Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайының жанында «Демпартия» жақтастарын арнайы жасақ қоршауға алды. Бұл жолы шеруде қарасы көбейген, ел «арандатушы» дейтін акцияның контр-қатысушылары Мамай бастаған топпен сөз қағыстырды. Тіпті арнадатушының бірі демпартиялықтарға күш көрсетіп, салдарынан екі адам зардап шекті. Ал митинг өтетін екінші орын ретінде белгіленген Орталық саябақ маңында ондаған адам ұсталды.
Прокуратура қызметкері жиналғандардан шерудің «заңсыз» екенін ескертіп, тарауын талап етті. Кемінде 60 адам үшшеңберлі кеттлингте тұрды. Орталық стадион аумағында әдеттегідей мобильді интернет жұмыс істемеді.
Жасақтың сыртынан бүркеніп, қара түсті көзілдірік таққан бір топ адам қолына мегафон ұстап тұрып сөз таластырды. «Назарбаев, кет!» деген наразыларға бұлар «Мамай – қарабет» деп айқайлады. Әдетте дәл осылай наразыларға қарымта беретін билікшіл спикерлер арасында жүретін Алматы мәслихатының нұротандық хатшысы Станислав Канкуров бұл жолы да акция ішінде жүрді.
Күштік құрылым өкілдерінің қарайған қалың құрсауында қалған наразылар жедел жәрдем шақыртуды талап етті. Фельдшер көмегіне жүгінуге мәжбүр болды. Наразылардың айтуынша, кеттлингтегі айқаста екі әйелдің қабырғасы сынған, тағы біреуі жарақат алған.
Билік халықаралық адам құқықтары жөніндегі ұйым мен Еуропарламент сынаған «кеттлинг» әдісін кейінгі үш айда осымен үшінші рет қолданылып отыр.
Бүгін түсте Алматыда Орталық мәдениет және демалыс саябағы маңайы мен Жібек жолы көшесінің бойынан 50 шақты адам ұсталды. Оқиға орнындағы журналистердің мәліметінше, автозакқа күштеп салынған азаматтардың Қазақстанда қызметіне тыйым салынған ҚДТ шақырған шеруге келгені немесе кездейсоқ өтіп бара жатқан жаяу жүргінші екені белгісіз. Ұсталғандар Алмалы және Жетісу т.б. аудандық полиция бөлімдеріне жеткізілді. Жағдай барысын камераға түсіріп жүрген кейбір адамның телефонын тартып алды.
Саябақ қақпасына апарар Гоголь көшесі мен қиып өтетін өзге көшелерде мобильді интернет бұғатталды. Панфилов паркі тұсында жеңіл көлік түгілі жаяу жүрген тұрғындардың митинг белгіленген тұсқа өткізбеді. Ел арасында «Горький саябағы» аталып кеткен орталық парк те, оған жеткізетін жолдар да жабық тұрды.
Ұстау кезінде арнайы жасақ және азаматтық формада киінген құзырлы орган өкілдері журналистерді қайта-қайта тексеріп, камера-фотоаппарат алдын көлегейлеп кедергі жасап бақты.
Осы жұмада оппозициялық ұйымдардың 28 ақпанға жоспарланған митингілері қарсаңында бас прокурордың орынбасары Болат Дембаев әдетінше шараны заңсыз деп атап, жұртты наразылыққа шықпауға шақырған.
Ол митингіге қатысатындар заңға сай жауапқа тартылатынын айтып, ескерту жасаған. Сонымен қатар, Алматы қаласы әкімдігі митинг орны ретінде жарияланған жерлердегі аялдамаларда дәл осы күні жөндеу жұмыстары болатынын, сол маңдарда қоғамдық көліктер жүрмейтінін хабарлаған.
Бұған дейін құқық қорғаушылар «саяси тұтқын» деп таныған, 2016 жылғы Жер митингісінен кейін бес жылға сотталып, биыл ақпанда қамаудан шыққан белсенді Макс Боқаев 28 ақпанда митингіге шығатынын мәлімдеген. Осыдан соң қуғындағы экс-банкир, оппозиция өкілі, сот қызметіне тыйым салған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының басшысы Мұхтар Әблязов пен «Демпартия» бастамашыл тобының жетекшісі Жанболат Мамай жұртты 28 ақпан митингіге шақырған. Екі топ та биліктен саяси тұтқындарды босатуды, баспана мәселесін шешуді, Еуропарламенттің Қазақстандағы адам құқығына қатысты қабылдаған қарарындағы талаптарды орындауды талап етуге үндейді.