Қырғызстанда өткен референдумның алғашқы қорытындылары белгілі болды. Азаттық үналғысы сайлаушылардың 79%-ы Конституцияның президент өкілеттілігін күшейтетін жобасына қолдап дауыс бергенін жазды.

Орталық сайлау комитетінің мәліметінше, дауыс беруге сайлаушылардың 37,4%-ы ғана қатысқан. Саяси шараға 31 мемлекеттің 183 халықаралық бақылаушысы аккредиттелген. Бақылаушылар Ресей, Әзірбайжан, Беларусь, Ұлыбритания, Қазақстан, Македония, Молдова, Сауд Арабиясы, Түркия, Өзбекстан, Украина, Франция, Жапония және басқа да елдерден келді.

Конституцияға өзгерістер енгізу туралы шешім Қырғызстанда 2021 жылы 10 қаңтарда өткен референдум барысында қабылданған. Яғни президент билігін күшейтуді елдің қазіргі президенті Садыр Жапаров ұсынған. Жапаров жаңа конституцияны толықтай қырғыз мамандары әзірлегенін, осыған дейінгі конституцияның «шетелден көшірілгенін» айтты.

Жаңа конституция толықтай енгізілгеннен кейін «Халық құрылтайы» атты президент бақылауындағы жаңа құрылым жұмысын бастайды. Сарапшылар аталған құрылтай парламентке балама болып, президентке парламент билігін шектеуге жол береді деп санайды. Бірақ Жапаров «билік толығымен президентке өтеді» деген тұжырымдарды жоққа шығарды. Сонымен қатар, жаңа заң парламенттегі депутат санын 120-дан 90-ға дейін азайтып, президентке судьялар мен құқық қорғау құрылымдарының басшысын тағайындауға мүмкіндік береді.

52 жастағы Жапаров – авторитар басшылардың ұзақ жыл билікте отыруы дәстүрге айналған Орталық Азиядағы қазіргі ең жас президент. Ол билік басына келгенде Конституцияға өзгерістер енгізуді қолға алған. Бұл мәлімдемеден кейін Human Rights Watch ұйымы мен бірқатар заңгер қазіргі парламент сайлауының мерзімі өтіп кеткенін, сол себепті оның Конституцияға өзгеріс енгізу туралы бастама көтере алмайтынын айтқан. Ал жергілікті сарапшылар Садыр Жапаровтың президенттік басқару формасына өту бастамасы елді Орталық Азияның өзге елдеріндегі секілді авторитарлық режимге әкелуі мүмкін деп алаңдаушылық білдірген.

"The Qazaq Times"