АҚШ үшін Қытаймен болған сауда қарым-қатынасынан көрі, Солтүстік Кореяның қауіпін азайту маңызды екені белгілі болды. Олай дейтініміз, Трамп АҚШ-Қытай қарым-қатынасында маңызды болып келген Америка сауда тапшылығын тудыратын Қытайдың сауда экономикалық саясатына кешіріммен қарады. Керісінше Қытайға жаңа сауда келісімдерде көптеген тиімділіктер жасайтынын айтты. Бірақ оның өтеміне Қытайдан Солтүстік Кореяны ортақ тізгіндеуді сұрап отыр.
Естеріңізде болса, барған сайын ұлғайған Солтүстік Кореядағы ядролық қауіптен тіксінген АҚШ үкіметі өткен аптада Корей түбегі маңына ірі әскери техникаларын аттандырған болатын. Трамп осыдан бұрын Солтүстік Корея ісінде Қытайды белсенді түрде сынға алып келді. Кешегі күні болған телефон арқылы сұхбаттасуда ол көбіне-көп Солтүстік Кореяның ең жоғары басшысы Ким Чен Ынды жазғырды. Ким Чен Ынның АҚШ армиясында тек қана авиаматка ғана емес, ядролық қарудың да бар екенін есіне берік сақтауын ескертті. Қытай басшысына Солтүстік Корея сынды елдерге әсте ядролық қару пайдалануға рұқсат бермеу керектігін де айтты.
Ең қызығы, аптаның сәрсенбі күні өткен екі ел басшысының телефонда сөйлескен мазмұны туралы екі елдің берген ақпараты екі түрлі. Қытай Сыртқы істер министрлігінің берген хабарында, Трамп пен Ши Жинпиң жоғары деңгейдегі дипломатиялық механизмін орнату арқылы, экономикалық ынтымақтастықтың «100 күндік жоспарын» жүзеге асыру туралы сөйлескенін айтады. Алайда, Қытайдың ресми баспасөздерінде де бұл туралы айтылмады. Соған қарағанда, екі ел басшылары әрбір іс-әрекеттерін байыппен басып, саяси арбасуға барып отырғаны айдан анық.
Дональд Трамп «The Wall Street Journal» басылымының журналисіне берген жауабында, оның Ресей президенті Владимир Путинмен әлі де таныстығының жоқ екенін, есесіне Қытай басшысы Ши Жинпиңмен алғашқы кездесуде татулық орнатып үлгіргенін айтқан. Сондай-ақ ол Қытай басшысына Солтүстік Корей мәселесін тізгіндеуге ат салысады деп үміттенетінін қайталай тапсырған екен. Сосын ол өзінің Қытай мен Солтүстік Корей арасындағы қарым-қатынас туралы нақты түсінікке Қытай басшысымен кездесуден кейін ғана ие болғанын айтты. Трамп: «Мен сонда барып Солтүстік Кореямен күресудің оңай болмайтынын түсіндім. Бұрын Қытайды Солтүстік Кореяға тікелей ықпал етіп отыр деп сеніп келген едім, шын мәнісінде нақты факт олай болмай шықты», – деп ағынан ақтарылыпты.
Қазір Қытай теңіз армия күштері Оңтүстік Қытай теңізінде әскери оқу-жаттығу тебінін барған сайын күшейтті. Теңіз армия қосынын Корей түбегіне қарай аттандырды. Оған қоса, Қытайдың 150 мың қарулы әскері Солтүстік Корей шекарасына жақындады. Қытайдың бұл әрекеті Солтүстік Кореяға көрсеткен қыры ма, әлде, АҚШ-тың Шығыс Азияға келген ауыр әскери техникаларына берген жауабы ма? – оны анық айту қиын. Бір анығы Солтүстік Корея мен Қытай арасында тығыз байланыс бар деп келген Трамптың ойы өзгеріп шыға келді.
“The Qazaq Times”