Еуропа елдерінде коронавирус дерегі бойынша ахуал әртүрлі: кей елдер карантиндік шектеулерді жеңілдетіп, қалыпты өмірге көше бастаса, кей мемлекеттерде пандемияның үшінші толқыны басталып кетті.
Вирустың алдын алу үшін өткен дүйсенбіден бастап Чехияда мектептер мен дүкендер жабылды. Ауруханаларда орын аз болғандықтан, Чехия билігі науқастарды Польшаға жіберуге мәжбүр. Қазір бұл мемлекетте Еуропада вирус жұқтыру дерегі бойынша антирекорд орнаған – соңғы 14 күнде миллион адамға шаққанда 15 мың жағдай тіркелген. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, Ұлыбританияда бұл көрсеткіш миллион адамға 1440 жағдайды құрайды. Халықтың басым бөлігі коронавируспен ауырғандықтан, елде вакцинация жүргізу қажет емес деп санайтын иммунологтар бар. Себебі, Чехияда ұжымдық иммунитет қалыптасуға жақын.
Польшадағы ахуал да мәз емес. Осы аптада қарашадан бері алғаш рет ең жоғары көрсеткіш тіркелді – бір күнде 17 260 кейс анықталған. Ал Венгрияда жаңа жағдайлардың саны желтоқсандағы деректермен теңелді – күніне 6 мыңнан астам адам ауырады.
Мұндағы өлім-жітім деңгейі де жоғары. Венгрияның бас санитар дәрігері Сесилия Мюллер ахуалдың «өте ауыр» екенін айтты. Ал премьер-министр Виктор Орбан ауруханадағы науқастар саны 8 мыңнан 20 мыңға дейін өсуі мүмкін дейді. Венгрия Ресейдің «Спутник V» вакцинасын мақұлдаған ЕО-ның алғашқы елі болды. Қазірге дейін халықтың шамамен 10%-ы вакцина қабылдаған.
Словакияда да вирус дерегі артқан. Сейсенбіде елдің премьер-министрі Игорь Матович Еуроодаққа ресейлік вакцинаны мақұлдауды тездетуге шақырды. Кейіннен Словация үкіметі альянстағы көршілерге ескертусіз «Спутник V» вакцинасының екі миллион дозасын сатып алды.
Франция – бірінші толқын кезінде қатты зардап шеккен ел. Реанимациядағы пациенттердің саны әлі азайған жоқ. Сәрсенбіде тағы 264 адам қайтыс болды. Жағдай өте алаңдатарлық деген Франция билігі жаппай вакцинациялау арқылы вирустың алдын аламыз дейді. Вакцинация басталғалы мұнда 67 миллион халықтың тек 2 миллионы екпе қабылдаған.
Алғашқы толқын әлеуметтік, экономикалық жағдайына ауыр соққы болған Еуропаның тағы бір елі Испанияда вирус дерегі, керісінше, күрт төмендеді Қаңтардың соңында 100 мың адамға шаққанда 900-ге жуық жағдай тіркелді. Ал 10 наурызда 153 кейс анықталды.
Жақында Испанияда барлық денсаулық сақтау қызметкерлері: ауруханалардан емханаларға дейін, қарттар үйлерінен жедел жәрдем медбикелеріне дейін ереуілге шықты. Олар 35 сағаттық үзіліссіз жұмыстан шаршағанын айтып, биліктен дәрігерлердің жағдайын жақсартуды талап етті.
Италияда күн сайын тіркелетін жаңа инфекциялардың саны ақпаның ортасынан бастап өсе бастады. Қазір жалпы деректер саны 22 409 болды – бұл бір күн бұрынғы деректен 3 мыңға көп.
Пандемия басталғаннан бері мұнда 100 811 адам коронавирустан қайтыс болды. Сонымен қатар, Istat Ұлттық статистика басқармасы Италияда орташа өмір сүру ұзақтығының 2020 жылы шамамен бір жылға (82,3 жас) қысқарғанын хабарлады. 2019 жылы Италия осы көрсеткіш бойынша Еуропалық одақта бірінші орында болған.
Ұлыбританияда вирус қарқыны бәсеңдеп, оқушылар офлайн оқуға көше бастады. Ал Германия канцлері бұған дейін Ангела Меркель карантин режимін 28 наурызға дейін ұзартқан болатын. Қазір елде вирустың таралу қарқыны бәсеңдей бастаған. Осыған байланысты гүл дүкендері, сән салондары мен жаттығу залдары қайтадан ашылды.
Жаңа ережеге сай, 100 мың тұрғынға шаққанда науқастар саны 50 адамнан аспаған өңірлерде музейлер, галереялар, бақтар, кітап және гүл сататын дүкендер, сондай-ақ бау-бақша заттарына арналған базарлар ашылады. Тек тұтынушылар келетінін алдын ала ескертуі тиіс. Сонымен қатар, келесі аптадан бастап COVID-19 ушықпаған жағдайда театрлар, концерт, опера залдарына және кинотеатрларға баруға рұқсат берілмек.