Ақпарат беттерінде Назарбаевтар әулетінің нағашы-жиенді екі бірдей танымал мүшесі алпауыт компаниялардың үлескері екені хабарланды.
Генералдан олигархқа айналған нағашы
Азаттық радиосының зерттеу мақаласына қарағанда, Люксембургте тіркелген оффшорлық компаниялардың құжаттары жарияланған LBR реестрінен Қазақстандағы байланыс саласының монополисі «Қазақтелекомның» 24,46% акциясына ие Skyline Investment Company S.A. компаниясының жалғыз құрылтайшысы – президенттіктен кетсе де саяси ықпалын сақтап отырған Назарбаевтың немере інісімен аттас Қайрат Сатыбалдыұлы екен.
«Оффшорлық компанияның жарғылық капиталы мен басқа да есептеріндегі қаржысы теңгемен көрсетілген. Компания өкілдері «оффшорлық компания табысы, шығысы мен мүлкі толық көрсетілетін есеп бермеуге құқылы» деген Люксембург заңына сілтеп, қаржылай есебін толық жарияламайды», – деп жазады ақпарат құралы.
Люксембург билігі ұзақ жылдар бойы елдегі оффшорлық компания деректерін құпия сақтап келген, кейінгі жылдары Еуроодақ шарты аясында барлық ақпаратты жариялауға көшкен. 2018 жылдың қаржы есебі бойынша, компанияның жалпы активі – 87 млрд теңгеден , яғни (сол кездегі курспен) 266 млн АҚШ доллардан асады. Шығыны «21 млн теңге» деп көрсетіледі. Skyline Investment Company S.A. Люксембургтегі кішкентай үйлерге тіркеледі. Мысалы, былтырғы жазға дейін компания д'Эхтернах көшесіндегі мекенжайда, қазір көп қабатты үйде тіркелген.
Компания таза табысының 5%-ын салық есебінде Люксембургке төлейді. Қазақстан ресми дерекқорында офшорлық компания мәліметі көрсетілмейді.
Оффшорлық мәлімет жарияланбастан бұрын да Назарбаевтың інісі Сатыбалдының ұлы – Қайраттың ең ірі байланыс операторына қатысы бары белгілі еді. 2016 жылы кәсіпкер Alatau Capital Invest компаниясы арқылы «Қазақтелеком» компаниясының 3,4% акциясын сатып алған. Белгілі компания үлескері салық ретінде бюджетке 2019 жылы – 172 мың теңге, 2020 жылы небәрі 11 теңге төлеген. 2018 жылғы сол кездегі премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың мақұлдауымен оффшорлық компанияға өткен «Қазақтелеком» акциясының ширек үлесін сатып не тегін алғаны нақты емес.
Алдыңғы жылғы дерек бойынша, табысы 65,3 млрд теңгеден асатын «Қазақтелекомның» 51% акциясына «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры, 24,46%-ы Қайрат Сатыбалдыға және 9,58%-ы BNY Mellon компаниясына, қалғаны өзге бірнеше үлескерге тиесілі.
Қайрат Сатыбалдыұлы Forbes Kazakhstan журналының есебінде 163 миллион долларға бағаланған дәулетімен Қазақстандағы ең ықпалды 50 бизнесмен қатарында тұр. Әр жылдары ҰҚК, басқа да мемлекеттік құрылымдарда түрлі лауазымда (әкім орынбасары, партия хатшысы т.б.), белгілі операторларда басшылықта қызмет еткен, қазір де бірнеше компанияның қожайыны.
Елді 30 жылдай билеген экс-президент туысы Сатыбалдыұлының есімі былтыр күзде Тергеуші журналистердің халықаралық консорциумының (ICIJ) зерттеуінде аталған. 2013-2020 жылдары Қазақстаннан 130 млрд АҚШ долларынан (қазіргі бағаммен 53 трлн 950 млрд теңге – QT) астам қаражат сыртқа шығарылған. Malim-нің хабарлауынша, Банк жүйесі арқылы мол қаражатты жымқыру ісі бойынша зерттеуде Болат Өтемұратов, Болат Назарбаев, Дариға Назарбаева, Қайрат Сатыбалды, Тимур Құлыбаев, Владимир Ким, Мұхтар Әблязов та бар екені айтылған.
Жиеннің несібесі...
Сатыбалдыұлынан өзге (әпкесі Дариға Назарбаевадан туған – QT) аталас жиені Нұрәли Әлиевтің (тағы бір құрылтайшысы бар – QT) компаниясына «Транстелеком» АҚ-ның 75% акциясы берілгені белгілі болды. Акция иемденген нағашы-жиендердің екеуі де кезінде астана әкімінің орынбасары «мектебінен» өткен.
Қазақстан премьер-министрінің қаулысына сай, Unit Telecom компаниясы үлкен олжаға кенелген. Сондай-ақ, Kaztag агенттігі Kompra сервисіне сілтей отырып 2021 жылғы 9 ақпандағы мәлімет бойынша, Unit Telecom компаниясының қос құрылтайшылары Дмитрий Покупателев пен Нұрәли Әлиев екенін хабарлады.
Нұрәли Әлиев – Қазақстанның экс-президенті Назарбаевтың жиені, мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева мен Вена түрмесінде қайтыс болған Рахат Әлиевтің үлкен ұлы.
Ашық ақпараттарға қарағанда, Нұрәли Әлиев 2013-2014 жылдары Қазақстандағы ең ірі байланыс операторларының бірі «Транстелеком» басқарма төрағасы, 2016 жылы директорлар кеңесінің төрағасы (49% акция Марлен Мұқановқа өткен) ретінде тағайындалған. Ал 2014-2016 жылы астана әкімінің орынбасары болған.
2021 жылғы соңғы ақпарат бойынша, 174 млрд теңге активке ие «Транстелеком» компаниясы акциясының 75%-ы Марлен Мұқановқа (Нұрәли Әлиевтің сенімді адамы саналады), 25%-ы «Қазақстан темір жолы» АҚ-ға тиесілі.
Forbes.kz дерегінше, 35 жастағы Нұрәли Әлиев Capital Holding инвестициялық холдингіне, Nd Capital венчурлық қорына иелік етеді. Байлығы – шамамен 269 млн АҚШ доллары.
Кейінгі уақытта Нұрәли Әлиев халықаралық басылымдарда жиі аталады. Азаттықтың жазуынша, алдыңғы жылдары Ұлыбританияның қылмыспен күрес жөніндегі агенттігі Нұрәли Әлиев пен оның анасы Дариға Назарбаеваға тиесілі деген екі зәулім үйді және қымбат пәтерді бұғаттап тастаған. Назарбаева мен Әлиев Лондон сотына жүгініп, сот бұғаттау шешімінің күшін жойған.