2017 жылдың желтоқсан айында Qazaqtimes ақпараттық, қоғамдық-саяси порталының ақпарат айдынына қосылғанына бір жыл толды. Осыған орай сайтымыздың бас редакторы Қойшыбек Мүбарак «Жас Алаш» республикалық газетіне сұхбат берген еді. Сайтқа салуды жөн көрдік.
- Qazaqtimes сайтының құрылып, жұмыс істегеніне бір жыл толыпты. Сайт ашудағы әуелгі мақсат қандай еді? Оны сұрап отырғаным, қазір сайтты екінің бірі ашып, көшірме сайт көбейді ғой.
- Иә, біздің сайттың қазақ ақпарат әлемінде жұмыс істеп жатқанына да бір жылдан асты. Сайтты ашудағы негізгі мақсат бүгінгі сан алуан түрлі сапырылсқан ақпарат ағыны заманында ұлтқа, мемлекеттікке қызмет ететін халықтың ақпараттық және саяси санасын өсіретін сайт жасау болды. Әрі оны шамамыз келгенше жасап та жатырмыз. Қазір біздің халық әлемде болып жатқан дүниелерді негізінен орыс тілінен, әсіресе Ресей басылымдарынан алады ғой. Ал бұл дегеніміз біздің оқырман әлемді орыстың көзімен көреді деген сөз. Біз осы олқылықтың орнын толтыру үшін әлемде болып жатқан жаңалықтарды ағылшын, қытай, түрік, парсы тілдерінен тіке алып, қазақтың көзқарасымен қорытып, оқырманға ұсынатын сайт жасадық. Қазақ аудиториясынан бөлек, біз ағылшын тіліндегі яғни шетелдік аудиториямен де жұмыс істеуге тырысып жатырмыз. Біз әлем жұртшылығы Қазақстанды қазақтың көзқарасымен жазылған өзіне ыңғайлы ағылшын тілінде көріп, білгенін қаладық. Сол үшін қазақ тілімен қатарсайтқа ағылшын нұсқасын қостық.Бұнымыз жаман бастама емес сияқты. Оның нәтижесін алдағы бір-екі жылда міндетті түрде көретін боламыз. Оған ешқандай күмәніміз жоқ. Ал «жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай» қаптап кеткен көшірме сайттарға келетін болсақ, бұл жерде біреуге қарата бірнәрсе айту өте қиын. Себебі қазір әркім өз бетінше жан бағып жүр. Біреу көшіріп басады, біреу ұрлап басады, біреу жалаңаш әншімен рейтинг жинайды. Оларға «бұның дұрыс емес» деп айтудың өзі артық. Өз мамандығын, көзқарасын, мүддесін сатып рейтинг үшін, мемлекеттік тендер үшін жұмыс істеп отырған адамдардан жақсы дүние күтуге болмайды. Сол себептіде алдағы уақытта бұндай сайттар көбеймесе, азаймайды. Бір сөзбен айтқанда қазіргі қазақ сайттарының басым көпшілігі жартылай жалаңаш әншілерді жарнамалау арқылы Сайын немесе Сейфуллин көшесіндегі жеңгетайлардың қызметін атқарып жүр.
- Атауын қазақшаласақ, «Қазақтың уақыты» дегенге саяды. Тап қазіргі уақыт қазақтың ақпараттық уақыты ма?
- Қазақтың ақпараттық уақыты осыдан 27 жыл бұрын басталып кеткен. Отандық интернет басылымдарын қолдауды Тәуелсіздік алған жылдары бастау керек еді. Бірақ билік болсын, басқасы болсын сайттарға тиісті деңгейде көңіл бөлген жоқ. Соның салдарынан Қазақстан интернет журналистикасы Ресей немесе Украинамен салыстырғанда кенжелеп қалды. Бірақ бұл олқылықтың орнын бірнеше жылдан бері«Azattyq.org», «Abai.kz», «Ult.kz» сайттары шамасы келгенше толтыруда. Біз де міне бір жылдан бері аталмыш сайттардың қатарына қосылып жатырмыз. Жалпы әлем ақпараттық соғыс дәуірінде өмір сүріп жатқанын бұрыннан айтып жүрміз. Осы жаһандық ақпарат айдынындағы алпауыттарға жұтылып кетпес үшін өзіміздің отандық өнімдерді қалыптастырған дұрыс. Бұл соңғы жылдары әр түрлі кәсіпкерлердің, мемлекеттік ұйымдардың қолдауымен қалыптасып та жатыр. Бірақ бір өкініштісі қазіргі қазақ сайттарының деңгейі шоу бизнес, актер немесе әншінің ішіп-жегені мен өмірбаянын айтудан ары аспай отыр.
- Қазақ ақпарат кеңістігінде көптен бері жүрсіз. Журнал, газет шығардыңыз. Сайт жасаумен де айналыстыңыз. Тәжірбиеңізден алып айтқанда, біздің ақпарат кеңістігім қандай күйде? Не жетпейді? Нендей жақсылығы бар?
- Қазақстан ақпарат кеңістігі қандай күйде екенін жоғарыда қысқаша айтып кеттім. Оған алып қосарым жоқ. Ал «нендей жақсылығы бар?» дегенге келетін болсақ, кез келген дүниенің жақсы және жаман жағы болады ғой. Сол сияқты қазақинтернет журналистикасының да жақсы және жаман жағы бар. Жақсы жағы қазіргі оқырманда бұрынғыдай емес таңдау бар. Кез келген дүниені сараптауға, салыстыруға, керек болса бір сайт ұнамай қалса оны жауып тастап басқасын оқуға мүмкіндігі бар. Осыдан он жыл бұрын бұндай мүмкіндік жоқ болатын. Тіпті қазақ тілінде ақпарат беретін сайттардың өзі саусақпен санарлықтай еді. Қазір жағдай басқаша. Ал олардың сапасының сын көтермейтіндігін барикаданың «жаман» жақ беті деп қабылдау керек. Қазір ел ауызынан түспейтін «Сұм.кз», «Ұр.кз», «Қыр.кз» дегендердің барлығы сол барикаданың «жаман» жақ бетіндегі сайттар. Оқырманның біразы жаңағы алып-қашпа әңгімемен болмаса атып кетті, шауып кетті, басып кетті деген өздерінше “сенсациямен” болмаса әлде бір тұлғалардың немесе өнер жұлдыздарының жеке басының қызықтарын оқуға үйреніп қалған. Әлеуметтік желінің арасындағы айтылатын дүниелер сайттың бас тақырыбы болып тұратын жағдай көп. Осының бәрін реттеу керек. Бүгінгі халық бұрынғыдай не жазсаң соны оқитын деңгейден көтеріліп келеді. Сондықтан ең әуелі контентті дұрыстау керек. Барикаданың арғы жағындағы дүниелерді БАҚ бетіне әкелмеу керек.
Біз оларға баспасөз бетінде сын айту арқылы немесе бес-алтауымыз отырып алып жамандау арқылы қарсы тұра алмаймыз. «Идеологияға тек идеологиямен ғана қарсы тұру керек» дейді ғой. Сол сияқты арзан ақпаратқа салмақты сараптамамен, жақсы өніммен жауап беру керек.
- Сайттарыңыз контентті өзі өндіре ме?
- Бізде негізінен ғылыми тілмен айтқанда копирайт, сосын белгілі бір мөлшерде рерайт. Тақырыптардың қамтылу жағынан газеттің форматын ұстануға тырысамыз. Әлемдік картаның бөлінуіне қарай әр журналист өз тақырыбында ғана жазады. Мысалға Естай Божан АҚШ-Ресей, АҚШ-Қытай, Солтүстік және Оңтүстік Корея, Орта Шығыс, Қиыр Шығысты жазса, Есдәулет Қызырбекұлы Қазақстан және Орталық Азия елдері туралы, Маржан Нүсіпбек Қазақстанның және әлемнің экономикалық жаңалықтары туралы, Динара Тілеубек Таяу шығыспен Еуропа, Африка елдерінің қоғамдық саяси ақпараттарын жазады. Бір сөзбен айтқанда құрылғанымызға бір жыл болса да қолымыздан келгенше таза, шынайы, бейтарап ақпарат беруге тырысып келеміз.
- Негізі қандай аудиторияға негізделген?
- Сайтта қатып қалған қағида жоқ. Тек осы бір аудиториямен ғана жұмыс жасаймыз қалғаны керек емес деген. Қолымыздан келгенше жасты да, қартты да қызықтыратын материалдар жариялауға тырысып келеміз. Саясаттан бастап, әлемде болып жатқан ғылыми-техникалық жаңалықтарға дейін жазудамыз. Солардың ішінен әркім өзіне керегін алады деп ойлаймын.
- Сайттардың көбі әлеуметтік желілерде жол бермейді, олардың айқайлаған тақырыптарынан аяқ алып жүре алмайсыз. Бірақ Qazaqtimes-ты сол көптің ішінен көрмейміз, оқылым мәселесін сонда қалай реттеп отырсыздар?
- Иә, біз қырып кетті, жойып кетті, атып кетті, зорлап кетті деген сарындағы материалдарды мүлде жарияламаймыз. Бірақ одан жаман болып қалған жоқпыз. Ол тақырыптарды жазбай-ақ өмір сүруге болады екен. Барлығы ел айтқандай емес екен. Біз сайтты ашқан кезде ел-жұрт «шоу бизнес, әншілер мен бишілерді жазбасаң сайтыңды ешкім оқымайды» деген болатын. Бірақ уақыт көрсетті сайтқа оларсызда оқырман тартуға болатынын. Құдайға шүкір осы бір жылда «бақа-шаян» жазбай-ақ көштен қалмай келе жатырмыз. Әрине бізді «тендер астауының» маңында жүрген жүз мыңдаған оқырманы бар сайттармен салыстыруға келмес. Бірақ шама-шарқымыз келгенше оқырманға сапалы дүние ұсынуға тырысып келеміз.
Бізде де арнайы SMM маманы жұмыс істейді. Тақырыпты таудай қылып жазып ішінде тары да жоқ болып шығатын өзгелерге қарағанда барынша оқырманмен санасып оларға шынайы ақпарат беруге тырысамыз. Айлық, апталық, күндік көрілімді қадағалап соған қарай өзімізше жол қарастыруға тырысамыз.
- Ендігі жоспарларыңыз қандай?
- Алдағы уақытқа жоспар көп. Сайтымыздың ағылшын тіліндегі нұсқасын кеңейтіп, Қазақстан мен Орталық Азия жаңалықтарын өзге елдерге қазақтың көзқарасымен берсек дейміз. Бұдан бөлек сұхбат, ақпарат, жаңалықтардың видео нұсқасын қосуды жоспарлап отырмыз. Сөзбен айтқанға барлығы жеңіл ғой. Құр сөзбен тауды да, тасты да қопаруға болады. Бірақ біздікі «арық сөйлеп семіз шықтың» қамы. Қолымыздан не келетінін уақыт көрсетер. Біздегі жаңалықты, жоспарды бұйырса алдағы уақытта сайтымыздан көресіздер. Оған дейін асығыс дүние айтудан аулақпыз.
Cұхбаттасқан, Өміржан Әбдіхалықұлы
«Жас Алаш», 18 қаңтар, 2018 жыл (№4)