Постимпрессионист Ван Гогтың бұған дейін тек жеке коллекцияда сақталғандықтан көпшілік үшін беймәлім болған картинасы алғаш рет Парижде көрмеге қойылды.
«Монмартрдағы көше» деп аталатын картина 1887 жылы салынған. Содан бері аталған картинаға тек бір отбасы иелік еткен. Енді Ван Гогтың бұл туындысы осы аптадан бастап сатылымға шығарылды.
Сыншылар мен көпшілік үшін белгісіз болып келген картина Париж, Амстердам және Гонконгтағы «Sotheby ' s» аукцион үйінің бөлімшелерінде көрсетілмек. Аукцион 25 наурызда өтеді. Эсперттер картина бағасын 8 миллион еуроға бағалап отыр.
Винсент Виллем Ван Гог өзінің бар ғұмырында 930 картина, 1100 сурет және біршама нобайлар салған. Оның картиналары – ең жиі ұрланатын өнер туындыларының қатарында. 2013 жылы АҚШ-тың Федералды Тергеу Бюросы (ФБР) әлем бойынша мойындалған туындылардың аты шулы 10 ұрлығы тізімін жариялаған кезде, тізім ішіндегі ең қымбат екі картина осы Ван Гогтікі болатын: «Шевингендегі теңіз көрінісі» және «Ньюнендегі шіркеу». Бұлардың әрқайсысы $30 млн төңірегінде бағаланады. Бұл екі картина да 2002 жылы Амстердамдағы Винсент Ван Гог музейінен ұрланды. Күдікті ретінде екі ер адамның ұсталғаны белгілі, алайда олардың кінәсін дәлелдеу мүмкін болмады.
2013 жылы Египеттегі Мұхаммед Махмұд Халиль музейінен басшылықтың салғырттығынан Винсент Ван Гогтың «Көкнәр» картинасы ұрланды. Сарапшылардың бағалауынша бұл өнер туындысы $50 млн бағаланады.