Қырғыз-тәжік шекарасында қарулы жанжал тағы қайталанды. Кеше, 22 желтоқсанда Қырғызстан Шекара қызметі Тәжікстанмен шекарада оқ атылғанын растады.
Қырғыз ақпарат құралдарының мәліметіне қарағанда, екі ел шекарасында Тәжікстанның шекара қарауылдары оқ атқан және қырғызстандық азаматтың жүк көлігін мәжбүрлеп өз шекарасына алып кіруге тырысқан.
КАМАЗ жүк көлігіннің жүргізушісі қырғызстандық куәгердің айтуынша, үш тәжікстандық шекара қызметкері оның көлігіне отырып алып, көлікті Тәжікстан шекарасының ішіне қарай айдауға мәжбүрлеген. Қырғызстандық жүргізуші назар аударту мақсатында жолдағы өзге көліктердің жолын бөгеп, тәжік шекара қарауылдарының өзін мәжбүрлеп алып бара жатқанын айтып үлгірген. Бұл кезде тәжік қарауылдары көліктен секіріп түседі, ал жүргізуші көлікті тоқтатпай айдап, құтылып кетуге тырысады. Тәжік қарауылдары көлікке қарата үш рет оқ атады. Оқ көліктің алдынғы терезесіне және дөңгелегіне тиген. Қырғызстандық азаматқа оқ дарымаған, дегенмен әйнек сынықтарынан жарақат алған.
Оқиғадан кейін шекаралық аймақ Баткенде күзет күшейтілді. Қаір Қырғызстан Шекара қызметінің Баткен облыстық басқармасы болған оқиға бойынша тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
Айта кетейік, осы оқиғадан бұрын қырғыз Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті Шекара қызметіне бірқатар жаңа әскери көліктер берілді. Салтанатты шара кезінде ел президенті Садыр Жапаров та болған. Осы шара кезінде ҰҚМК төрағасы Қамшыбек Ташиев шекара қызметі үшін түркиялық «Байрактар» ұшқышсыз ұшу құрылғыларына тапсырыс берілгенін мәлімдеген болатын.
Қырғыз мен тәжік арасында 450 шақырымнан астам анықталмаған шекара сызығы бар. Бұл бойынша тараптар жиі жанжалдасып, кейде қарулы қақтығысқа да барады.