АҚШ-тың Ресейге қатысты саяси ұстанымдары өзгереді. Бұл туралы Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джейн Псаки мәлімдеді.

Джейн Псаки ұсынған ресми мәлімдемеде: «Бұрынғы әкімшілікпен салыстырғанда Ресейге қатысты біздің ұстанымымыз өзгереді. Президент сұхбатында мұны айқын жеткізді. Арамызда туындаған мәселелер бойынша нақты жауап сұраймыз. Сонымен қатар бірлесіп жұмыс істей алатын салалар да бар. Бұған үлгі ретінде Стратегиялық шабуылдаушы қару-жарақ жөнінде жасаған жаңа келісімді келтіруге болады. Бірақ қарым-қатынасымыз өзгеше болады. Бізді алаңдатқан сауалдар жөнінде президент айтқандай, Ресей өз әрекеттері үшін жауапкершілікке тартылады», – делінген.

16 наурызда АҚШ Ұлттық барлау қызметі өткен жылғы президенттік сайлауға шетелдердің араласуы жөнінде баяндаманы жариялады. Оған сәйкес, Владимир Путин және Ресейдің бірқатар үкіметтік ұйымдары Джо Байденді әшкерелеп, сайлау үрдісіне қоғамның сенімін жоғалтпақ болған.

Барлау қызметінің баяндамасынан кейін 17 наурызда Джо Байден «АВС» телеарнасына берген сұхбатында «Владимир Путинді «баскесер/қанішер» деп есептейсіз бе?» деген сұраққа «Иә!» деп жауап берді. Сондай-ақ ол елдегі сайлауға араласқаны үшін Ресей басшылығын жазалайтынын ескертті.

Өз кезегінде Владимир Путин Байденді дебатқа шақырды.Мемлекеттік телеарналардың бірінде ол: «Не деп жауап берер едім? Сау болыңыз дер едім. Оған денсаулық тілеймін. Бұл әзіл емес. Екіншіден, осы тақырыпты кеңінен талқыласақ, әр халық пен мемлекеттің тарихында талай ауыр және қанды оқиғалар болған. Бірақ өзге адамдарды, тіпті халықтар мен мемлекеттерді бағалағанда айнаға қарағандай боламыз. Онда өзімізді көреміз. Білесіз бе, бала кезімді еске алдым. Аулада бір-бірімізбен дауласқанда, «мазақтаған адам өзі сондай» дейтін едік», – деп жауап берді.

АҚШ билігі бұл ұсынысқа әзірге жауап берген жоқ. Президент Әкімшілігі Ақ үй басшысының қолы бос емес екенін жеткізді. Ал 18 наурызда Ақ үй әкімшілігі Ресейдің өзге қимылы үшін санкциялар ауқымын кеңейтті. Алексей Навальныйды уландыру әрекеті үшін қару-жарақ экспорты мен импортына және қорғаныс мақсатында қолданылуы мүмкін технологиялармен бөлісуге тыйым салды.

"The Qazaq Times"