Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 113 миллионға жетті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вирустың таралуы бәсеңдей бастағанын хабарлады. Соған қарамастан, өлім-жітім саны антирекордтық көрсеткішке жеткен Америкада төтенше жағдай режимі тағы бір жылға ұзартылды. Ал вакцинация жүргізіліп жатқан Еуропаның бірқатар елдері карантин шектеулерін жеңілдетпек.

Осы аптада Еурокомиссия Бельгия, Дания, Финляндия, Германия, Венгрия мен Швеция билігін шекарадағы бір жақты шектеулерді алып тастауды ұсынды. Бұл аймақтардағы карантиндік ережелер коронавирустың британдық штамы кең тарай бастаған соң енгізілген болатын. Енді Еурокомиссия өкілі Кристиан Виганд одақ елдері ішіндегі тауар тасымалы мен халықтың қозғалысына қолайлы жағдай жасау керек дейді.

ЮНЕСКО өкілдері 130-дан астам елдерінің тұрғындары, оның ішінде ең осал топтары COVID-19 вакцинасының алғашқы дозасын алмағанын айтып, дабыл қағып отыр. Сарапшылардың болжамынша, вакцинация жүргізілмеген жағдайда пандемияны жеңу қиынға соғуы мүмкін.

Бүгін Америка президенті Джо Байден пандемияның алдын алу мақсатында ТЖ режимін келесі жылға жейін ұзарту туралы құжатқа қол қойды. АҚШ-та ұлттық төтенше жағдай режимі былтыр 13 наурызда жарияланған. Байден мақұлдаған құжат 1 наурыздан бастап күшіне енеді. Әлемде өлім-жітім санының 18%-дан астамы Америкада тіркелген. 23 ақпанда Америкада коронавирустан қайтыс болған азаматтарды аза тұту күні боп жарияланды. Ел президенті Джо Байден тікелей эфирде: «Бүгін бізде өте қаралы, жанға батарлық кезең – 500 071 адам қайтыс болды. Пандемияның бір жылында ажал құшқан америкалықтар саны Бірінші дүниежүзілік соғысты, Екінші дүниежүзілік соғысты және Вьетнам соғысын қоса алғандағы санға қарағанда – көп», – деді.

Алдағы күндері Ұлыбританиядағы қатаң карантин біртіндеп жеңілдетіледі. Премьер-министр Борис Джонсон тиісті құжатқа қол қойды. Бұған дейін Ұлыбританияда қауіп тобындағы 15 миллионға жуық адам вакцина қабылдаған. Үкімет жаппай вакцинациялау вирус жұқтыру қаупін төмендетеді дейді. Бірақ, ғалымдар үкіметті шектеу шараларын алуға асықпауға шақырды. Карантин жеңілдетілген жағдайда, мектептер 8 наурыздан бастап ашылмақ. Сонымен қатар, сол күннен бастап екі үйдің екі адамына кездесуге рұқсат етіледі.

Ал Швеция үкіметі, керісінше, карантинді қатаңдатпақ. Жаңа ережеге сай мейрамхана, кафе, мен барлардың жұмыс істеу уақыты қысқартылады. Ірі сауда орындарындағы адам санына да шектеу қойылды. Халықтың маска тағуына да баса мән беріліп отыр. Сонымен қатар 2006 жылға дейін туған балалар үшін спорттық жарыстар уақытша ұйымдастырылмайды.

Былтыр COVID-19 пандемиясына байланысты еңбек нарығында қысқартылған жұмыс орындарының саны қаржы дағдарысы болған 2009 жылға қарағанда төрт есе көп. Ресми мәліметтер бойынша, жұмыс сағаты, яғни нақты атқарылған жұмыс 8,8%-ке қысқарған. Бұл 255 млн жұмыс орнының қысқарғанына тең.

Америка қауіпсіз, коронавирус ауруының алдын алатын және қайта егілуді қажет етпейтін Johnson & Johnson шығарған Covid-19 вакцинасын мақұлдауға дайын. Сарапшылардың пікірінше, жаңа вакцина Pfizer және Moderna препараттарына бюджеттік балама бола алады. Себебі олардан айырмашылығы – оны арнайы тоңазытқышта емес, қарапайым тоңазытқышта сақтауға болады. АҚШ, Оңтүстік Африка және Бразилиядағы алдын ала клиникалық зерттеулер көрсеткендей, жаңа вакцина 85%-дан астам ауыр жағдайлардың алдын алады. Бірақ коронавирустың орташа және жеңіл түрі үшін оның тиімділігі 66%-дан аспайды. Сонымен қатар сынаққа қатысқандардың ешбірі вакцинациядан кейінгі 28 күн ішінде қайтыс болмаған және ауруханаға түспеген.

"The Qazaq Times"