2 ақпан коронавирус жұққан 1228 адам, ал 1 ақпан коронавирус пневмониясына шалдыққан 107 адам тіркелді. Қазір елде 28 мыңға жуық адам (U07.1 немесе КВИ+ бойынша 16 695, U07.2 немесе КВИ- бойынша 11 205) ауырып жатыр. 

#U07.1 Коронавирус ПТР тесті арқылы табылған жаңа кейстердің ең көбі – Павлодар (235), Ақмола (170), астана (130), Алматы қаласы (113), Атырау (89), БҚО (85), Қостанай (84) облыстарында. Өткен тәулікте 1136 адам ауруынан айғып шығып үйіне жіберілген, сондай-ақ 6 адам өмірден өткен.

#U07.2  Апта басы дүйсенбі күні, яғни ақпанның 1-і коронавирус пневмониясына жататын 107 науқас және бір өлім жағдайы тіркелген. Пневмония анықталған науқстардың ең көбі – Жамбыл (19), ШҚО мен Ақмола (әрқайсында 13), Шымкент (11), Қостанай (9) өңірлеріне тиесілі. Ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін пневмониядан айыққандар саны 201-ге артты.

#Жалпы  Екінші толқындағы күнделікті көрсеткіш құбылмалы. Қаңтар айының ортасынан бері тәулігіне ұдайы мыңнан кем емес жағдай анықталуда. Мәселен, дүйсенбіде коронавирус пен осыған ұқсас пневмонияны қоса есептегенде 1268 науқас анықталған.

ДенМин-нің ресми мәліметінше, емделіп жатқан 27 900 науқастың 5788-і ауруханада, 22 112-сі амбулаторлық бақылауда. Ахуалы нашар 310 науқастың жағдайы ауыр, тағы 57 адамның хәлі өте ауыр. 52 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.

Ақпарат министрлігінің coronavirus2020.kz сайты мен Денсаулық сақтау министрлігінің медиа ресурстарында жарияланған деректер бірнеше айдан бері қате беріліп келгені жайлы материалдар жариялап, ақпарат құралдарына ескерткенбіз. 26 желтоқсаннан бастап министрлік кемшілігін мойындап, ресми хабарламаның формасын өгертті. Статистиканың пневмонияға қатысты мерзімін көрсетіп жариялауға көшті.

(!) Пандемия модераторы министрлік тек сенбі-жексенбіде ғана емес, мереке күндері де статистиканы толықтай жүргізуге қауқарсыз. Мәселен, желтоқсан айының 1, 16, 17, 18-і және 19-ына, 1-4, 7 қаңтарға тиесілі деректер еселеп кеміген. Күздің ортасында сол кездегі ДенМин-нің ресми-ерікті өкілі Бағдат Қожахметов екінші толқында демалыс күніне қарамастан статистиканы толық көлемде жүргізуге уәде берген еді. Бірақ іс жүзінде олай болмай шықты. 

The Qazaq Times редакциясы төмендегі кестені ресми мәліметтің реттелген нұсқасы деп санайды.

Осы қыстың басында бас мемлекеттік санитар-дәрігер Ерлан Қиясов Қазақстанда кезекті толқынының шарықтау кезеңі қаңтар-ақпан айларына, ал министр Алексей Цой наурыз айының соңына қарай тұспа-тұс келетінін мәлімдеген.

13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 190 мыңнан асса, 1 тамыздан бергі коронавирус пневмониясы 48 мыңға жуықтаған. ДДСҰ мәліметінше, Қазақстанда ауырғандардың саны 236 мыңға, ал Ұлттық статистикада 238 мыңға жеткен. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді. Осы уақытқа дейін КВИ+ диагнозы бойынша жаңа анықталған науқастар аймақтардағы көрсеткіші күнделікті, ал КВИ- дерегі тек жиынтық мәнде беріліп келген. QT бірнеше ай бойы министрлікке осы мәселені көтеріп, ондаған сұрау жолдаған. Бүгіннен бастап қана коронавирус пневмониясының күн сайынғы аймақтардағы есебі таратылып жариялануға көшті.

КВИ- немесе коронавирус пневмониясының аймақтардағы тәуліктік көрсеткіші алғаш жариялана бастады. Фото: ҚР ДСМ

Әзірге вирус таралу қатері жағынан Ақмола, СҚО, Павлодар облыстары – қызыл; Атырау, ШҚО, БҚО, Қарағанды, Қостанай облыстары мен астана – сары аймақта тұр.

Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардың 4054-і (КВИ+ / U07.1 – 2565, КВИ- / U07.2 – 571, ілеспе аурулардан – 938) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінген 938  адамды жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.

Қоғамда былтырғы 256 мың пневмония жағдайын есепке қоспай, жалпы статистиканы «маусым-шілде қырғынан» кейін жүргізе бастаған Үкіметтің есебіне күмәнмен қарайтындар көбейген.

Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Worldometers дерекқоры және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 49-шы орында тұр.

"The Qazaq Times"