Еуроодақ пен Мәскеу арасындағы қарым-қатынас соңғы апталарда шиеленісіп кетті. Осыған байланысты өткен Еуропарламент жиынында Алексей Навальный ісі, Ресей-Украина шекарасындағы жағдай мен 2014 жылы Чехиядағы оқ-дәрілер қоймаларындағы жарылыс талқыланды.
ЕО-ның сыртқы саясат жөніндегі Жоғарғы өкілі Жозеп Боррель Ресейде адам құқықтары мен бостандығы үлкен мәселе екенін айтты. Сонымен қатар одаққа мүше елдердің басшылары Навальныйды босатуды талап етті. Енді бұл істі Еуропаның Адам құқықтары жөніндегі соты кезектен тыс қарамақ.
Халықаралық орган Ресей үкіметіне оппозиционердің түрмеде құқықтарының сақталуы және оған көрсетіліп жатқан медициналық қызметтің сапасына қатысты сұрақтар жолдаған. Сауалға Ресей билігі 12 шілдеге дейін жауап беруі тиіс
Кремль сыншысы Алексей Навальный 31 наурыздан бері аштық жариялап, денсаулығы нашарлаған. Өткен аптада Покровадағы түрмеден сотталғандарға арналған облыстық ауруханаға ауыстырылды. Бұған дейін Навальныйды емдеген дәрігерлер оның қан анализінің қорытындысын жариялап, дәрігер Анастасия Васильева науқастың жүрегі тоқтап қалуы мүмкін деп ескерткен. Наурыздың соңында мыңнан астам дәрігер билікке ашық хат жазып, саясаткерге тәуелсіз дәрігерді кіргізуге шақырған.
Еуроодақ дискуссиясының екінші тақырыбы – Украина мен Ресей байланысы. Украина шығыста ресейшіл сепаратистермен күресіп жатыр. 2014 жылы көктемде Ресей Қырым түбегін басып алғаннан кейін Донбаста қарулы қақтығыс басталған. Кейінгі апталарда Украина шығысы мен Қырымда Ресей әскерінің көбеюі Киев пен Батыс елдерінің алаңдаушылығын туғызған. 23 сәуірде Мәскеу Украинамен шекара маңынан әскерін әкете бастаған.
27 сәуірде Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу Украинамен шекара маңынан әскер әкету туралы шешімге Батыс қысымы әсер еткен жоқ деп мәлімдеді. Мәскеу қорғанысты нығайту үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды деді ол. Министр сонымен бірге Ресейге жақын аумаққа НАТО күштерінің шоғырлануына да алаңдаушылық білдірген.
Ресей Украинаның Қырым түбегін 2014 жылы наурызда заңсыз аннексиялап алып, түбектегі әскери әлеуетін күшейте бастаған. 2014 жылы көкьтемде Украинаның шығысындағы Донецк және Луганск облыстарында ресейшіл сепаратистер мен үкімет әскері арасында қақтығыс басталған. Украина мен Батыс елдері Мәскеуді сепаратистерге қолдау көрсетіп отыр деп айыптайды. Бірақ Кремль мұны жоққа шығарады. Алайда, 2016 жылы қарашада Халықаралық қылмыстық сот Украина шығысындағы қақтығысты «Украина мен Ресей арасындағы халықаралық қарулы қақтығыс» деп таныған. Америка мен Еуроодақ елдері Қырымды Ресей жері ретінде мойындаған емес.
Батыс елдері мен Ресей байланысы соңғы кездері бұрынғыдан да ушыға бастады. 17 сәуірде Чехия әскери қару-жарақ қоймасындағы 2014 жылғы жарылысқа Ресей барлау қызметінің қатысы болуы мүмкін деп, Ресей елшілігінің 18 қызметкерін еліне қайтару туралы шешім қабылдады. Еуроодақ өкілдері егер Ресей адам құқықтары мәселесі мен сыртқы саясатта агрессиялық бағыт ұстануын доғармаса, жағдай тіптен шиеленіседі деген пессимистік көзқарас танытты.