Қазақстан Үкіметі былтыр пандемия басталған 1 наурыз бен биылғы 29 наурыз аралығында коронавирус жұқтырған 1619 адамды «басқа диагноздан қайтыс болды» деп ковидтің ресми есебіне қоспаған.
Сейсенбі күнгі брифингте QT редакциясының сұрағына вице-министр Ажар Ғиниятқызы наурыздың 1-інен 29-ына дейін 169 адам коронавирустың жанама әсерінен қайтыс болғанын мәлімдеді.
Билік аталған санаттағы пациенттен ПТР тесті арқылы коронавирус анықталғанына қарамастан, «басқа аурулардың себебінен қайтыс болғанын» алға тартып ортақ есепке енгізбейді. Министр орынбасары Ажар Ғиниятқызы былтыр күзде статистикадағы негізгі кемшіліктер туралы редакция тілшісімен 45 минут сұхбаттасып, әр айдың 10-ы өткен айдағы ілеспе диагноздан қайтыс болғандардың санын тұрақты түрде ресми ресурстарда жариялауға уәде еткен еді. Бірақ вице-министр сөзінде тұрмады. Ведомство бұл индикаторға тиесілі деректі тұрақты түрде емес, тілшілердің сұрауымен ғана жариялайды.
(!) Министрлік олардың өлімін «басқа дерттерден болды, коронавирус тікелей әсер етпейді» деп санайды. Жауапты мамандар бұл жайлы сирек сөз етеді, оның өзінде журналистердің сұрауымен. Ақпарат автоматтандырылмаған. 18 маусым 54 жағдай, 2 шілде 101, 23 шілде 319, 4 қыркүйек 556, 11 қыркүйек 576, 15 қазан 672, 9 қараша 709, 15 желтоқсан 764, 26 желтоқсан 816 жағдай, 20 қаңтар 938, 3 ақпан 1061 болып, 17 наурыз 1450, 29 наурыз 1619-ға дейін артқаны хабарланды.
Оның арасында жартысына жуығы қарттар, ондаған бала, тіпті жаңа босанған ана да бар.
Былтыр қараша айында 107, желтоқсанда 122 және биыл қаңтарда 123, ақпанда 389, наурызда 169 өлім тіркелген.
Осы санатта өмірден өткендердің дерегі коронавирустың мемлекеттік дерекқорына енгізілмейді. Сарапшылар мен мамандар бұған қарсы. Мұны «статистиканы мейілінше жақсартудың амалы» деп есептейді. Олардың айтуынша, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы мен тыныс алу жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырады. Соңғы дерек бойынша, аурулар тобы жіктелімін ведомство былай таратады:
- Қанайналым жүйесінің аурулары – кемінде 502 (34%)
- Тыныс алу жүйесінің аурулары – кемінде 538 (37%)
- Эндокриндік жүйенің аурулары – кемінде 86 (6%)
- Жаңа өскіндер – кемінде 46 (3%)
- Басқа жағдайлар – кемінде 156 (11%)
Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 245 мыңға жуықтаса, 1 тамыздан былайғы коронавирус пневмониясы 50,5 мыңнан асқан. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 295,5 мыңға жеткен. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.
Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардың 5353-і (КВИ+ / U07.1 – 3046, КВИ- / U07.2 – 688, ілеспе аурулардан – 1619) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінген 1619 адамды жалпы статистикаға енгізбейді.
2020 жылы «маусым-шілде қырғынында» 42 мың адам, ал 2019 жылы дәл осы аралықта 22 мың, 2018 жылдың жазғы екі айында 21 мың адам өмірден қайтқан. Демек былтыр кісі өлімі алдыңғы жылдан кемінде 20%-ға артты. 163 мың 613 адамның өлімі Қазақстан үшін жаңа ғасырдағы ең жоғарғы көрсеткішпен орны толмас қасіретке ұшыратты.
ДДСҰ қайтыс болған адамнан коронавирус инфекциясы анықталса, ағзадан тыс сыртқы фактордан, яғни оқыс апаттан көз жұмғандардан басқасын Covid өлімі статистикасына қосуға кеңес берген. Дегенмен Қазақстан үкіметі райынан қайтпады. Әлі күнге дейін параллель есеп жүргізіледі: жанама әсерден қайтыс болғандар саны не мемлекеттік, не халықаралық статистикаға енбейді.
Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Worldometers дерекқоры, Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 49-орында тұр.