Қазақстан елден ерек Мәжіліске жолдама алған партияның әрқайсына әр даусы үшін шақырылым бойы мемлекеттен қаражат төлейді. VII шақырылымның бюджеті 42 млрд теңге көлемінде. Саясаттанушы Санжар Боқаев фракция депутаттарының жалақысынан бөлек республика бюджетінен партияларға бөлінетін қомақты қаражаттың есебі сәт сайын жаңарып отыратын  www.parasites.kz сайтын іске қосты. Бұл туралы автор-сарапшының пікірін біліп көрдік.  

– Саясат ғылымы тұрғысынан келер болсақ, партиялар теория негізінде мемлекет не билікке тәуелді болмауы керек. Биліктің бір ғана партиясы болғаны жөн. Кез келген партияның басты мақсаты – билікке заңды түрде қол жеткізу екені белгілі. Өкініштісі, Қазақстанда билік партиясынан өзге ресми тіркеуден өткен ешбір партияда ондай мақсат жоқ. Нұр Отанның діттегені – билікті ұстап қалу болса, қалғаны айналасында жүрген «спутник» тәрізді, – дейді жоба авторы.

Оның айтуынша, «Саяси партиялар туралы» заңның 18-бабына («Саяси партияны қаржыландырудың көздерi және оның қаражатын пайдалану») сәйкес, Мәжіліске өткен партиялар республикалық бюджеттен қаражат алып отырады. Әр сайлаушының даусына ең төменгі жалақының 3% көлемінде қаржы бөлінеді, яғни 1275 теңге. Орталық сайлау комиссиясының қаулысы бойынша есептеледі. Заң кез келген партияны мемлекеттен алған қаржының есебін жариялауға міндеттейді.

Саясат ғылымдарының докторы Санжар Боқаев. Фото: сарапшы мұрағатынан

Осы баптың 5-ші тармағында «Саяси партияның жылдық қаржылық есебi жыл сайын республикалық баспасөз басылымдарында жариялануы қажет» делінген. Маманның пікірінше, заңның дәл осы тұсының іске келгенде солқылдақ.

«Соның өзінде Нұр Отан ғана сайтында атүсті-жалпылама ақпарат берген. Басқа екі партияның есебі ашық дереккөзде жарияланды дегенімен сілтемесі белгісіз. Жай күні ашықтық деп жалаң ұрандататын шенділер іске келгенде осылай тосырқайды. Аудан әкімшілігі бес тиынды мақсатсыз жаратса, сол үшін сот жегенін желкесінен шығарар еді. Ал бұларға келгенде заң бәріне бірдей принципі тиісінше жұмыс істемейтін сияқты», – дейді сасат ғылымдарының докторы.

Үш партияға бөлінетін 9 млрд қаржы Қазақстанның барлық жауынгерлерінің бір жылдық тамақтану бюджетіне тең. Бұл аударымнан тыс партия фракцияларының депутаттарына жалақы бөлек төленеді.

– Қазақстан ТМД және Орта Азия елдеріндегі саяси партияларды билік қаржыландыратын жалғыз мемлекет. Тіпті дамыған АҚШ-тың өзінде де мұндай жүйе жоқ. Біздің Мәжілістегі партиялар мүшелік жарнадан, демеушілерден, кәсіпкерлік қызметтен түскен кірістерден, одан өзге республика бюджетінен, фракция депутаттарының жалақысынан қорын ұдайы  байытып отырады, – деді.

        «Саяси партияның ақшасы мен өзге де мүлкi оның мүшелерi арасында бөлiнбейдi және бұл жарғылық мақсаттарға сай жұмсалуға тиiс.            Саяси партияның өз қаражатын қайырымдылық көмекке пайдалануына болады»

18-баптың 4-тармағы

          1. Соңғы сайлау қорытындылары бойынша Парламентінің Мәжілісінде өкілдік ететін саяси партияларға бюджет қаражаты жыл сайын бөлінеді.
          2. Саяси партиялардың қызметін қаржыландыруға бөлінетін бюджет қаражатының мөлшері республикалық бюджет туралы заңда айқындалады.
          3. Саяси партияларды қаржыландыру тәртібін Орталық сайлау комиссиясы айқындайды.
          4. Бюджет қаражатының жұмсалуын бақылау бюджет заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

18-1-бап. Саяси партияларға бөлінетін бюджет қаражаты

10 қаңтар күнгі сайлаудан кейін жұмысын бастаған VII шақырылымның бюджеті – 42 млрд теңге шамасында. Бұған дейін ұлттық валюта бүгінгіден едәуір құнды кезінде 2016 жылы ашылған VI шақырылым – 25 млрд, ал 2021 жылғы V шақырылым 14 млрд теңгеге белгіленген.

Сайт іске қосылғалы бері жоба авторына билік тарапынан ешқандай реакция болмаған.

«Талабым – саяси партияларды мемлекет қаражатынан асырауды тоқтату керек. Нығматуллинге хат жазып, саяси партиялар туралы заңдағы осы бапты алып тастау қажет. Осы үш шақырылымда саяси партиялар бәсекесі дамып кеткен жоқ. Халық қазынасынан қаржыландырылып келген партиялар халықтың көңілінен шығатындай жұмыс істей қойғаны шамалы. Кез келген саяси партия сайлау алды бағдарламасын халыққа жеткізіп, мүшелік жарнасы арқылы күн көруі керек» – дейді ол.

Сонымен қоса, Боқаев мұндай тәжірибе «тек он шақты елде барын» айтады.

– Бұл саяси партиялар институты шынайы дамыған Испания сияқты елде жұмыс істейтін механизм. Түптеп келгенде, саясаттану теориясында лидер партиядан өзге партиялардың биліктен қаржы алуы жүйеге теріс ықпал етеді, – деп толықтырады.

Заң қолданыла бастағалы бергі үш шақырылымға бөлінген қаражат 81 млрд теңге мөлшерінде деп топшылауға болады.

VІI шақырылым

10 қаңтарда өткен Парламент сайлауының қорытындысына сәйкес Мәжілістен орын алған партиялардың дауыс санын ең төменгі айлық жалақының 3%-ына (42 500 теңгеден 1275 теңге) көбейтеміз. Жалпы, Парламенттегі «үшемнің мемлекетік несібесі» ретінде жылына ел бюджетінен 8,4 млрд теңге (немесе 5 жыл ішінде 42 млрд теңге) бөлінетін болады. Сондағы есеп:

  • «Nur Otan» партиясы – 71,09% сайлаушы, яғни 5 148 074 дауыс х 1275 тг = 6 млрд 563 млн тг;
  • Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы – 10,95% сайлаушы, яғни 792 828 х 1275 тг = 1 млрд 10 млн тг;
  • Қазақстанның Халық партиясы – 9,10% сайлаушы, яғни 659019 х 1275 тг = 840 млн тг.

VI шақырылым

2016 жылғы 20 наурызда өткен сайлаудан кейін жылына 4,9 млрд теңге (немесе 5 жыл ішінде 25 млрд теңге) бөлінген:

  • «Нұр Отан» партиясы – 82,20% сайлаушы, яғни 6 183 757 дауыс х 685,77 тг = 4 млрд 240 млн тг;
  • Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы – 7,18% сайлаушы, яғни 540 406 дауыс х 685,77 тг = 370 млн тг;
  • Қазақстан Коммунистік Халық партиясы – 7,14% сайлаушы, яғни 537 123 дауыс х 685,77 тг = 368 млн тг.

V шақырылым

2012 жылғы 15 қаңтарда өткен бесінші шақырылған Мәжілісінің депутаттарын кезектен тыс сайлауының нәтижесі негізінде «саяси үшемге» төрт жыл бойы қаржы үлестірілген.  Жылына 3,4 млрд, ал шақырылым аяқталғанша шамамен 14 млрд теңге бюджет жұмсалған.

  • «Нұр Отан» партиясы – 80,99% сайлаушы, яғни 5 621 436 дауыс х 523,17 тг = 2 млрд 940 млн тг;
  • Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы – 7,47% сайлаушы, яғни 518 405 дауыс х 523,17 тг = 271 млн тг;
  • Қазақстан Коммунистік Халық партиясы – 7,19% сайлаушы, яғни 498 788 дауыс х 523,17 тг = 260 млн тг.

"The Qazaq Times"