Қытай мен Үндістан шекара жанжалына байланысты мыңдаған әскерлерін таулы шекара аймақтарына орналастырып, шекаралық қақтығыс қаупінде тұрған болатын. Соңғы күндері таласты шекара маңындағы Қытай әскерлерінің санында өзгерістер болғаны туралы үндістандық ақпарат құралдары хабарлап жатыр. Қыстың қатты суығынан тараптар бір бөлім әскерлерін аймақтан шығаруға мәжбүр болған.  Соның өзінде екі тараптың шамамен 100 сарбазы әлі де таласты аймақта қалып отыр.

Үндінің Hindustan Times басылымы кеше (12 қаңтар) жоғары лауазымды шенеуніктерге сілтеме жасай отырып, Қытай тарабы даулы Ладах шекара аймағынан шамамен 10 мың әскерін шығарып кеткенін жазды. Аталған басылым хабарында, Қытай әскери күштерінің бұл әрекеті ауа-райының күрт өзгеруіне байланысты екені айтылған. Үндістан сарапшыларының пікірінше, қазіргі уақытта Ладах аймағын қосқанда таласты шекараларда тұрған үнді-қытай сарбаздарының жалпы саны 100 мың адам шамасында.

Үнді-қытай шекарасындағы әскери қозғалыстар Үндістан, Тайуан және Оңтүстік Шығыс Азия елдерінің ақпарат құралдарында жазылып, түрлі талдау мен сараптама жасалып жатыр. VOA агенттігі сарапшылардың сөзіне сілтеме беріп, Қытайдың 10 мың әскерін аймақтан шығаруы дағдарысты шешуге деген қадамы емес деп көрсетті. Себебі, Үндістан тарабы да бұдан ертерек осындай қадамдар жасаған. Айталық, суық ауа райына қарата алдынғы шептегі әсерлердің арнаулы резервін алып тастаған болатын.

Ладах аймағындағы Қытай мен Үндістанның әскери теке-тіресі 9 ай бойы жалғасып жатыр. Үндістан басылымдарының мәліметінше, Ладах таулы аймақтарында күндізгі ауа температурасы -10С° мен -16С°  арасында, түнде  -19 бен -26 С° арасында. Теңіз деңгейінен 5000 метр биік аймақта, сондай-ақ температура орта есеппен -30 цельсийде болатын ортада материалдық-техникалық жабдықтауы қиындықтарға тап болды.

Осыдан бұрын Үндістанның Мур атты отставкадағы генералы Indian Defence Review басылымына жариялаған мақаласында Үндістан бұған дейін аталған Ладах аймағында ешқашан мұншалық көп сандағы әскерді орналастырып көрмегенін, былайша айтқанда өңірдегі географиялық шартқа толық дайындығы жоқ екенін сынаған еді. Ол бұл қарсылық әрекеттері Үндістанның қысқы әскери резервіне ауыр салмақ салып жатқанын, тіршілік ету шарты төмен үстіртті өңірдегі әскерлерді орналастырудың болып көрмеген деңгейде қиындықтар алып келетінін ескерткен. Әрине, тап осындай қиыншылыққа Қытай тарабы да тап келіп жатқаны сөзсіз.

Қос тарап бұл қарсыласқан дағдарысты шешу үшін 8 мәрте әскери келіссөз өткізді, сегізінен де нәтиже шыққан жоқ. Алдағы кездесудің қашан өтетіні де анық емес. Ал, Үндістан Қорғаныс министрлігі өз қарулы күштерінің Ладах аймағында позициясын бекем сақтап тұратынын мәлімдеді. Бұл ұстанымдарын әйгілеу үшін Үндістан қарулы күштерінің жоғары әскери шенділері кезегімен қарулы қақтғыс қаупі сейілмеген Ладах аймағынан барып, жаунгерлерінің жағдайын біліп қайтып жүр. Осының өзі тараптар арасындағы қайшылықтың таяу арада шешім таппайтынын көрсетсе керек.

“The Qazaq Times”