километріне байланысты делимитация және демаркация жұмыстары жүргізілген.

Демаркация жөніндегі комиссияның соңғы отырысы 2021 жылғы наурызда өтті. Делегацияны Тәжікстан мен Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеттерінің төрағалары басқарды. Бірақ шекараның келісілмеген тұстары сондағы елді мекендердегі су, жер және әлі анықталмаған шекараны кесіп өту мәселелері дауға жиі себеп болады. Даудың соңы жанжалға ұласып, тараптар бір-біріне тас атады, кейде қарудан оқ атады.

Ал 1980 жылғы екі жақты келісімге сәйкес, тарату бекетіндегі су қорының 37%-ы Қырғызстанға, 63%-ы Тәжікстанға тиесілі. Шекараның нақтыланбауы мен суға талас екі ел арасында осындай қақтығыс тудырып келеді.

"The Qazaq Times"