Сәрсенбіде, 21 сәуір Қазақстанның бас прокуроры Ғизат Нұрдәулетов президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауына кіріп, прокуратура саласындағы жағдай бойынша есеп берді. Оның пікірінше, елде құқық қорғау бағыты жақсарған.

Ақорда хабарламасында «Ғизат Нұрдәулетовтің айтуынша, сотқа дейінгі тергеу органдары прокурорлармен негізгі шешімдерін келісудің арқасында азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзу 33%-ға азайған» делінген.

Бас прокурор «кәсіпкерлерді мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттерінен қорғау» туралы да сөз еткен. Оның айтуынша, «жыл басынан бері 22 мың кәсіпкердің құқығы қорғалған, 357 заңсыз тексеру мен мемлекеттік органдардың 56 актісі жойылған».

Қазақстанда сот және прокуратура органдарының «заңсыздығына», конституциялық құқықтары қоралмақ түгілі сақталмайтынына шағымданатын азаматтар аз емес. Олар ауық-ауық астанаға дейін наразылық білдіруге барады.

Жуырда наурыз айының соңында АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен ресми баяндамасында Қазақстанды билігі оппозиция мен азаматтық белсенділерді қудалап, сөз бостандығын шектейтін мемлекет ретінде, сондай-ақ  Уганда, Венесуэла, Мьянма елдерінің қатарында атаған. Байден басқаруындағы АҚШ әкімшілігі адам құқықтары өрескел бұзылатын мемлекеттерге жиі санкция енгізіп, жауапқа тартатынын ескерткен. Бұған дейін ақпан айында Еуропарламент те Қазақстандағы адам құқықтарының аяқасты болғаны туралы қатты сынап, арнайы қарар қабылдаған еді. Батыс депутаттары адам хақын бұзуға қатысы бар шенеуніктерге жекелеген санкция енгізу жөнінде бастама көтерген.

Халықаралық The World Justice Project  ұйымының заң үстемдігі рейтингісінде Қазақстан 113 елдің ішінде 62-орында тұр. Көрсеткіштер бойынша, былтыр елдегі ахуал ашық үкімет және негізгі құқықтар жағынан нашарлаған.

"The Qazaq Times"