Кейінгі кезде әлеуметтік желілерде «үшінші толқын» ретінде аталып жүрген наурыз және сәуір айларында нашарлаған эпидемиологиялық ахуалды терістейтін пікір легі жиіледі. Былтыр да ауруханадағы жағдай туралы ақпарат барынша жасырылып, тіпті дәрігерлермен тілдесуге барған журналистерді полиция алып кеткені есімізде. Ақпараттық вакуумның ақыры инфодемияға шыратып еді. Министрлік болжамының қателігі мен үкімет дайындығының жеткіліксіздігінен және шынайы жағдайдан бейхабар жұрттың босаңсуы себепті «маусым-шілде қырғыны» орын алды.
Редакция осы тауқымет қайталанбас үшін ақпараттық жағынан қоғамға қажетті визуал-материал ұсынбақ оймен ауруханадағы ахуалды көріп қайтуға әкімдікке ресми сұрау салдық. Арада бір апта өткенде әкімдік ауруханаға кіруге мұрсат беріп, алдын ала ПТР тестінің қорытындысын талап етті. Сондай-ақ «қызыл аймақтан» вирус жұқтырып, ауыра қалған жағдайда жауапкершілікті өз мойнымызға алатынымыз туралы қолхат сұратты. Жұма күнгі жұмыс сапарымен жұқпалы аурулар ауруханасына жол тарттық.
2 сәуір. Жол үстіндеміз. Көлік қанша тездетсе де жетер емес. Түрксіб ауданының терістік түкпіріндегі ауруханаға таяп қалдық. Қоянқұс елді мекенімен бір бойлықта Алматы-Қапшағай магистралі мен Іле тас жолының арасында орын тепкен аурухана маңдайындағы ірі әріптер көріне бастады.
«И.С.Жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының филиалы» деген жазу.
Айтпақтай, бұл ғимарат былтыр қысқа қарай ашылған. Байзақов пен Жандосов көшелерінің қиылысында орналасқан 90 жылға жуық тарихы бар қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының екінші филиалы. Үкімет 2006 жылы ауруханаға осында 1950-1979 жылдары қызмет еткен бас дәрігер Изатима Жекенованың есімін берген.
Есік аузындағы күзет бірден кіргізе қоймады. Басқарманың баспасөз хатшысы Ақшолпан Қалданқызы келген соң ғана «жол ашылды».
Момышұлы даңғылында бірер аптада бой көтерген, бюджеті даулы модульді аурухананың пациенттері былтыр қарашада толықтай тазалану үшін жабылып, былтыр 30 қарашада осында көшірілген. Дегдар көшесіндегі ауданы 28,5 мың шаршы метрден асатын үш бірдей ғимарат 4 гектар аумақты алып жатыр. Бір уақытта 500 адам қабылдай алады: қарқынды терапия және реанимация бөлімінде 45 орын бар. Ауруханамен тіркес айтылатын «РВ-90» сөзі аяладаманың ескі атауы екен.
Ақпарат құралынан бар-жоғы үш кісі жиналған екенбіз. Әкімдіктің ақпараттық саясатын іске асыратын «Алматы» телеарнасының тілшісі мен операторы осында. Үшеуімізді медқызметкерлер айналып-толғанып жарты сағат киіндірді: қос-қостан қолғап, жеңіл сым-көйлек пен сыртқы камуфляж кигізіп, тірсекке дейінгі жұқа шұлық тартқызып, резеңке етік кигізіп, көзілдірік тақтырды. Барлығы да бір ретке қолдануға арналған медициналық жұқа материалдан.
Тал түс кезі. Қабылдау бөлімін аралап жүрміз. Сағат 12.20.
«Науқастар жедел жәрдем көлігінен келіп түскен бойда зерттеу басталады. Тыныс органдары зақымдалған және зақымдалуы мүмкін барлық пациент ПТР тестінің қорытындысына қарамастан арнайы кесте бойынша компьютерлік томографиядан өткізіледі. Себебі ПТР сынамасы кейде соншалық сенімді нәтиже бомауы да мүмкін. Өкпедегі өзгерістер мен клиникалық белгілерін көру арқылы пневмонияның түрлі деңгейі, тіпті туберкулез, өкпе ісіктері не метастаздар анықталып жатады. Аурухана бірінші эшалонға жатқандықтан, жедел жәрдем, емхана деңгейінде алдын ала сұрыптау жұмысы жүргізіледі. Бізге мобильді топтар тек жағдайы ауыр науқастарды әкеледі», – деді аурухана бас дәрігерінің орынбасары Тамара Утаганова.
Бөлімдерді беталды аралауға болмайды екен. Әр бөлімнің өз деңгейі бар. Спиральді жүйеге құрылған аурухананы аралау да бөлімнің сатысына қарай арнайы бағдармен іске асырылады.
«Төртінші қабаттағы реанимация бөлімінен шығып, бірінші қабаттағы обсервация бөліміне кіруге болмайды. Сондықтан таза кезімізде қатері төмен алғашқы сатыдағы бөлімге барып алған жөн».
Оның айтуынша, осыған дейін де, қазір де ауруханаға күніне 30-50 шақты адам түседі. Бүгінгі таңда 400-ден астам науқас бар. Аурухана 80% жүктемеде жұмыс істеп жатыр.
– Ауруханадағы 8 клиникалық бөлімнің екеуі обсервация ретінде жұмыс істейді. Мұнда 108 орын бар. ПТР нәтижесі теріс, клиникасы бойынша анықталатындар диагностикаланады. Стационарлық емге мұқтаж адам жатады. Жүкті әйелдерге бөлек бөлім арналған. Кесте бойынша шығарылады. Жаңадан түскен науқас пен ескі сырқат бірге кезікпеуі, жолы қиылысыпауы тиіс, – деді дәрігер.
Қазір ПТР тесті арқылы коронавирус анықталған 340 адам, одан басқа пневмония бойынша ондаған адам емделіп жатыр дейді.
Аурухананы таныстырып-көрсету жұмысын ары қарай бөлім меңгерушісі Абзал Малбасқанов жалғастырды. Ол ресми есепте «инфекция белгілері бар пневмония» ретінде, ДДСҰ Аурулардың халықаралық жіктелімінде «U07.2» кодымен (бұл код былтыр ақпан айында бекітілгенімен, Қазақстан Үкіметі халықаралық стандарт-ұсынымды бірден қолға ала қойған жоқ. Негізгі индиктор бойынша есепті қоғам қысымынан және «маусым-шілде қырғынынан» кейін тек 1 тамыздан жүргізе бастаған – QT) белгіленетін «коронавирус пневмониясының» тіркелу ретін түсіндірді.
«Бір жанұяда екі адамнан ПТР көмегімен ковид анықталса, сол үйдегі тағы бір мүшесінен теріс шығуы мүмкін. Бұл ПТР дұрыс емес деген мағына емес. Тест алу барысында танаудағы вирустың нақ үстінен түскен-түспегеніне байланысты. Адами фактор рөл ойнайды. Ондай жағдайда КВИ- жағдайы деп тіркеледі», – деді.
«Обсервацияда ПТР қорытындысы белгісіз, пневмонияға шалдыққандар жатады. Диагнозы нақтыланғанша, сапарлас немесе бір үйде тұратын адамдар бір палатада болады. Қорытындысы белгілі болғаннан кейін әркім өзінің деңгейіне лайық бөлімге жайғасады. Егер түрлі жағдайдағы науқастарды араластырар болсақ, бір-біріне жұқтырып, коллапсқа ұшырайды. Симптомсыз науқастар үй жағдайында амбулаториялық деңгейде емделеді. Хәлі ауыр, жансақтау бөлімінің көмегіне мұқтаждар бізге түседі», – деді ол.
Науқастан ПТР тесті бір рет алынады. Қателік кеткен-кетпегенін анықтау мақсатында обсервация бөлімінде қан құрамындағы антидене тексеріледі. Мұндай иммунды ферменттік анализ (ИФА) қандағы антидененің дамуын, яғни өршіп тұрған не ауырып «болғаннан кейінгі кезін, жасушадағы өзгерістерді» көрсетеді.
«Бір адамнан алынған ПТР тестінің екі лабораторияда әртүрлі нәтиже көрсетуінің себебі – зертхананың антиген әлуетіне байланысты. Дамыған-үлкен лабораториялар сынаманы 4 антиген бойынша зерттейді. Ал жай, спектірі қарапайым лаборатория 2 антиген үлгісінде анықтайды. Параметр мүмкіндігі аз, модификацияланбаған жағдайда мутацияланған штамдарды таба алмай қалуы мүмкін».
Бір кірген есіктен шығуға болмайды. Бөлімде емделіп жатқан және жаңа түскен науқастардың кіріп-шығатын есігі бөлек-бөлек дейді мекеме басшылығы.
Бөлім меңгерушісінің сөзінше, аурухана стандартқа сәйкес жарты жыл сайын толықтай жуып-тазаланады.
№2 бөлім. Коронавирус жұққаны ПТР тесті арқылы нақтыланған сырқаттар жататын бөлім.
«Тамақты әр палатаға алып келіп береді. Үлестіріледі. Әр бөлімде бір пост болады. Онда медбике, кіші мейірбеке, палата санитары, дәліз санитары, буфетке жауапты ассистент болады. Олар еден жууға араласпайды. Әр бөлімде 64 пациентке дейін ем ала алады. Әр дәрігер орта есеппен бір мезетте 15 дәрігерге қарайды.
Барлық жағынан жабдықталған: әр төсектің жанында оттек көзі, әжетхана мен душ, терезесі үлкен, палата кең әрі жарық, үш адамға 18 шаршы метр. Тәулігіне үш мәрте тазаланады, сонша рет кварц қосылады».
Есігі ашық тұрған палатаға кірдік. Үш кісі тамақтанып отыр. Сау етіп кірген ақкиімділерге аңтарыла қарап қалған.
«Алғаш түскенімде өкпемнің 25%-ы бүлінген еді. Қазір жағдайым жақсы. Тәбетім жаман емес», – деді бір пациент.
Жеке басын таспалауға рұқсат сұрағанымызда бас тартқан пациенттердің бет-жүзі түсірілмеді. Әңгімеге араласқан тағы бір әйелден хәл-күйін сұрастырдық.
«Өкпем 25%-бен түстім. Әлсіздік билеп, тәбетім болмайтын...»
– Шетелге шықпап па едіңіз?
«Жоқ».
– Медициналық бетпердені үнемі тағып жүруші ме едіңіз?
«Анда-санда масканы иекке түсіріп, мұрынды ашып жүретінмін».
Үшінші науқастың қасында тұрған қосымша жасанды тыныстау құрылғысын көріп, орта жастағы әйелді сөзге тарттық.
«Жатқаныма бір аптадай болды. Бірінші күні оттек құрылғысымен тыныстадым. Шетелге шыққаным жоқ. Дене қызуым 38,5-ке дейін көтеріліп, өкпем 60%-ға жарамсызданып, ауыр хәлде түстім. ПТР оң болып шықты. Қазір біршама жақсардым. Ешқайда барғаным жоқ» деді шаршаңқы отырған ол.
Дәліздің түкпіріндегі соңғы палатаға аяңдадық. Кіре бере үш төсектің төр жақтағысында ентігіп отырған зейнет жасындағы әйел көзге түсті.
Оттекке қосуға әлдебір дәрігерді атап шақырып жатты. Бөлім басшысы палатадан шығуға үгіттеп бақты.
«Бұл науқас 8 күн үйде өз бетінше емделген. Жазда естіп-көрген нәрсесін жасауға тырысқан. Зикмак, азетрамацин дегенді жаттап алған бәрі. Үш күн бұрын КТ-2 деңгейінде, өкпесі 50% хәлде түсті. Өкпесі асқынып тұр. Үйден шықпаған. Жақындары 8 наурызда құттықтап келгенде жұқтырған болуы мүмкін», – дейді дәрігері Сәуле Амангелді.
Дәрігердің айтуына қарағанда, қайтыс болғандардың басым бөлігі он күн, кейбірі екі апта бойы үйінде жатып алады. Сол себепті «бұл дерттің ең қиыны, қиямет саналуы – адам өкпесінің желініп жатқанын сезбеуінде».
Тәртіп бойынша, үшінші қабатта жағдайы ауыр, ал төртінші қабаттағы реанимация бөлімінде өте ауыр хәлдегілер жатады екен. Лифтке кірдік. Сұрақты қайда жаудырдық. Сөздің ауаны стационар қызметкерлері «әр екі аптада ПТР тестін тапсырып отырады» дегенге келді. Симптом байқалса, КТ-ға түседі, дәрігердің көбі «ерікті түрде» вакцина алған деді Малбасқанов.
Реанимация залына беттедік. Ғимараттар арасындағы өткелмен жүріп келеміз.
Ол «300 қызметкердің ПТР тестілеуден өтуін, қорғаныш киіммен қамтылуын, мониторинг жүргізу, санитарлық қызметке есеп беру, бос орындар туралы ақпаратты жолдау т.б. іспен айналысатын» эпидемиолог дәрігер Мирас Нартайұлын таныстырды.
«Қолданылған медициналық заттар утилизацияланады. Қауіпті медициналық қалдықтар автоклав аппаратында залалсыздандырылады. Содан кейін физикалық күйін жою үшін үгіттеледі, шприцтің өзі 1 мм-ге дейін уатылады. Осыдан соң өртеледі. Аса қауіпті қалдықтар стационар аумағында залалсызданып, утилизацияға шығарылады. Бөлімдердегі су ағыны да орталықтандырылған канализация жүйесіне жеткенге дейін химиялық күрделі тазарту процестерінен өтеді. Бұдан ақпан айында қатты және жұмсақ қалдықтар 2,3 тонна болса, қазіргі эпидахуалға байланысты наурыз айында 3,6 тоннаға ұлғайды», – деді аурухана эпидахуалына жауапты маман Мирас.
Бұл уақытта №2 реанимация залына келіп қалған ек.
Қызыл тақтайшаға жазылған 15 орынды «реанимация залы».
Жұмыс істеп тұрған құрылғылардың дыбысы, жөтелген, пластмасс желімен тыныстаған сырқаттар, қаулап жүрген дәрігерлер… «Жағдайы ауыр…» дей бергенімде сөзімді Малбасқановтың «ковидтің ісі ғой» дегені бөлді.
Төсекке таңулы жандардың кейбірінің жанары жұмулы, жүзінде тіршілік ізінен белгі жоқ. Мелшиіп тұрдым да қалдым. Бойдан жүріп өткен бір суық толқын сызғытып өтті.
Соңғы ресми мәліметке қарағанда, қала көлемінде реанимация және қарқынды терапия бөлімдерінде 277 орынның 173-інде хәлі нашар науқас жатыр.
«Коронавирус пневмониясының сырқаттарына, иммунитеті әлсірейтін жүкті әйелдерге арналған залдар жеке-жеке орналасады. Реанимацияда вируспен қоса туберкулезбен жатқан небір науқас болуы мүмкін, сондықтан ағзасы бөтен бактериямен былғанбас үшін бөлек емделеді», – деді бөлім жетекшісі Абзал Дүйсенбекұлы.
Реанимация бөлімінде көп кідіртпей, «шықта-шықпен» басқа палатаға алып кетті.
«Вирус мутацияланды дейді, біз де қарап отырғамыз жоқ. Уақыт өте білік-тәжірибемізді де жетілдіріп жатырмыз. Ковид болса, ауруханадан қорқудың қажеті жоқ. Қазір емделіп шығып жатқандар көп» деді Малбасқанов елдің вирус жоқ немесе ауруханаға түскендер қайта шықпайды деген қауесетке сенбеу керектігін айтып.
«Былтыр ораза кезінде бір әулеттен 18 адам түскенін» еске алған мейірбикенің бірі алдағы айда жұрт ауызашар жиынына бармаса дейді.
– Қалада ковидке арналған бір мәйітхана бар. Сонда тасымалдайтын арнайы көлік бар. Олар да қорғаныш киімімен, дизинфекциялық-санитарлық талаппен жеткізеді, – дейді Абзал Дүйсенбекұлы.
«Қызыл әрі лас аймақтан» шығарда эпидемиолог Мирас Нартайұлы нұсқаулық көрсетті.
«Қорғаныш киімін киіп-шешу өте маңызды. Киінген оңай, шешу қиын. Сол үшін қолыңызға екі қолғап тарттыңыз. Жеке қорғаныш киімдерінің бір реттік және көп қолданылуға арналған түрлері болады» деді.
Осылайша 2,5 сағатқа жуық уақытқа созылды. Шамамен 370-тей маманның 70-і дәрігер көрінеді. Қызмет барысында жұққандар болмады дейді аурухана басшысының орынбасары.
И.С.Жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының орталығы мен филиалдарын қоса алғанда, барлығы 940 орынның 740-ында адам емделіп жатыр. Бұдан өзге басқа да ондаған провизорлық стационарлар бар. Жалпы қалада 5610 төсек-орын дайындалған. Онда 3263 сырқат емделуде. 2,5 мың адамның жағдайы нашар, 638-і ауыр және 67 науқас тым ауыр хәлде. 103 бала жеңіл және орташа күйде.
Алматыда бір жылда сырқаттар қатары 42,5 мыңға дейін жетті. Көктем туғалы, яғни кейінгі бес аптада бұл көрсеткіштің 12 мыңы немесе 28%-ы тіркеліп үлгерді.
Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 255 мыңнан асса, 1 тамыздан былайғы коронавирус пневмониясы 51 мыңға жуықтаған. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 306 мыңға жақындаған. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді. Сондай-ақ пандемия кезінде жалпы вирус жұққандардың 5,4 мыңы (КВИ+ / U07.1 – 3110, КВИ- / U07.2 – 702, ілеспе аурулардан – 1619) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді.
Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Worldometers дерекқоры, Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 49-орында тұр.