Сейсенбі күні азаматтық қоғам белсенділері Еуроодақтың Қазақстандағы өкілдігіне барып, мемлекеттік шенеуніктердің бірқатарына жекелей санкция салу жайлы арыз тапсырды.

Әлеуметтік желідегі парақщасында тікелей эфир жүргізген белсенділердің бірі Санавар Закирова көпшіліктің атынан Еуропарламенттің Қазақстандағы делегациясы ғимаратына қабылдауға кірді. 13 адамның атынан түсірілген арызда шенеуніктер «азаматтардың конституциялық құқығын, азаматтық және мүліктік құқықтарын дөрекі, негізсіз түрде бұзылғаны» айтылған.

Наразылар құқықтық-сот жүйесіндегі «әділетсіздіктер» жайлы айтып жүргеніне аз уақыт болмаған. Тіпті кейбірі «әділдік жолындағы күресі үшін жұмыстан заңсыз босатылғанына, қудаланғанына» қапалы. Олар осы уақытқа дейін Қазақстанның бас прокуратурасына, жоғарғы сотқа, президент әкімшілігіне талай мәрте «әділдік сұрап барса да ешқандай нәтиже болмаған». Ендігі жалғыз үміт Еуропарламент депутаттары мен олардың өткен айда қабылдаған «Қазақстандағы адам құқығы ахуалы жайлы қарары» деп санайды.

Талапкер тараптың арасында Алматы қалалық апелляциялық сот алқасының бұрынғы судьясы Күлпаш Өтемісова да бар. Ол өзін Азаттық радиосының тілшісіне «Қазақстандағы өзінің әділ шешімінің құрбаны болған алғашқы және жалғыз судьямын» деп таныстырды. Өтемісова арызда Алматы қалалық сотының бұрынғы төрағасы, қазіргі жоғарғы соттың азаматтық істер жөніндегі алқасының төрағасы, жоғары соттың бұрынғы төрағасы, қазіргі конституциялық кеңестің төрағасы, бұрынғы бас прокурордың аты қамтылғанын  жеткізді.

«Мен апелляциялық шешім шығарарда ірі өндіріс ошағын тартып алғысы келген биліктің жоғары истеблишментінің мүддесін көздеген өз басшыларымның заңсыз нұсқауына бағынбадым. Сол үшін 2013 жылы жоғарғы соттың резервінде тұрғанымда жазықсыз күйіп кеттім. Сондықтан әділдік іздеп сот жүйесінде істеген және істеп жатқан 18 адамның аты-жөнін жаздым», – деді экс-судья ақпарат құралына берген пікірінде.

Азаматтық белсенді Санавар Закирова «саяси себептен» бас бостандығынан айырылып, тәуелсіз партия құрмақ болғаны үшін негізсіз қудаланғанын айтады. Биліктің саяси ашық бәсекеден тартынатынына ашынған белсенді «Нұр Отан» партиясының жетекшісі мен лауазымды мүшелеріне санкция сұрап арызданғанын хабарлады.

«Нұр Отан» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев пен оның орынбасары Бауыржан Байбекті атадым. Оның үстіне жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов, ішкі істер министрі Ержан Тұрғымбаев та – «Нұр Отан» партиясы мүшесі. Олар партия мүддесін көздеп, маған қатысты заңсыз шешім қабылдады. Осы адамдар Қазақстандағы азаматтар құқығын бұзады, сондықтан мен «Нұр Отан» партиясының басшылығы мен оның бірқатар мүшелеріне санкция салуды сұрадым», – дейді Закирова Азаттыққа айтқан сөзінде.

Осыған дейін құқық қорғаушылар «саяси тұтқын» деп таныған Санавар Закирова былтыр түрмеге қамалып, жарты жылға жуық уақыттан кейін биыл 22 қаңтарда босап шыққан. Алматы қаласы Медеу аудандық соты оны «денсаулыққа қасақана зиян келтіру» бабы бойынша бостандығынан айырған.

11 ақпанда Еуропарламент «Қазақстандағы адам құқықтары жағдайы нашарлағаны туралы» қарар қабылдап, тіпті санкция қаупі жайлы бастама көтерген. 20 талаптан тұратын 12 беттік құжатқа қатысты Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров ҚазАқпарат агенттігіне берген сұхбатында қарарда «елдегі ахуал бұрмаланған» және «оны теріс ұстанымдағы саясаткерлер ұсынған» деп мәлімдеген еді. Сол тұста сыртқы істер министрлігін ашық дебатқа шақырған «Ар.Рух.Хақ» қоғамдық қорының президенті, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина санкция енгізілуі мүмкін  Ержан Тұрғымбаев бастаған төрт адамның кейсі әзірленіп жатқанын жеткізген.

"The Qazaq Times"