Ras Aitamyn зерттеу тобы елде коронавирусқа шалдыққан сырқаттардың 13%-ы тиесілі, «қызыл аймаққа» жиі енетін Алматы қаласында індет өршіген тұста әкімдіктің БАҚ беттеріндегі пропаганда үшін бюджеттен миллиардтар жұмсағанын жазды.
«Алматы әкімдігі коронавирус індеті өршігенде «Хабар» арнасындағы 3 минуттық сюжетке қанша төлегенін білесіздер ме?
Алматы әкімдігінің қоғамдық даму басқармасы былтыр төтенше жағдай бастала бергенде «Хабар» агенттігімен 22 млн теңгеге келісімшарт жасасты. «Хабар» осы ақшаға дайындаған сюжеттердің дені Сағынтаевтың қызметін насихаттайды. Ал мұндай бір сюжеттің құны шамамен миллион теңгеден асады. Мысалы, «мемлекет басшысы жолдауындағы аумақтық даму» туралы 3 минуттық сюжет (1,5 минуты орысша, 1,5 минуты қазақша) үшін бюджеттен 1 100 000 теңге төленген. Ал былтыр маусымда, Алматыда төсек-орын мен дәрі-дәрмек жетпей жатқан уақытта шыққан 12 минуттық сюжет 4 400 000 теңгеге түскен.
Сағынтаев басқаратын әкімдік өздеріне қарасты қалалық «Almaty» телеарнасына да ақша аямаған. Былтыр наурызда төтенше жағдай кезінде әкімдік телеарнаға бірден 2,3 миллиард теңгенің тендерін бір-ақ берді. Төлем актісіне қарағанда, телеарна ай сайын әкімдіктен шамамен 240 млн теңге алып отырды.
Ал биыл қаңтарда әкімдік «Almaty» телерадиокомпаниясы» АҚ-мен 437 907 000 теңгеге келісімшарт жасасты. Бұл ақшаға қалалық телеарна Назарбаев, Тоқаев, парламент, үкімет, Алматы әкімдігі мен мәслихат жұмысын және мемлекеттік бағдарламаларды насихаттайды.
«Almaty» арнасы осы уақытқа дейін алған тендер бойынша екі есеп берген. 245,6 млн теңгенің тендері бойынша берген есепке қарағанда, бір сюжетке телеарна 729 845 теңге алған.
Ал жалпы, пандемия басталғалы бері «Almaty» телеарнасы әкімдіктен 2,8 миллиард теңгеге тендер алған.
Әкімдік өзіне қарасты «Вечерний Алматы» мен «Алматы ақшамы» басылымдарына да қамқорлық жасап, биыл қаңтарда конкурс өткізбей-ақ осы басылымдарының меншік иесі – Alatay Aqparat ЖШС-мен 112,7 миллион теңгеге бір көзден келісімшарт жасасты. Алматы әкімдігі өзіне қарасты басылымдарға 112,7 миллион теңгені небәрі екі айға берген, келісімшарттың мерзімі 28 ақпанда аяқталған.
Әкімдік бұл басылымдарға президент бастамалары мен мемлекеттік бағдарламалардың насихатына, әкімдік пен мәслихат қаулыларын көшіріп басқанға, тіпті отандық телеарналардың телебағдарлама кестесін жариялағанға ақша төлеген.
Пандемия басталғалы Алматы әкімдігі «Алматы ақшамы» мен «Вечерний Алматы» басылымдарына 479,3 миллион теңге тендер берген.
Сондай-ақ әкімдік «Qazaqstan» ұлттық арнасына конкурссыз 23,9 млн теңгенің тендерін берді. Ұлттық арна бұл ақшаға маусым айында індет өршіп, төсек орын мен дәрі-дәрмек жетпей жатқан кезде Сағынтаев пен Алматы СЭС-інің вируспен қалай күресіп жатқанын насихаттады.
Алматы әкімдігінен тендер алған басқа БАҚ:
- «Effective Media Liaison» ЖШС (Tengrinews порталы) 37,9 млн.теңге
- «Internet Portal Nur» ЖШС 37,4 млн.теңге
- «ТРК «31 арна» ЖШС 30 млн.теңге
- «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі" қоғамдық қоры 20,5 млн.теңге
- Qamshy Media ЖШС 15,6 млн.теңге
- «Компания «ЮрИнфо» ЖШС (Zakon.kz порталы) 13,8 млн.теңге
- «ИА «NewTimes.kz» ЖШС 13,5 млн.теңге
- «Инфополис» ЖШС («Информбюро» порталы) 9,9 млн.теңге
- «Рысбай-ЕЛ» ЖШС (Skifnews ) 8,5 млн.теңге
- Kazakhstan Today Media Group ЖШС (Kazakhstan Today) 7,8 млн.теңге
- «Издательство «Время» ЖШС 5 млн.теңге
- «АЙҚЫН-ЛИТЕР» ЖШС 4,9 млн.теңге
- «Қазақ газеттері» ЖШС 4,4 млн.теңге
- «Bugin Media» ЖШС (Bugin.kz) 3,5 млн.теңге
- «Baribar Media» ЖШС 2,8 млн.тенге.
Әкімдік пандемия басталғалы бері пропагандаға 3,5 миллиард теңге жұмсаған. Бұл ақшаға қанша отбасыға баспана алып беруге болатынын білесіз бе?
Алматыда жаңа тұрғын үйдегі аумағы 52 шаршы метр екі бөлмелі пәтер 25 млн, ал 85 шаршы метр пәтер 45 млн тұрады. Әкімдік пропагандаға жұмсаған 3 580 394 435 теңгеге 143 екібөлмелі немесе 79 үшбөлмелі пәтер алуға болады. Бүгінде Алматыда пәтер кезегінде 25 мыңнан астам адам тұр. Алайда әкімдік әлеуметтік мәселелерді шешу орнына миллиардтаған ақшаны өзіне қарасты және үкіметті мақтайтын ақпарат құралдарына беріп отыр».
Ресми мәлімет бойынша, Алматы қаласында осы уақытқа дейін тіркелген науқастардың 21%-ы немесе 5/1 бөлігі тек наурыз айында тіркелді. Коронавирус пен оның пневмониялық түрін қоса есептегенде, бір жылда 38 530 науқас есепке алынған. Оның 8015-сі осы айда анықталды. Қаланың «қызыл аймаққа» кіргеніне біршама уақыт өтсе де рекордық статистика жалғасып жатыр.
Бұған дейін зерттеушілер эпидемия ахуалы ушыққанына қарамастан астана әкімдігі 1,3 млрд теңге қаржыны пропогандаға, яғни әкімдік саясатын ақпараттық тұрғыда насихаттауға жұмсағаны туралы жариялаған.