Белгілі анестезиолог-реаниматолог дәрігер Ғабит Нұрханұлы сейсенбі күні түсте Facebook желісіндегі жеке парақшасында жұмыстан негізсіз босатылғанын және модульді ауруханадағы «кадр саясаты» туралы шағым-жазба жариялады.
Пандемия өршігелі бері қадірі артқан медицина қызметкерлерінің арасында қоғамға ашық, ақпараттандыруға атсалысып жүрген реанимотолог дәрігер Ғабит Нұрханұлы астанадағы Қалалық жұқпалы аурулар орталығының басшылығы «ұлтараздық» тудыратын тәртіп енгізгенін және жөнсіз кадр ауыстырып жатқанын айтады. Көктемгі карантин кезінде қысқа мерзімде миллиардтаған қаржыға салынған 200 орындық модульді аурухана – Қалалық жұқпалы аурулар орталығы Көпбейінді орталық ауруханаға бағынысты мекеме.
Бөлім бастығынан «сені графигке қоймаймыз, енді бізде жұмыс істемейсің» дегенді естіген дәрігерге бұл шешімді әкімшілік қабылдағаны айтылған.
Оның сөзінше, Виталий Калинаның «естіртуі» былай өрбіген:
Дәрігер: – Себеп бар ма ? Жұмыстан ескертпе не басқа қателіктер болды ма ?
Басшы орынбасары: – Себеп жоқ, біз солай шештік. Ротация жасаймыз.
Дәрігер: – Бұрын осылай ротация жасап қайтып келген адам бар ма ?
Басшы орынбасары: – Жоқ.
Дәрігер: – Қандай принциппен ротация жасалды? Стажға қарап, категорияға қарап? Неге нақты мен? Еңбек туралы заңда ротация түсінік бар ма ? Қандай нұсқаулықпен ротация жасалады? Жалпы ротация дегеніміз орын ауыстыру, маған тура осындай жұмыс тауып бересіз бе ?
Басшы орынбасары: – Сенің жұмыс істегеніңе біраз болды.
Дәрігер: – Менің жұмыс істегеніме 5 ай болды, мұнда 7-8 ай істеп жүргендер, жұмыс өтілі менен де аз қызметкерлер бар.
Басшы орынбасары: – ???
Дәрігер: – Неге ең болмаса бір апта бұрын айтпайсыздар, мен басқа жұмыс іздейтін, қазір ай аяқталып, жаңа ай басталды. Көбісі график қойып қойды, жұмысқа ешкім алмайды.
Басшы орынбасары: – Қазір дәрігерлер жетіспейді, жұмыс тауып аларсың.
Әкімшілік өкілдері Татьяна Цечоева мен оның орынбасары Виталий Калинамен осыған дейін де әріптес болғанын жазған Нұрханұлы бастығын «бұрыннан ұлтшылдығымен белгілі» деп сипаттайды. Ол ауруханада «болған» делінген үш мәселені былай жіктей жеткізді:
«Оларға ұнамау себебім – 70-80% қазақтар, бәрі орысша есеп береді. Сосын мен алдымен қазақша, артынан орысша есеп беріп жүрдім, менен кейін тағы бір-екі дәрігер қазақша бере бастады. Т. Цечоева бір күні маған қазақша есеп беруге тыйым салып тастады. Содан оған жау бола бастадым.
Мен қыркүйекте келсем, ол қазан айында бізге басшы болып келді. Ол келісімен өзінің командасымен келіп барлық жерге өз адамдарын қойып, бәрімізді қысқартып, қыса бастады. В. Калина институтты кеше бітірген жігіт, Цечоеваға туысқан болып келеді, өкпе-жүрек қан-тамыр ауруларын емдеуде, басшылық қызметте ешқандай тәжірибесі жоқ, жүрген жерінде соны көтермелеп жүреді. Соны бас дәрігердің орынбасары қылып тағайындады, Калина 2018 жылы Қазақстаннан Ресейге көшіп кетпек болып құжат тапсырып, дипломы жарамаған соң амал жоқ қалған. Екеуі жабылып мені қыса бастады.
Қабылдау бөлімінде көп жылдар пульмонолог-инфекционист болып жұмыс істеген қазақ қыздарды жылатып жүріп жұмыстан шығартып, орнына Калинанын әйеліне инфекционист деген құжат жасатып отырғызып қойды. Реанимацияның аға медбикесімен бірігіп медбикелерді ауыстыра бастады. «Кезектен тыс аттестация» дегенді ойлап тауып , өтпегендерді жұмыстан босатып отырды. Заң бойынша емдеу мекемесінің аттестация өткізуге құқығы жоқ. Оған арнайы мекеменің аттестациядан өткен мамандары ғана, яғни медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау орталығының ғана құзыры бар. Олар Астананың ортасында отырып кадрлық коррупцияның орталығы болып саналатын Шымкенттен асып түсетін схема ойлап тауып, ойларын жүзеге асырып отыр.
Бұлар жұмысқа қабылданғанда «уақытша» деп жаздырып алып барлығына «біз сендерді жұмысқа уақытша алғанбыз, енді керек емессің» деп, аурухананы әкелері салып бергендей, ұнамаған адамдарын себепсіз жұмыстан шығарып басқарып отыр. Иә, ол жерде «уақытша» термин бар. Бірақ ол «уақытша» тек аурухана қызметіне байланысты екенін, яғни коронавирус бітіп аурухана жұмысы тоқтағанға дейін. Ал олардың басқа уақытта аурухана Қазақстанның барлық заңына бағынатында жұмысы жоқ. Жау жағадан алғанда бөрі етектен тартады демекші корановируске қарсы күресте медқызметкерлерге бөлінген қаржыны барынша өз таныстарына таратумен айналысып жатыр. Жалпы әділдік жоқ екен. Менің орныма орыс жігітін алыпты. Енді жұмыс табылса, басқа қалада болармын, табылмаса шетелге кетермін», – дейді дәрігер.
13 жылдық еңбек өтілі бар, бірінші дәрежелі дәрігер Ғабит Нұрханұлымен QT редакциясы тілдесіп көрді.
– Маған дейін де бірнеше маманды осылайша не түсіндірмейді, не себепсіз жұмыстан босатқан. Бізге қатысы жоқ қой деп үндемей жүретінмін, енді бізге де істеді. …Қазір іріктеу жүріп жатыр. Бұрын жалпы жалақы кезінде мұндай мәселе болмаушы еді, ал бұл қазір қосымша үстемақы берілетін тұста жүріп жатыр. Татьяна Цечоева Теміржол ауруханасында жүргенде де орысшаға бұра тартушы еді. Сонысын осында енгізіп жатыр. Дәрігерлерді жөн-жосықсыз орнынан босатып жатыр. Күзде бөлім меңгерушісі етіп не басқаруды білмейтін, не білімі жоқ өз адамын қойған. Бұған біз қарсы шыққаннан кейін адамдарын алып тастаған. Бірақ кейін Виталий Калинаны қайтадан тағайындады. Содан бері ештеңеден именбей оңды-солды әрекет етіп келеді, – деп шағынды.
Пандемия өршіген жаздыгүні Теміржол ауруханасының провизорлық орталығында реаниматолог науқастарды емдеген. Онлайн, телеарналарда кеңес берген. Жаңа жұмыс орнындағы жарты жылға жетер-жетпес уақытта 50-60 шақты науқасты емдеп-жазған дәрігер осы күнге дейін қызмет атқарысына байланысты ешқандай ескерту алмағанын айтады.
Жазба жайлы екінші тарап иммунолог-инфекционист Татьяна Цечоеваның пікірін білуге хабарластық. Орталық жетекшісінің айтуына қарағанда, реанимация бөлімінің қызметкері ротацияға жіберілуі «қалыпты жайт».
– Оны ешкім орнынан босатып жатқан жоқ. Ол басқа реанимация дәрігерлері тәрізді ротацияға кетуі тиіс. Коронавирус госпиталінде жұмыс істейтін адам ұзақ жұмыс істей алмайды. Қызыл аймақта көп жүрген маманға ротация немесе бір ай демалуы керек. Кейінен жұмысқа кірісе алады. Мұны кез келген кәсіби кадр біледі. Оның (дәрігер Ғабит Нұрханұлы – QT) бұл туралы айтқаны жалған, өтірік. Бұл кәсібилікке жатпайды, – дейді медицина ғылымдарының кандидаты.
Екінші сұрақ мемлекеттік тілге қатысты көзқарасын сұрағанда Цечоева шамырқана «Шындық емес. Мен өзім басқарманың жиынында есепті қазақша беремін. Ол есепті маған емес, бөлім басшысына береді, – деп қысқа қайырып, тұтқаны тастай салды. Жылдар бойы әртүрлі лауазымда басшылық қызметте жүрген Татьяна Цечоева былтыр күзде билік партиясының праймериз саяси науқанына қатысқан және президент Тоқаевтың жарлығымен «Құрмет» орденін алған.
Астананың Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі өкілі Айгерім Ардаққызы «шағым түріндегі жазба» бойынша басқарма тарапынан аталған аурухана қарайтын Көпбейінді орталық басшылығына болған жайтты анықтау мақсатында қызметтік тескеріс жүргізу жүктелгенін жеткізді.
«Ротациямен босату» туралы жайлы әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын тудырды. Жазба жарияланған бойда алғашқы сағаттарда-ақ көзіқарақты желі қолданушылары Денсаулық сақтау министрлігі, Антикор, Еңбек инспекциясы сияқты бірқатар құзырлы органдарды белгілеп, 70 мәрте бөлісіп, жүздеген пікір қалдырған. Министрліктен хабарласқандар болған-болмағаны туралы сұрағанымызда дәрігер «Маған хабарласпады, қажеті де жоқ. Бар болғаны кім не істеп жатқанын ел білсін деген оймен жаздым» деді.
Тәжірибелі дәрігердің жұмыстан босатылуының нақты себебі қандай; басшылықтың кадрлық ауыс-түйісті бизнеске айналдырғаны қаншалықты рас; Татьяна Александровна мен орынбасары, жұбайының арасында туыстық байланыс бар-жоғы; «кезектен тыс аттестацияның» заңдылығы туралы сұрақтар әзірге басы ашық күйде қалып отыр. Редакция министрлік пен басқармаға сұрау жолдады. Қосымша ақпарат ұсынылатын болады.
Елде қызметтен негізсіз шеттетілдім деген жоғары санатты реаниматолог Ғабит Нұрханұлы Халықаралық қазақ-түрік университетінде білім алған, Германияда доктор-ассистент ретінде оқу-тәжірибесін арттырған. Үнемі пікірін бөлісетін, көзқарасын өткір болса да ашық білдіретін дәрігер енді шетелге кету жоспарында барын айтады.