Наурыздың 18-інде АҚШ сыртқы істер министрі Антони Блинкен мен Қытай СІМ басшысы Уан И Аляскада аса маңызды кездесу жасады. Осы кездесуден соң қос үйекке жіктелгендей болған екі жарты шардың алпауыттары тоқтаусыз стратегиялық маңызы бар кездесулерді бірінен соң бірі бастап кетті.
АҚШ СІМ тарабы Жапон, Корея, Үндістанмен маңызды кездесулер жасап жатқанда 22 наурыз Ресей сыртқы істер министрі Лавров Гуйлиньде Қытай СІМ басшысы Ван Имен кездесті. 24 наурыз Түркия СІМ басшысы Мевлют Чавушоглу (Mevlüt Çavuşoğlu) Брюссельбегі НАТО сыртқы істер министрлерімен бас қосуында Блинкенмен кездесті. 27 наурыз Қытай-Иран СІМ басшылары маңызды тарихи кездесу жасады да аса ірі стратегиялы құжатқа қол қойды. Иран осы маңызды келсімнен соң Орталық Азия елдерін бетке алып 7 сәуір біздің елге келді, оны кеше көрдіңіздер. Ресей кеше, 8 сәуір бізбен маңызды кездесу жасап отыр. Лавров бізге не мақсатта келіп, қандай ұсыныс жасағанын байқадыңыздар?
Естеріңізде болса, он күннің алдында Иран-Қытай 25 жылдық екіжақты стратегиялық ортақ келсімге қол қойды. 400 миллиард долларлық маңызды стратегиялы экономикалық һәм қауіпсіздік келсімнің қабылдануы Батыс пен АҚШ алпауыт елдері назарын қатты аударды. АҚШ Қытайдың сыртқы ықпалы Орта Шығыс аумағында негізгі күшке айнала бастады деп болжап отыр (29 наурыз, The New York Times).
Бұл стратегиялық келсімнің алда өңірлік саяси қатынастарға жасайтын әсері бөлек әңгіме. Соның ішінде Иран-Қытай қатынасының Орталық Азияға ықпалы тіптен қызық болмақ. Қытаймен оқшау қатынастар жасау арқылы Орта Шығыста басты күшке айналғысы келетін Иран санкциялардан толық арылды деу қазірше қиын.
АҚШ әскері бірінші мамырға дейін Ауғанстан территориясынан толығымен шегінуін талап етіп жатқан Талибандар, 2020 жылғы "Доһа келсімін" көлденең тартуда. Зәудеғалам, АҚШ әскері өңірден толықтай шегінген жағдайда Орталық Азияны қандай балама күштер күтіп тұр, сол қызық? Ферғана мен Ауғанстанда террористік іс-қимылдар арта ма, Ресей бұған қандай реакция көрсетуі мүмкін. Бұл бір.
Екіншісі, Қытайдың Иранға жанасуы, ортақ стратегиялы келсімдер жасауы Орталық Азияға бағытталған Қытайдың сыртқы саясатын одан сайын кеңейте түсуі бек мүмкін. Қазір Қытай-Иран-Ресей үш ел өзара экономикалық, қауіпсіздік және ынтымақтастық аясында кезең-кезеңімен маңызды кездесулер жасап, келсімдер қабылдап жатқаны анық (Иран келісімінен бес күн бұрын Ресей Қытайға барды, т.б. дегендей).
Осы келсімдердің дені қауіпсіздік мәселесіне бағытталып отырғаны жайдан жай емес. Қытай 400 миллиард долларлық инвестиция салуға келіскен екен оның қауіпсіз һәм қамтамасыз болуы басты шарт. Бірақ, АҚШ-Иран арасындағы ядролық бағдарламаға қатысты дау-шар толық шешілмей тұрғанда және Қытай ықпалының Орта Шығыста артуын стратегиялық қателік көретін АҚШ бастаған алпауыт күштердің бұл аймаққа бағытталған сыртқы саясаты одан сайын күрделене түсуі бек мүмкін. Бұл Орталық Азия елдерін де шарпи түспекші.
Үшінші, Қытай-Иран қатынастарының жаңа деңгейге көтерілуі Ресейдің Орталық Азияға бағытталған саясатын да арттыра түседі. Ең басты орында қауіпсіздік пен тұрақтылық тұр. Ресей Украинға әскери сес көрсету арқылы Орталық Азияға да айбарын танытып жатыр. Ресей Қорғаныс министрлігі Орталық Әскери Окургтің кеңейтілген ірі тұрпатты қарулы жаттығуы Орталық Азияны да қамтитынын жанамалай баяндаған баспасөз хабарламасы соны аңғартады. Өйткені жақында ғана өткен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті Ресейдің басты саяси нысандарының біріне айналғандай. Ресей өңірдегі түркілік жақындасуларды өз ықпалы аясында қарастыруы, өз мүддесіне пайдаланып қадағалап отыруы бек мүмкін. Ресей Түркілік ынтымақтастықты мәдени шеңберде ғана ұстап, саяси түсіністікке баруын түрлі жолдармен шектеп отырады, бірақ толықтай жоққа да шығара алмайды. Өйткені Иран және Қытай факторы бар. Түркілік саяси ортақтықтың аса белсенді болмайтынын Ресей жақсы біледі, өйткені түркілік саяси бірлікке ұмтылушы мемлекеттер бір-біріне қарама-қайшы саяси һәм қауіпсіздік ұйым, одақтарынан бас тартуы тиіс, ал ол қазіргі жағдайда мүмкін емес.
Төртінші, Иран Қытаймен ірі стратегиялы келсімге қол қойған екен Орталық Азия елдерімен ынтымақтастығы арта түседі. Қазақстан үшін жаңа мүмкіндік те, қауіптің жаңа түрі де туындап тұр. Қаупі қандай қауіп, ал мүмкіндігі қайсы, бұл Қазақ қоғамында сауатты талқыға салынуы тиіс.
Бесінші, Ауғанстандағы күштер АҚШ әскерінің елден толық шығуын талап етіп жатқанда Ресей Сібір, Арктика, Орталық Азия, Памир, Қапқаз бен Шығыс Украин маңындағы әскери нысандарын күн сайын күшейтуі "сап таяққа ас құйып, сабына қарауыл қоятын" әлемдік жаңа текетірестің Орталық Азияға жақын аймақта ушығатынын алдын-ала болжаудан туған болуы да мүмкін. Өйткені, жақында Ташкентте кездескен Шаңхай Ынтымақтастық Ұйымы мүшелері қауіпсіздікке саятын жаңа ортақ шешімдерді бірден қабылдады. АҚШ бастаған алпауыт елдер Азия-Тынық Мұхит пен Үнді-Тынық Мұхит аймағындағы елдерді жаңа текетіреске сайлауыттап жатыр. Дейтұрғанмен, бұндай болжалды өңірлік стратегиялы қауіптері кейде сол өңірдегі Ресей мен Қытай үстемдігін жаңа белеске көтеріп те жібермекші. Қазіргі саяси технология: "қауіп төндірем деп келмейді, саған қауіп төніп тұр екен" деп келеді емес пе.
Алтыншы, біртұтас Орталық Азия осы кезеңдерде аймақтық держава Қытай және Ресеймен көпжақты ынтымақтастық жасайды. Өзбекстан Қытайға көбірек бейімделсе, Қазақ-Қырғыз орысқа жақындай түседі дегендей. Көрші алпауыт елдермен болған жақындасулар Орталық Азияның ішкі саяси түсіністігіне өз әсерін тигізбей қоймайды.
Жетінші, Қытайдың Орталық Азия саясатында ирандық шиттердің идеялогиялық ұстанымы жанама саяси тактикаға айналады. Қытай Синьцзян (新疆) өлкесіндегі хотандық аз санды шиттерді келешекте үлкен саяси стратегиялы ойындарға дайындап жатыр. Хотан-Қорасан-Иран дәліздік белдеуіндегі түрлі типтік ерекшелікке ие шиттік идеология жаңа өңірлік проблеманың бастауы болмақшы. Ресей осы қауіпті бәсеңсіту үшін Орталық Азиядағы діни күштермен шыт жаңа ынтымақтастыққа баруы да мүмкін.
Елдес ОРДА