Ресей, Қытай, Түркиямен қарым-қатынас, сондай-ақ пандемия мен климаттың өзгеруіне қарсы күрес Еуропалық одақ саммитінің басты тақырыбы болды. Онлайн форматтағы талқыға АҚШ президенті Джо Байден де қатысты. Бірақ, Ресейдегі «саяси қысымға» қарсы шаралар қолдану туралы стратегиялық пікірталас келесі саммитке ауыстырылды.
Жиында мәлімдеме жасаған Германия канцлері Ангела Меркельдің пікірінше, саммитке Байденнің қатысуы Еуроодақтың АҚШ-пен тығыз ынтымақтастығының бір дәлелі. Соңғы рет 2009 жылдың сәуірінде Ақ үй басшысы ретінде Барак Обама Еуроодақ саммитіне қатысқан. Джо Байден сол жылдары АҚШ вице-президенті қызметін атқарды.
Негізінен ЕО саммитінде Ресеймен қарым-қатынас туралы стратегиялық пікірталас өткізу жоспарланған болатын. Бірақ пандемияның үшінші толқыны белең алғандықтан, бұл тақырып кейінге қалдырылды. Бейнеконференция қарсаңында Мишель Владимир Путинге бір шарт қойды: егер Ресей Минск келісімдерін орындауда нәтиже көрсетсе, Батыс елдеріне қарсы гибридті және кибершабуылдарды тоқтатып, адам құқықтарын сақтау принципіне бағынса ғана Еуроодақ Ресейге қатысты ұстанымын өзгертеді.
Ал ақпанның басында ЕО-ның сыртқы саясат жөніндегі Жоғарғы өкілі Жозеп Боррел Мәскеуге сапарлай барды. Кейін Сыртқы істер министрлері ЕО Кеңесінің отырыстарында Ресеймен қарым-қатынасты жиі талқылай бастады. Еуроодақ өкілі бұл жөнінде: «Ресей ЕО-ға қарсы ұстанымды таңдағаны анық. Ресейде де, Шешенстанда да, одан тыс жерлерде де адам құқықтары күннен күнге тапталып жатыр. Ресей билігі бұл мәселелерді шешуге құлықсыз екенін көрсетті. Яғни Ресей авторитарлық мемлекет бағытын таңдап, Еуропадан алыстап бара жатыр. Еуропа бұдан қорытынды шығаруы керек», – деді.