Алматыда ақпан айында Қытайдағы туыстарының босатылуын, елге оралуын, құқықтарын қорғауды талап еткен азаматтардың наразылығы үдей түсті. Бірақ Қазақстан билігі Қытай елшілігін «мазалаған» азаматтарын ашықтан-ашық «қамай» бастады.
Соңғы рет екі жылдан бері Қытайдағы туыстарынан хабар ала алмай, жан сауға сұрап келе жатқан Марат Құрбановты 23 ақпан Қытай консулдығы алдына пикетке шыққаны үшін бейсенбі күні Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты 12 тәулікке қамаған. Сондай-ақ, сот наразылардың бірі, Қытай түрмесінде отырған бауырын босатуды талап еткен белсенді Байболат Күнболатұлын 10 тәулікке абақтыға жапқан.
Қытайда қысымға ұшырап не елге орала алмай отырған жақындарына араша сұрап жүрген азаматтардың Алматыда орналасқан Қытай консулдығы алдындағы наразылығын жіті бақылап келе жатқан Азаттық радиосының есебінше, акцияның өтіп жатқанына 19 күн болды.
Солардың бірі Фарида Қабылбек «бұл мәселе екі жақ арасында қаншама рет талқыланды, нәтиже жоқ, туыстарымыз түрмеден шықпайынша акцияны тоқтатпаймыз» дейді.
«Осы уақытқа дейін Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің артынан 4 жыл жүрдік. Арты - 4 жыл, алды - 17 жыл жүр. Шыдамымыз таусылды, енді біз өзіміз қарекет жасаймыз. Ана жерде біреулер «сендерді біреулер, «Атажұрт» жетелеп жүр"» дегенге келтіреді. Біз ол жерге жақындарымызды іздеп шығып тұрмыз. Ерігіп шығып тұрған жоқпыз», – дейді ашынған Фарида Қабылбек жұма күні Азаттық тілшісіне.
Қытайдың Шыңжаң аймағында қалған туыстарын іздеген қазақстандықтар бірнеше жылдан бері Қазақстанда жиын өткізіп, пикеттерге шығып, Қытайда қалған туыстарына араша сұрап келеді. Олар Қазақстан сыртқы істер министрлігінен «Қытайда қамалғандар – Бейжіңнің ішкі ісі, оған араласа алмаймыз» деген жауап алған. Ал Қытай консулдығы жауап бермеген.
Наразылардың кейбірі туыстарының Шыңжаңдағы «саяси қайта тәрбиелеу» лагерьлеріне қамалғанын айтса, кейбірі «негізсіз айыптармен» ұзақ жылға сотталғанын, бірі Қытай билігінің құжаттарын тартып алып, Қазақстанға жібермей жатқанын айтқан.
Қытайда «негізсіз айыптармен» қамалған немесе із-түзсіз жоғалған не Қазақстанға қарай өте алмай жүрген адамдардың туыстары ақпан айының басынан бері жақындарын босатуды талап етіп, Алматыдағы Қытай консулдығы алдында үздіксіз акция өткізіп келеді.
25 ақпанда ел астанасы мен Бейжің Қытайда қалған қазақтар мәселесін онлайн режимде талқылады. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ақпаратына қарағанда, консулдық консультациялардың 19-отырысына Қазақстан жағынан консулдық қызмет департаментінің директоры Бауыржан Ақатаев, ал Қытай жағынан консулдық департамент директоры Цуй Айминь және екі тараптың өзге де өкілдері қатысқан.
«Консультациялар барысында Қазақстан тарапы екі мемлекеттің ұлты қазақ азаматтарынан құралған отбасылардың қайта қосылу мәселелерін көтерді» делінген Қазақстан СІМ-нің қысқа хабарламасында.
Онда конференция барысында екі ел азаматтарының виза алуы, кіріп-шығу мәселелері де талқыланғаны жазылған.